Абзал Әжғалиев: барлық қазақстандықты қуантқым келген еді

19.02.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Шорт-тректен ұлттық құрама спортшысы Абзал Әжғалиев бәсекеден кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, жарыс нәтижесі туралы пікір білдірді.

— Барымды салдым. Бәсекелестік өте жоғары болды. Алдымдағы нидерландтық спортшы өте жылдам жүгірді, озуға мүмкіндік бермеді. Екінші орындағы позицияны қорғағым келді. Бірақ италиялық спортшының жылдамдығы тез болды, әрі мен күткендей оң жағымнан емес, сол жағымнан озуға тырысты. Төрешілер ол спортшыға пенальти береді деп күттім. Өкінішке қарай, олай болмады, — деді Абзал.

Спортшы келесі кезеңге өткен Денис Никишаға сәттілік тілеп, барлық қазақстандықтан кешірім сұрады.

— Иә, осы уақытта көптеген қазақстандық ұйқтамай, медальдан үміт күтіп отырды. Бұл менің төртінші Олимпиадам, әр Олимпиадаға медаль алу үшін келемін. Өкінішке қарай, қолымнан келмеді. Барлық отандасымнан кешірім сұраймын, — деді ол.

Абзал Әжғалиев Қазақстанда қысқы спортқа қызығушылық артып келе жатқанын, сонымен қатар елімізде шорт-тректің дамуына өз үлесін қосқанын айтты.

— Қазақстандықтардың қолдауы бұрынғыдан артық сезілді. Көптеген телекөрермен және әлеуметтік желідегі қолдаулар керемет болды. Елімізде қысқы спортқа қызығушылық артып келеді. Өзімді осы спорттың дамуына үлес қостым деп санаймын. Халқаралық жарыстарға қатысып, еңбек еттім. Жас бүлдіршіндердің қысқы спортқа келгенін көргенімде, еңбегім бекер кетпеді деп ойлаймын, — деді спортшы.

Айта кетейік, қазақстандық спортшы Денис Никиша Италияда өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарының жартылай финалына жолдама алды.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Аяна Жолдас фристайл-акробатикадан жекелей сында жарыс жолын аяқтады.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью