Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Ұлытау облысында партия Төрағасының орынбасары Қаныш Төлеушин бастаған Құрылтай депутаттығына кандидаттар металлургтермен, дәрігерлермен, спортшылармен, қоғам өкілдерімен және өңір тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді. Әр кездесуде партияның «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасындағы ұсыныстар мен тұрғындар өңір үшін ең өзекті деп санайтын мәселелер талқыланды. Бұл туралы Aikyn.kz "Әділет" партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Алғашқы барған нысандар – «Қазақмыс» Жезқазған байыту фабрикасы мен Kazakhmys Smelting Жезқазған мыс балқыту зауыты. Жезқазған байыту фабрикасының ауысым шебері Медет Нұрмағанбетовтің айтуынша, бүгінде жұмысшыларды ең алдымен еңбек қауіпсіздігі, өндірісті жаңғырту, жалақыны индекстеу, зиянды өндіріс қызметкерлерінің мерзімінен бұрын зейнетке шығуы және экологиялық қауіпсіздік мәселелері толғандырады.
Кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап берген республикалық сайлауалды штабтың мүшесі Қаныш Төлеушин өнеркәсіпті дамыту халықтың өмір сүру сапасын арттырумен қатар жүруі тиіс екенін ескертті.
«Бүгін біз кәсіпорын жұмысшыларымен еңбек қауіпсіздігі, медицина, кадр даярлау және әлеуметтік кепілдіктер мәселелерін талқыладық. Бұл бағыттың барлығы партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген. Бағдарламаның жеке бір бөлімі шикізатты терең өңдеуді дамытуға арналған. Біз жоғары қосылған құны бар өнім шығару үшін ел ішінде өндіріс орындарын көбейтуді ұсынамыз», – деді Қаныш Төлеушин.
Құрылтай депутаттығына кандидат Қарлығаш Жаманқұлова Жезқазған мыс балқыту зауытының қызметкері Меруерт Базилованың сұрағына жауап беріп, өндірісте еңбек ететін әйелдердің денсаулығын қорғау және олардың әлеуметтік кепілдіктерін кеңейту мәселелері де партияның сайлауалды бағдарламасында қарастырылғанын жеткізді.
Жұмыс сапары Ұлытау облысының қоғам өкілдерімен кездесумен жалғасты. Оған ақсақалдар, жастар ұйымдарының өкілдері, кәсіпкерлер және үкіметтік емес сектордың белсенділері қатысты.
Республикалық сайлауалды штабтың мүшесі Асхат Аймағамбетов партияның денсаулық сақтау саласындағы ұсыныстарын таныстырды. Олар зиянды өндіріс қызметкерлері үшін тыныс алу ағзаларын тегін скринингтен өткізуді, Жезқазғанда инвазивті емес кардиологиялық орталық пен 100 орындық онкология бөлімшесін ашуды, онда химиотерапия және сәулелік терапия жүргізу мүмкіндігін жасауды, сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс негізінде медицина мамандарын даярлап, оларды кейін өңірде міндетті түрде жұмыспен қамтуды көздейді.
Сонымен қатар кездесу барысында ел ішінде шикізатты терең өңдеуді дамыту, отбасын қолдау, лудоманияның және синтетикалық есірткі таралуының алдын алу мәселелері талқыланды.
Г.Омаров атындағы кен-шахта тресінің кеншісі Қанат Мусин бұл мәселелердің өңір тұрғындары үшін ерекше маңызды екенін айтты.
«Партияның сайлауалды бағдарламасында отбасыны, ана мен баланы қорғауға, сондай-ақ лудоманиямен және синтетикалық есірткімен күреске қатысты нақты ұсыныстарды көрдім. Көпбалалы әке ретінде бұл бағыттарды ерекше маңызды деп санаймын. Себебі сөз балаларымыздың болашағы мен әрбір отбасының қауіпсіздігі туралы болып отыр», – деді Қанат Мусин.
Одан кейін штаб өкілдері Жезқазған медициналық орталығына барып, дәрігерлермен және медицина қызметкерлерімен кездесті. Кандидаттар «Ұлт денсаулығы – қуатты мемлекеттің негізі» атты сайлауалды бағдарламаның бөлімін таныстырды. Онда профилактикалық медицинаны дамыту, оңалту орталықтарының желісін кеңейту, тоғыз перинаталдық нысанның құрылысын аяқтау және 2029 жылға қарай халықтың 90 пайызына дейін қамтитын Бірыңғай денсаулық сақтау ақпараттық жүйесін енгізу жоспарланған.
Кездесу барысында медицина қызметкерлері кадрмен қамтамасыз ету, мамандандырылған көмекті дамыту және медициналық ұйымдарды жабдықтау мәселелерін көтерді.
Жұмыс сапары «Жігер» спорт кешенінде аяқталды. Онда партия өкілдері жаттықтырушылармен және спортшылармен кездесті. Кандидаттар бұқаралық спортты дамытуға, ұлттық спорт түрлері бойынша мектеп лигаларын қолдауға, ауылдық жерлерде спорт нысандарын салуға, жаттықтырушылардың жалақысын арттыруға және оларды әлеуметтік қолдау шараларын кеңейтуге бағытталған бастамаларын таныстырды.
Сәтбаев қаласының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Наурызбек Сағымбаев партияның сайлауалды бағдарламасында бүгінде жаттықтырушылар мен спорт қауымдастығы үшін өзекті болып отырған көптеген мәселе көрсетілгенін атап өтті.
«Партияның сайлауалды бағдарламасында спорт қауымдастығы көптен бері айтып жүрген бастамаларды көрдім. Олар – бұқаралық спортты дамыту, ауылдық жерлерде спорт нысандарын салу, мектеп спорт лигаларын қолдау және жаттықтырушылардың мәртебесін арттыру. Бұл ұсыныстардың жүзеге асуы, әсіресе өңірлердегі балалар мен жастар үшін спорттың қолжетімді болуына ықпал етеді деп сенемін», – деді Наурызбек Сағымбаев.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша, республикалық сайлауалды штаб мүшелері кәсіпорын жұмысшылары, дәрігерлер, спортшылар және облыс тұрғындары кездесу барысында айтқан барлық ұсыныс QR-код арқылы партияның бірыңғай цифрлық өтініштер жүйесіне енгізілетінін хабарлады. Олардың айтуынша, келіп түскен бастамалар заңнамалық ұсыныстарды әзірлеу және сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі кейінгі жұмыста ескеріледі.
Партияның қызметі туралы басқа да жаңалықтарды ресми Telegram арнамыздан оқи аласыздар: https://t.me/adilet_partiyasy