Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Қазақстандық телеиндустрияда жаңа жоба «Ағайынды алтаумыз» атты отбасылық-комедиялық сериал көрерменге ұсынылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Туындыда бір әулеттегі алты ұлдың өмірі, олардың мінез-құлқы мен тұрмыстық жағдайы әзіл арқылы баяндалады.
Сериалдың басты кейіпкері – жасы 70-ке таяған Жақсыбай қария. Жұбайынан айырылған ол қара шаңырақта кенже ұлы Құттыбаймен бірге тұрады. Әке мен баланың арасындағы қалжыңға толы қарым-қатынас сюжет желісінің негізгі өзегіне айналған.
Жақсыбайдың үлкен ұлы Ілесбай – жеке ауруханада жұмыс істейтін дәрігер, байсалды әрі отбасында беделді тұлға. Екінші ұлы Оразбай салық саласында қызмет етеді, орысша білім алғандықтан, қазақ тілін толық меңгермеген, бұл оның өмірінде түрлі күлкілі жағдайларға себеп болады. Үшінші ұлы Құласбай мешітте имам болып жұмыс істейді, діни қызметкер бола тұра, әзілге жақын мінезімен ерекшеленеді.
Төртінші ұл Мықтыбай – құқық қорғау органында тергеуші, пысық әрі пайда табуға бейім. Бесінші ұл Түктібай – ғылыми зертханада қызмет ететін ғалым, тұтығып сөйлейтін ерекшелігі бар. Ал кенже ұл Құттыбай – студент, әкесімен жиі сөз таластырып, әзілдесіп жүретін бейне.
Сериалда келіндер образы да ерекше назарға алынған. Әрқайсысының мінезі мен өмірге көзқарасы әртүрлі болғандықтан, отбасы ішіндегі қарым-қатынас пен тұрмыстық жағдайлар арқылы түрлі комедиялық әрі шынайы көріністер ұсынылады.
Жоба авторларының айтуынша, сериал қазіргі қазақ қоғамындағы отбасы құндылықтарын, тіл мәселесін және буындар арасындағы қарым-қатынасты жеңіл юмор арқылы көрсетуді мақсат етеді.