Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Маусым айында Түркістан облысында ұрланған бойжеткеннің туыстары мен заңгері Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, істің әділ тергелуін талап етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Олар Бас прокуратура мен Мемлекет басшысына үндеу жасап, қылмыстық істі жеке бақылауға алуды сұрады.
Заңгер Дмитрий Литвиннің айтуынша, бойжеткен басқа адаммен атастырылып қойғанына қарамастан алып қашқан. Қызды құтқаруға келген туыстары соққыға жығылып, олардың мүлкіне, соның ішінде көлігіне зақым келген.
«1 шілдеде арыз түсіп, бастапқыда “адам ұрлау” және “денсаулыққа зиян келтіру” баптары бойынша іс қозғалды. Алайда кейін адам ұрлау дерегі бойынша тергеу тоқтатылып, тек жарақат салу фактісі ғана қалды. Бұл – себеп-салдарлық байланыстың бұзылуы. Адам ұрлау – қылмыстық жауапкершілікке тартылатын ауыр әрекет», – деді ол.
Заңгердің сөзінше, қазір тергеу барысы «адам ұрлау болмағандай» етіп көрсетіліп отыр. Сол себепті отбасы істі қайта қарап, барлық тараптың әрекетіне құқықтық баға беруді талап етеді.
Баспасөз мәслихатында туыстары 2025 жылдың маусым айында бір топ адам бойжеткенді күштеп алып кеткенін айтты. Кейін туыстарының телефонына қыздың атынан «бұл ұрлау емес, бәрі өз еркіммен болды» деген хабарлама келген.
Бірақ бойжеткен бұл ақпаратты жоққа шығарып, ешқандай келісім бермегенін және мұндай хабарлама жазбағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, оқиға алдында оған бір стақан су берілген, содан кейін болған жайттарды есіне түсіре алмаған.
Арыз түскен соң Түркістан облысы Жетісай аудандық полиция бөлімі адам ұрлау және дене жарақатын салу деректері бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда жақындарының айтуынша, қазіргі таңда іс тоқтап, нақты нәтижелер жоқ.
Айта кеткен жөн, былтыр қыркүйекте Қылмыстық кодекске 125-1-бап – “Некеге тұруға мәжбүрлеу” енгізілген. Бұл бапта адамды еркінен тыс некеге тұру мақсатында ұрлау немесе мәжбүрлеу үшін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.