Әділет партиясы өңірден жиналған МИБ, ПИК төрағаларымен тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мәселелерін талқылады

19.08.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Оған еліміздің әр өңірінен тұрғын үй қорын басқаратын шамамен екі мың мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) және пәтер иелері кооперативінің (ПИК) төрағасы, басқарушы ұйымдардың өкілдері, салалық сарапшылар мен белсенді мүлік иелері қатысты.

Күннің бірінші жартысында қатысушылар үшін секциялық панельдер ұйымдастырылып, онда «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттармен бірге көппәтерлі үйлерді басқарудың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, инженерлік желілерді жаңғырту, күрделі жөндеу, қымбат жұмыстарды қаржыландыру, құрылыс ақаулары, МИБ, құрылыс салушылар мен коммуналдық ұйымдар арасындағы жауапкершілікті бөлу, сондай-ақ тұрғын үйді басқаруды цифрландыру және оның ашықтығын арттыру мәселелері қаралды. Панельдік сессияға  «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай қатысты.

Партия төрағасы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мемлекет, басқарушы ұйымдар және тұрғындардың бірлескен жауапкершілігін талап ететінін айтты. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тазалық пен ұқыптылық күнделікті өмір салтына айналуы қажет деген сөзін еске салып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін одан әрі дамыту бойынша партияның жеті басымдығын таныстырды.

«Президент коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртып, осы саладағы барлық тараптың жауапкершілігін арттыру міндетін де қойып отыр. «Әділет» партиясы бұл бағытты толық қолдайды. Тұрғындар, төрағалар, басқарушы және сервистік ұйымдар арасындағы қолайлы өзара байланыс қамтамасыз етілуі керек. Бұл ретте мүлік иелерінің дауыс беруі сияқты негізгі цифрлық құралдар тегін әрі әрбір үйге қолжетімді болуы қажет. Сіздермен бірге оларды пысықтап, мүлік иелері үшін барынша түсінікті, ашық әрі қолайлы етуге тиіспіз. Біздің бағдарламамызда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға ерекше көңіл бөлінген», - деді Айбек Дәдебай.

Партия төрағасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы тараптар арасындағы жауапкершілікті әділ бөлуге және тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасын кеңейту қажеттігіне, соның ішінде үйлерді күрделі жөндеу мен инженерлік жүйелерді жаңартуды ұзақ мерзімді қаржыландыру тетіктеріне жеке тоқталды. Тағы бір бағыт ретінде сала мамандарын даярлау мәселесі де сөз болды. Партия МИБ төрағалары мен тұрғын үй қорын басқарушыларды кәсіби даярлау және сертификаттау бағдарламалары бойынша оқытуды жалғастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйін жақсарту жұмыстары жүргізіледі.

«Бүгінде елімізде 61 мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үй және 2,5 миллионға жуық пәтер бар. Олардың едәуір бөлігіндегі инженерлік желілерді жаңарту қажет. «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында 86 мың шақырым инженерлік желіні жаңарту және салу көзделген. Соның нәтижесінде желілердің тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендету міндеті қойылған», - деді Айбек Дәдебай.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңғырту тақырыбын Құрылтай депутаттығына кандидат Ренат Бектұров жалғастырды. Ол партия бағдарламасында энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаны іске асыру жоспарланғанын жеткізді. Үйлерді басқару үдерістерін цифрландыруға және тұрғындардың ортақ мүлікке жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Ал Құрылтай депутаттығына кандидат Екатерина Смышляева тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы заңнамалық және цифрлық шешімдерге тоқталды.

«Біз магистральдық және үйішілік желілер үшін жауапкершілікті нақты бөлуді, сондай-ақ «Smart Тұрмыс» бірыңғай цифрлық платформасын енгізуді ұсынамыз. Бұл техникалық тексеруді автоматтандыруға, үйлердің тозуын есепке алуға және қағазбастылықтан аралып, тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік береді», - деді Екатерина Смышляева.

Жиынның практикалық бөлігі сала өкілдерінің ұсыныстарына арналды. 40 жылдық кәсіби тәжірибесі бар сарапшы ескі үйлердегі лифт жабдықтары мен инженерлік жүйелерді жаңарту мәселесін көтерді. Оның пікірінше, мұндай шығындарды тек тұрғындардың ай сайынғы жарналары есебінен жабу мүмкін емес, сондықтан 7-15 жылға ұзақ мерзімді қайтарымды қаржыландыру тетіктері қажет.

Елордадағы «Тұрсын Астана-2» МИБ төрағасы Қуаныш Оспанов «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша ауланы абаттандыруға 60 млн теңге және үйді жаңғыртуға 236 млн теңге тарту тәжірибесін бөлісті. Ол сондай-ақ «Әділет» партиясының OSI Skills оқыту бағдарламасының пайдасын атап өтті.

Павлодар облысындағы «Шаңырақ» қауымдастығының басшысы Нұр-Сәуле Байболатова инженерлік желілерді пайдалану жауапкершілігінің шекарасын заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынды. Сол кезде тұрғындар өздерінің кондоминиум аумағынан тыс орналасқан инфрақұрылымға ақша төлеуге міндетті болмайды. Тренер-кеңесші Шынар Мәмбетәлиева ғимараттарды кәсіби басқарудың бірыңғай стандарттарын енгізуді және өңірлік құзырет орталықтарын құруды қолдады.

«Сарыарқа» МИБ төрағасы Айгүл Арынова жасырын құрылыс ақаулары үшін жауапкершілік мәселесін қозғады. Оның пікірінше, МИБ төрағалары құрылыс салушылар жіберген кемшіліктер үшін жауап бермеуі тиіс. Ол сондай-ақ мүлік иелері мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы деректерді біріктіруге мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық платформа құру керегін айтты.

«SERVIS 9 REGION» басқарушы директоры Татьяна Юртанова жаңа үйлер пайдалануға берілгеннен кейін туындайтын мәселелерге, соның ішінде коммуникациялардың жасырын жүргізілуіне және құрылыс салушылармен байланысы бар басқарушы компаниялардың үйді басқаруға тартылу мәселесін көтерді.

«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында алғашқы қадам, бірыңғай цифрлық платформа қазірдің өзінде қарастырылған. Бірақ бұл шешімдердің жұмыс істеуі үшін біздің таңдауымыз маңызды. 23 тамызда мен абоненттеріммен бірге «Әділет» партиясына дауыс беремін», - деді Татьяна Юртанова.

Елордалық «Отау» тұрғын үй кешенінің белсендісі Жарбол Сүлейменов ортақ мүлікті күтіп ұстауға тұрғындардың да жауапкершілікпен қарауы маңызды екенін айтты. Ал «Павлодарэнерго» АҚ-ның 22 жастағы электр монтері Іңкәр Кәрібай қалалық инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуі үшін жұмысшы мамандықтар мен техникалық мамандардың маңызына назар аударды.

Диалог алаңының қорытындысы бойынша Айбек Дәдебай мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізіп тұруды және партия жанынан тұрғын үй қорын басқару мәселелері бойынша сараптамалық алаң құруды ұсынды.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью