Адамды мазақ етеді : Құрылтайда треш стриминг үшін жаза енгізу мәселесі көтерілді

10.09.2026

Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

АСТАНА, 10 қыркүйек – Sputnik. Құрылтай депутаттары треш-стриминг үшін жауапкершілік енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, бүгінде әлеуметтік желідегі тікелей эфирде балағат сөз айту, адамды қорлау, ар-намысына тию, қауіпті пранктер ұйымдастыру жиілеп барады.

"Стримерлердің кейбірі мұны әдейі жасайды. Себебі дөрекі әрі арандатушы контент көп қаралым жинайды. Ал қаралым лайк пен донатқа, кейде жарнамадан түсетін табысқа ұласады. Сөйтіп, заңға қайшы әрекет кей жағдайда ақша табудың құралына айналып отыр. Кейбір стримерлер көрермен жинау үшін әдейі жанжал ұйымдастырады. Адамды мазақ етеді, қорлайды. Тіпті, тікелей эфирлерде айтуға ауыз бармас анайы әрекеттерге баруы да жиілей түскен", - деді Амантайұлы Құрылтайдың бүгінгі отырысында.

Осыған байланысты депутат үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады. Олар:

"Треш-стриминг" ұғымын заңнамалық тұрғыдан нақты айқындап, зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді, қорлау мен әдейі арандатушы әрекеттерді тікелей эфирде насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейту;

TikTok, YouTube және басқа да платформалармен бірлесіп, құқыққа қайшы тікелей эфирлерді жедел анықтау, бұғаттау және авторларын сәйкестендірудің тиімді тетігін қалыптастыру;

Азаматтарды олардың келісімінсіз эфирге шығару, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру жағдайларында жәбірленушілердің құқықтарын қорғаудың тетіктерін күшейту;

Тікелей эфирлер мен әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентке тұрақты мониторинг жүргізудің бірыңғай мемлекеттік жүйесін қалыптастырып, оның нәтижелері бойынша қоғамға ашық ақпарат беру.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью