Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
«Әділет» партиясының Республикалық сайлауалды штабы партия төрағасы Айбек Дәдебайдың жетекшілігімен Жаңаөзендегі мұнайшылармен және жұмыс істейтін жастармен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Партия өкілдері тұрғындармен өнеркәсіпті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, әлеуметтік қорғау және цифрлық экономикаға қажетті кадрларды даярлау мәселелерін талқылады.
«Өзенмұнайгаз» АҚ №2 мұнай-газ өндіру басқармасының өндірістік базасында штаб мүшелері мұнай-газ саласының қызметкерлерімен, кәсіподақ өкілдерімен және өндіріс ардагерлерімен жүздесті. Мұнайшылар алдында сөз сөйлеген Айбек Дәдебай саланың одан әрі дамуы тек мұнай өндірумен шектелмей, шикізатты терең өңдеуге, заманауи технологияларды енгізуге және жаңа өндірістер ашуға негізделуі тиіс екенін айтты.
«Бұрын басты міндет мұнай өндіру болса, бүгінде негізгі басымдық – оны терең өңдеу, жоғары қосылған құны бар өнім шығару және озық технологияларды енгізу», - деді партия төрағасы.
Ол саланы жаңғырту еңбек жағдайларын жақсартумен және қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтумен қатар жүруі қажет екенін атап өтті.
«Қауіпсіз еңбек жағдайы, тұрақты жұмыспен қамту, лайықты жалақы және сенімді әлеуметтік кепілдіктер – партиямыздың басты қағидаттары. Адам еңбегі лайықты бағаланбайынша, мемлекет толыққанды дами алмайды», - деді Айбек Дәдебай.
Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрбек Матжани партияның шикізаттық емес экспортты қолдау және қазақстандық өнімді шетел нарықтарына ілгерілету жөніндегі ұсыныстарын таныстырды. Шынасыл Ерназар өңдеуші өндірістерді дамыту және отандық бизнесті қолдау бастамаларын ұсынды. Бұл заманауи технологияларды енгізуге және сапалы жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Бұдан кейін Республикалық сайлауалды штаб мүшелері Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған «Bolashaq Sarayi» Оқушылар сарайында жұмыс істейтін жастармен кездесу өткізді. Онда жұмыспен қамту, білім беру, тұрғын үй, кәсіби даму және заманауи технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Бағдарламаның жастарға арналған бағытын таныстырған Айбек Дәдебай партия қазақстандықтарды жаңа цифрлық экономика жағдайында еңбек ету үшін даярлауды көздейтінін айтты. Жасанды интеллект негіздері мектеп бағдарламасына енгізіліп, AI-Sana бағдарламасы арқылы әрбір түлек осы заманауи технологияларды меңгеруге мүмкіндік алады.
Құрылтай депутаттығына кандидат Аят Сүгірбай әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталған партияның ұсыныстарын таныстырды.
«Әлеуметтік қолдаудың мақсаты – адамды тәуелді ету емес, оның өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау. Ол үшін партия әр отбасының әл-ауқатын әділ бағалау жүйесін енгізуді, әлеуметтік қорғаудың бірыңғай цифрлық платформасын құруды және әлеуметтік төлемдерді тағайындауды проактивті форматқа көшіруді ұсынады», - деді ол.
Жастар ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаева Қазақстанда алты миллионнан астам жас тұратынын, олардың 83 пайызы елдің болашағына сеніммен қарайтынын айтты. Әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижесі жастар үшін отбасы әлі де басты құндылық болып қала беретінін көрсетеді. Сондай-ақ Маңғыстау облысының жастары дәстүрлі отбасылық құндылықтарды жоғары бағалайтын өңірлердің қатарында.
Партия жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және білікті кадрлар даярлауға ерекше мән береді. Сайлауалды бағдарламада тәжірибеге бағытталған оқытуды кеңейту, дуальды білім беру жүйесін дамыту және колледждер мен кәсіпорындар арасындағы әріптестікті нығайту көзделген. Партия 2031 жылға қарай елдегі колледждердің кемінде 45 пайызын дуальды оқыту моделіне көшіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Құрылтай депутаттығына кандидат Лаура Қарабасова айтты.
«Біз кәсіпорындармен тығыз ынтымақтастық орнатып, студенттер өндірістік тәжірибеден өтіп, кейін жұмысқа орналаса алатын базалық кәсіпорындарды айқындауды ұсынамыз. Сонымен қатар жұмыс берушілермен бірлесіп еңбек адамына құрмет пен адал еңбекті лайықты бағалау мәдениетін қалыптастырудың маңызы зор», - деді Лаура Қарабасова.
Кездесу барысында Жаңаөзен жастары қалалық инфрақұрылымды дамыту, моноқалаларды қолдау, жаңа қоғамдық кеңістіктер салу, цифрлық жобаларды дамыту және жастар арасындағы әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу бағытында өз ұсыныстарын айтты.
Жұмыс сапарын қорытындылаған партия төрағасы Айбек Дәдебай Жаңаөзеннің мұнайшылары мен жастары көтерген барлық ұсыныс жүйеленіп, әрі қарай пысықтау үшін Республикалық сайлауалды штабқа жолданатынын атап өтті. Ең маңызды бастамалар партияның заңнамалық ұсыныстарын әзірлеу кезінде ескеріледі.
Дайындаған: «Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров