Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Қоғамдық саясат институтының мәліметінше, респонденттердің 89,4%-ы 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы туралы хабардар. Оның ішінде 55,2%-ы сайлау туралы толық білетінін айтса, 34,2%-ы сайлау өтетінін естігенімен, егжей-тегжейіне қанық емес екенін жеткізген.
Зерттеу нәтижесі сайлау туралы хабардарлық деңгейі респонденттердің жасына тікелей байланысты екенін көрсетті. Яғни, жасы ұлғайған сайын олардың ақпараттану деңгейі де артады. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары арасында да сайлау туралы хабардарлық көрсеткіші жоғары.
Сауалнама азаматтардың сайлауға қатысуға деген ниеті де жоғары екенін аңғартты. Респонденттердің 72,3%-ы Құрылтай сайлауында дауыс беруді жоспарлайтынын мәлімдеген. Ал 11,9%-ы дауыс беруге қатыспайтынын айтса, 15,8%-ы әлі нақты шешім қабылдамаған. Оның ішінде 0,5%-ы бұл сұраққа жауап беруге қиналған.
Сайлау алдындағы уәде мен нақты міндеттің айырмашылығы қандай?
Зерттеу әлеуетті электораттың тұрақтылығын да көрсетті. Сайлауға қатысуға ниетті азаматтардың 87,6%-ы 2026 жылғы 15 наурызда өткен жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумға да қатысқан. Бұл елдегі маңызды саяси науқандарға тұрақты түрде қатысатын сайлаушылар тобының қалыптасқанын аңғартады.
Ең төменгі жалақы, алимент, экология: Жеті партия сайлаушылармен нені талқылап жатыр?
Партиялық таңдау бойынша көш басында «Әділет» партиясы тұр. Сауалнамаға қатысқандардың 67,3%-ы осы партияға дауыс беруге дайын екенін білдірген. Партияны қолдау деңгейі әсіресе 36–60 жас аралығындағы азаматтар мен ауыл тұрғындары арасында жоғары. Сонымен қатар, аталған партияны қолдайтындардың басым бөлігі сайлауға қатысуға ниетті екенін мәлімдеген.
Қалған партиялардың қолдау көрсеткіштері төмендегідей:
«Ауыл» партиясы – 6,2%; Respublica – 5,5%; «Ақ жол» – 4,8%; ЖСДП – 4,3%; ҚХП – 3,9%; «Байтақ» – 1,1%.Ал респонденттердің 1,6%-ы барлық партияға қарсы дауыс беруге ниетті екенін айтса, 5,3%-ы әлі таңдау жасамаған.
Зерттеу барысында респонденттерден партия таңдауға әсер ететін негізгі факторлар да сұралған. Бірнеше жауап нұсқасын таңдауға мүмкіндік берілген сауалнамада қатысушылардың 44,4%-ы партияның бастамаларын оң бағалайтынын басты себеп ретінде көрсеткен. 29,2%-ы өзін белгілі бір партияның тұрақты жақтасымын деп есептейді. Сондай-ақ 25,3%-ы «Қазақстанның болашағы осы партиямен байланысты» деген пікірді қолдаса, 14,7%-ы партияның сайлаушылармен жұмыс істеу тәсілі ұнайтынын айтқан.
Марафоннан ауылдағы кездесулерге дейін: Партиялар осы аптада сайлаушыларды немен таңғалдырды?
Жалпы, зерттеу қорытындысы азаматтардың алдағы Құрылтай сайлауына қызығушылығы жоғары екенін және елдегі электоралдық жұмылдыру деңгейінің жеткілікті қалыптасқанын көрсетті.
Айта кетейік, сауалнаманы Қоғамдық саясат институты 2026 жылғы 7–27 шілде аралығында өткізген. Зерттеу ұлттық репрезентативті іріктеме негізінде жүргізіліп, оған 18 жастан асқан 8 000 респондент қатысқан. Сауалнама 17 облыс, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қамтыды. Іріктеменің ықтимал қателігі ±1,19% болса, деректер face-to-face форматындағы жаппай сауалнама арқылы жиналған. Институт зерттеу нәтижелерін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясын 2026 жылғы 4 шілдедегі № KQ--26/14 жазбаша хабардар ету негізінде жариялаған.