Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Ең алдымен Құрылтай депутаттығына үміткерлер Ақжол Құрмансейіт пен Алмат Жөкебаев Ұлытау ауданының орталығында ақсақалдармен кездесті, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты «Әділет» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауданда туризмді дамыту, халық санын арттыру мәселелері сөз болды. Ақсақалдар өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, жас кандидаттарға алғыстарын айтып, ризашылықтарын жеткізді. Аға буын өкілдері жастардың қоғамдық-саяси белсенділігін атап өтіп, «Әділет» партиясының бастамаларына қолдау білдірді.
«Құрылтай кандидаттарының арасында жастардың көптігі қуантады. Біз біріміз қалмай сайлауға қатысамыз. Болашақ бүгін өздеріңнің қолдарыңда. Сәттілік тілейміз!» – деді аудан тұрғыны Серік Тәшенов.
Кездесу соңында ақсақалдар кандидаттарға ақ батасын беріп, ел игілігі жолындағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Ұлытау ауданына сапар барысында кандидаттар «Есіктен есікке» акция аясында қариялардың үйіне арнайы барды. Тұрғындарға партияның сайлауалды бағдарламасы түсіндірілді.
Жалпы, Ұлытау облысында үгіт-насихат жұмыстары аясында 371 кездесу өткізіліп, 50 мыңға жуық тұрғын қамтылды.
Екінші кездесу Шымкент қаласында өтті. «Әділет» партиясының қалалық сайлауалды штабының өкілдері Тұран ауданындағы «Коммуналдық қызмет көрсету» КММ ұжымымен кездесіп, қалалық инфрақұрылымды дамыту, коммуналдық қызмет сапасын арттыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Кездесуге ҚР Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Бекназаров, Шымкент қалалық сайлауалды штабы жетекшісінің орынбасары Ербол Байқонысов және штаб мүшелері Есімхан Бертаев, Мэлс Баймаханов пен Нұрғазы Бухарбаев қатысты.
Ашық форматта өткен басқосуда партияның алдағы бес жылға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылып, қала тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерге назар аударылды. Атап айтқанда, инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, қаланың тазалығын қамтамасыз ету, абаттандыру және тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру мәселелері сөз болды.
Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Бекназаров қаланың тұрақты дамуы ең алдымен тұрғындардың күнделікті өміріне қолайлылық әкелуі керектігін атап өтті.
«Біздің ұстанымымыз – халықтың нақты сұранысына жауап беретін, нәтижесі көрінетін жұмыстарды қолдау. Қала инфрақұрылымы заман талабына сай дамып, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруы тиіс. Бұл ретте коммуналдық қызметтердің сапасы, инженерлік желілердің жағдайы, аулалар мен қоғамдық кеңістіктердің абаттандырылуы сияқты мәселелердің маңызы зор. Қаланың дамуы ең алдымен тұрғындардың өмір сапасынан көрінуі керек», – деді Нұрлан Бекназаров.
Өз кезегінде Шымкент қалалық сайлауалды штабы жетекшісінің орынбасары Ербол Байқонысов коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегіне тоқталып, қаланың қалыпты тіршілігін қамтамасыз етуде бұл саланың маңызы ерекше екенін айтты.
«Қаланың тазалығы мен абаттандырылуы, коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмысы – тұрғындардың күнделікті жайлылығына тікелей әсер ететін факторлар. Бұл бағытта еңбек етіп жүрген мамандардың жұмысы көбіне көзге көріне бермегенімен, олардың атқаратын қызметі өте маңызды. Сондықтан коммуналдық саланы дамыту мәселесімен қатар, осы сала қызметкерлерінің еңбек жағдайы мен әлеуметтік қорғалуына да көңіл бөлу қажет», – деді Ербол Байқонысов.
Кездесуде еңбек ұжымы өкілдері өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, қалалық инфрақұрылым мен коммуналдық шаруашылыққа қатысты ұсыныстарын жеткізді. Қатысушылар үшін атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, алдағы кезеңдегі жоспарлар мен шешімін күткен мәселелер де талқыланды.
Партия өкілдері көтерілген ұсыныстардың маңыздылығын атап өтіп, халықпен тұрақты байланыс орнату арқылы нақты мәселелерді анықтап, оларды шешуге бағытталған бастамаларды қолдаудың қажеттігін жеткізді.
Үшінші жүздесуде «Әділет» партиясы денсаулық сақтау саласындағы негізгі басымдықтарының бірін қозғады. Нәтижесінде «Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабының өкілдері Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Жамбыл облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының медицина қызметкерлерімен кездесті.
Басқосуда партияның 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасындағы денсаулық сақтау саласына қатысты негізгі бағыттар таныстырылып, инфекциялық аурулардың алдын алу мен медициналық көмектің сапасын арттыру мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында партия өкілдері денсаулық сақтау жүйесінің басты міндеттерінің бірі – ауруды емдеумен қатар, оның алдын алу екенін атап өтті. Осы бағытта профилактикалық медицинаны дамыту, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің тиімділігін арттыру, ауруларды ерте анықтау және халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған шараларды күшейту ұсынылады.
Партияның сайлауалды бағдарламасында қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін арттыру стратегиялық мақсат ретінде белгіленген. Бұл міндетке қол жеткізу үшін аурулардың алдын алу, ерте диагностика, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және халықтың денсаулығына жауапкершілігін күшейту маңызды.
«Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі ауруды қаншалықты жақсы емдейтінімізбен ғана емес, оның алдын ала алатынымызбен де өлшенеді. Сондықтан профилактикаға, ерте диагностикаға және халықтың денсаулық мәдениетін қалыптастыруға басымдық беру қажет. Өмір сүру ұзақтығын арттыру – бір ғана медициналық ұйымның емес, бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің ортақ міндеті», – деді партия өкілдері.
Кездесуде инфекциялық аурулардың алдын алу, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік, халық арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын күшейту және медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңарту мәселелері де көтерілді.
Медицина қызметкерлері өз кезегінде саладағы күнделікті жұмыс барысында кездесетін мәселелерді ортаға салып, медициналық кадрларды қолдау, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, заманауи медициналық құрал-жабдықтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету және медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.
Партия өкілдері медицина қызметкерлерінің кәсіби әлеуетін қолдау денсаулық сақтау сапасын арттырудың маңызды шарттарының бірі екенін атап өтті. «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасында медициналық кадрларды даярлау мен олардың кәсіби дамуына жағдай жасау, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту және заманауи технологияларды денсаулық сақтау жүйесіне кеңінен енгізу бағыттары қарастырылған.
Сонымен қатар цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану, медициналық ақпараттың қолжетімділігін арттыру және профилактикалық жұмысты күшейту мәселелеріне назар аударылды.
Жиын соңында медицина қызметкерлері партия өкілдеріне өз сауалдарын қойып, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстарын жеткізді. Көтерілген мәселелер облыстық сайлауалды штаб тарапынан жинақталып, алдағы жұмыс барысында ескерілетін болады.
«Әділет» партиясы денсаулық сақтау саласында басты назарды адамның өмірі мен денсаулығын қорғауға, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға және профилактикалық медицинаны дамытуға бағыттауды ұсынады.