Абзал Құспан: Сайлаудың сапасы партиялардың кадрлық әлеуетіне байланысты болады

08.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Құрылтай институтының құрылуы заң шығару жүйесін жетілдірумен қатар, саяси бәсекені күшейтіп, партиялардың жауапкершілігін одан әрі арттырып отыр. Осыған байланысты сайлау науқаны қарсаңында партиялардың кандидаттар тізімін қалыптастыруы мен жаңа конституциялық институттардың рөлі қоғам назарындағы басты тақырыптардың біріне айналды. Мәжілістің VIII шақырылым депутаты Абзал Құспанның сөзінше, партиялар өз қатарына қоғам сеніміне ие азаматтарды тарта алса, саяси бәсекенің сапасы да арта түспек.

«Саясатта көп жылдан бері жүрген адам емеспін, партиялық жұмыста да қызмет атқарған жоқпын. Сондықтан бұл мәселеге сақтықпен қараймын. Дегенмен Құрылтай сайлауындағы негізгі бәсеке партиялар арасында болады. Партиялар өз қатарына неғұрлым білікті, беделді әрі қоғам сеніміне ие азаматтарды тарта алса, саяси бәсекенің де сапасы соғұрлым жоғарылайды. Демек, сайлаудың сапасы ең алдымен партиялардың кадрлық әлеуетіне байланысты болады» деді Абзал Құспан.

Сайлауға қатысу – азаматтық парыз: Құрылтай – халықтың жаңа таңдауы

Жаңа Конституция аясында енгізілген маңызды институттардың бірі – Халық кеңесі. Бұл орган қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылап, заң жобалары мен мемлекеттік бастамалар бойынша ұсыныстар әзірлейтін консультативтік-кеңесші алаң ретінде жұмыс істейді. Абзал Құспан Халық кеңесі уақыт өте келе мемлекеттік саясатты қалыптастыруға ықпал ететін маңызды қоғамдық алаңға айналуы мүмкін екендігін атап өтті.

«Бұл жерде Құрылтаймен қатар тағы бір маңызды конституциялық институтты атап өткен жөн. Ол – Халық кеңесі. Менің ойымша, дәл осы орган азаматтардың мемлекеттік саясат пен заң шығару процесіне тікелей қатысуының тиімді тетігіне айналады. Қоғам өкілдері өз ұсыныстары мен бастамаларын осы алаң арқылы жеткізіп, мемлекеттік шешімдердің қабылдануына нақты ықпал ете алады», деді Абзал Құспан.

Құрылтай сайлауы: Ауқымды саяси реформаның маңызы

Сондай-ақ Абзал Құспаг бір палаталы парламент моделіне көшудің заң шығару процесінің тиімділігін арттыратынын да айтты.

«Меніңше, бұл өзгеріс заң шығару процесінің тиімділігін арттырады. Екі палаталы парламент көбіне федеративті мемлекеттерге тән модель. Ал Қазақстан – унитарлық мемлекет. Сондықтан бір палаталы жүйеге көшу заң қабылдау рәсімдерін оңтайландырып, артық бюрократиялық кезеңдерді қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл заң шығару процесін жеделдетіп қана қоймай, оның жауапкершілігін де нақтылай түседі», деді ол.

Еске сала кетейік, елімізде бірқатар саяси партиялар Құрылтай сайлауына қатысатын кандидаттар тізімін бекітіп үлгерді. «Ауыл» партиясы 69 кандидатты ұсынса, «Ақ жол» партиясы 63 кандидатты жариялады. Қазақстан Халық партиясы 72 кандидаттан тұратын тізімін бекітсе, Respublica партиясы 76 кандидатын ұсынды. Сондай ақ ЖСДП 33 кандидаттың тізімін бекітті.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью