Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Теміртауда металлургия саласы қызметкерлерімен сайлауалды үгіт-насихат кездесуі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
«Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат Вадим Басин және Қарағанды облыстық сайлауалды штабының мүшелері Теміртау қаласындағы Qarmet металлургиялық комбинатының ыстық мырыштау және алюминийлеу цехының еңбек ұжымымен сайлауалды үгіт-насихат кездесуін өткізді.
Іс-шара барысында кандидат партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, өнеркәсіп саласын дамыту, еңбек қауіпсіздігін күшейту, жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын арттыру, өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту және білікті кадрларды қолдау мәселелеріне тоқталды.
-Металлургия саласы еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін айқындайтын стратегиялық бағыттардың бірі. Сондықтан өндіріс орындарындағы еңбек жағдайын жақсарту, жұмысшылардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау әрдайым басты назарда болуы тиіс. Біз еңбек адамының мүддесін қорғауға бағытталған нақты бастамаларды қолдаймыз, – деді Құрылтай депутаттығына кандидат Вадим Басин.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Цех қызметкерлері өндірістегі еңбек қауіпсіздігі, жұмыс жағдайы, әлеуметтік қолдау және кадр даярлау мәселелері бойынша өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Өз кезегінде кандидат қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, партияның сайлауалды бағдарламасында көзделген бастамалар туралы кеңінен айтып өтті.
Кездесу соңында цех қызметкері Нұрлан Қожахметов пікір білдірді.
- Өндіріс саласында еңбек етіп жүрген мамандар үшін осындай кездесулердің маңызы зор. Бізді толғандыратын мәселелерді ашық айтып, нақты жауап алуға мүмкіндік бар. Ең бастысы, жұмысшылардың пікірі ескеріліп, ұсыныстары назардан тыс қалмаса екен, – деді ол.
Ақтау қаласында «Әділет» партиясы Маңғыстау облыстық сайлауалды штабының үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгін, 7 тамызда Құрылтай сайлауына үміткерлер Аят Сүгірбай, Марат Себасов, Кирилл Осин және облыстық штаб мүшелері «Берекет-Ф» ЖШС ұжымымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
Кездесу барысында штаб мүшелері сайлауалды бағдарламада көрсетілген отандық өнімді арттыру, экономиканы әртараптандыру, ауыл-аймақты дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу сынды негізгі басымдықтарға кеңінен тоқталды.
Құрылтай сайлауына үміткер Аят Сүгірбайдың айтуынша, әділ әрі бәсекелі экономика қалыптастыру үшін алдымен отандық өндіріс орындары мен кәсіпкерлерге қолдау қажет. Бұл ретте «Әділет» партиясы мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдауды жетілдіріп, бәсекеге қабілетті және табысты арттыратын жаңа бағдарлама іске қосатынын атап өтті.
«Партияның сайлауалды бағдарламасы инерциямен жүріп келе жатқан шикізаттық модельге, бюджетті игеру үшін ғана жүретін, адал бәсекенің орнын басқан монополиялар мен артықшылық жүйеге тосқауыл қоюды көздеп отыр. Осылайша, үйлесімді өнеркәсіп саясатын іске асыруға сеп боламыз, отандық инвестор мәртебесін бекітеміз. Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін жетілдіріп, қайта өңдеу, өндірісті жергіліктендіру және қосылған құн қалыптастыру деңгейіне қойылатын бірыңғай талаптарды бекітеміз», - деді Аят Сүгірбай.
Сонымен қатар Құрылтай сайлауына үміткер Марат Себасов шағын және орта бизнеске түсетін жүктемені кезең-кезеңмен азайту мәселесін қозғады.
«Шағын және орта бизнес жаңа жұмыс орындарының, бәсекенің және әл-ауқатты арттырудың негізгі көзіне айналуы тиіс. Алайда бүгінде кәсіпкерлерге шамадан тыс талаптар, ережелердің тұрақсыздығы, бақылаушы органдардың қысымы салада дамуына бөгет болып отыр. «Әділет» партиясының мақсаты – бизнестің жұмыс бастауына, қауіпсіз инвестиция құюына және өсіп-өркендеуіне қолайлы жағдай жасау. Осылайша, мықты орта бизнесті дамытып, оның экономикадағы үлесін қазіргі 7 пайыздан 20 пайызға дейін арттырамыз», - деді Марат Себасов.
Іс-шара соңында мекеме ұжымы толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Сондай-ақ партияның сайлауалды штабына сәттілік тілеп, Құрылтай сайлауына белсенді қатысатынын жеткізді.
«Қызылжар су» ЖШС Петропавл қаласының тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Кәсіпорынның тұрақты жұмысы мыңдаған қала тұрғынының күнделікті жайлылығына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар кәсіпорын қызметкерлері де қаланың басқа тұрғындары секілді жолдардың жағдайына, абаттандыруға, әлеуметтік салаға және отбасыларының тұрмыс жағдайына алаңдайды.
«Қызылжар су» ЖШС ұжымымен өткен кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері тек еңбек мәселелері ғана емес, Петропавл қаласының тұрғындары ретінде өздерін күн сайын толғандыратын өзекті мәселелерді де ортаға салды. Көтерілген тақырыптардың қатарында жолдардың жағдайы, аулаларды абаттандыру, қалалық инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік қолдау мәселелері болды.
Кездесуге Құрылтай депутаттығына кандидаттар Қалия Төренова мен Ульяна Ашимова, сондай-ақ өңірлік сайлауалды штабтың мүшесі Марат Ысқақов қатысып, «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бастамаларды таныстырды. Сондай-ақ олар қаланы дамыту мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді.
«Біз күн сайын қала тұрғындарымен кездесіп, оларды толғандыратын мәселелердің барынша түсінікті әрі маңызды екенін көріп жүрміз. Сапалы жолдар, абаттандырылған аулалар, қолжетімді медицина және ертеңгі күнге деген сенім – халық үшін басты құндылықтар. Сондықтан сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдап, ортақ шешімдер іздеу біз үшін өте маңызды. Құрылтай депутаттарын сайлауда «Әділет» партиясына қолдау білдіресіздер деп сенеміз», – деді Қалия Төренова.