Ағайынды Дүйсен мен Дүйсенбі болыс

12.03.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

1896–1897 жылдары француздың археолог-этнографы, Париж географиялық қоғамының мүшесі барон Жозеф де Бай Ресейде зерттеу жұмысын жүргізді. Ол Қазан, Уфа, Перм, Екатеринбург, Түмен, Саратов, Мәскеу, сонымен қатар сол кездегі Ақмола облысының орталығы Омбыда болды. Осы сапары кезінде Жозеф тамаша фотосуреттерді таспалап, тарих қойнауында қалдырды. Соның ішінде қазақ тұрмысына қатысты оншақты сурет бар.

Осы суреттер ішінде 1897 жылы түсірілген «Ақмола облысы. Екі қазақ» деген фото көзге жылы ұшырады. Суреттегі жігіттердің ағайындылар екені бірден байқалып тұр. Екеуі де үстіне жағалы барқыт шапан киген, беліне күмістен соғылған кісе белдік байлаған. Шапанының жиегі де алтын түстес галунмен көмкерілген. Екеуінің де басында – зерлі тақия. Аяғына киген етігі де жалтырап көзге бірден түседі. Соған қарағанда ауқатты отбасынан шыққаны анық. Сонау алыстан келген француз зерттеушісі екі қазақ жігітін қатар отырғызып суретке түсірсе, бұлардың бекер адам болмағаны ғой. Кім біледі, бәлкім өз уақытының беделді адамдары шығар. Осындай ойдың жетегінде жүргенде тарихи сурет дегенде жаны қалмайтын атыраулық журналист Нұрберген Мақыммен әңгімелесіп қалдық. Ол Жозеф де Байдың кітабын парақтап шыққан екен, сол азаматтың көмегімен суреттегі адамдардың аты-жөнін анықтаудың тиегі ағытыла кетті.

Жозеф де Бай Ресейге жасаған археология-этнографиялық сапарынан «Еділден Ертіске дейін» («От Волги до Иртыша») деген француз тіліндегі жолжазба кітабын шығарыпты. Осы кітап 1898 жылы орыс тіліне аударылып, Тобылдағы бір баспадан жеке жинақ ретінде жарық көріпті. Кітапты француз тілінен орысшаға Тобыл гимназиясының оқытушысы Е.Маджи аударғанын да айта кетейік. Жозеф де Бай кітабында Ресейдің еуропалық бөлімі мен Батыс Сібірге қалай барғанынан бастап, қандай өңірлерді аралағанын, қай жерде қандай жәдігерді кездестіргенін тәптіштеп тұрып жазған.

Жозефтің табаны Тобылға тиген соң, одан әрі Омбыға баруды ойластырыпты. Тобылдан «Saropoul» деген пароходқа мініп, бес күн дегенде Омбыға әзер жетіпті. Сөйтіп, Ақмола облысының вице-губернаторы Александр Дмитриев-Мамонтовпен бірге тарантаспен қазақ ауылдарын аралап, Ақмола облысы қазақтарының тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алыпты. Сол кезде ағайынды Дүйсен мен Дүйсенбі Жанғосқиндермен жүздесіп, екеуін суретке түсірген. Ол кітабында былай деп жазады: «Омбы Тобыл губерниясы мен қазақ даласының шекарасында орналасқан. Даланың басты қаласы ретінде Ақмоланы атар едік, алайда қатынас жолдарының қолайсыздығына байланысты генерал-губернатор мен губернатор Омбыда тұрады. Омбыға тиесілі жерлер Тобыл губерниясының аумағында орналасқан. Маған 5 мың бас малы және 40 киіз үйі бар қазақ Дуйсен Джанласкинге баруым үшін сол жерлерден өтуіме тура келді. Бұл қазақ өркениетті бойына сіңірген кісі екен. Бұрын болыс қызметін атқарған және үлгілі қызметі үшін императорлық үкіметтен арнайы сыйлық ретінде шапан алған». Француз зерттеушісінің Дуйсен Джанласкин деп отырғаны – суреттегі жігіттердің бірі Дүйсен Жанғосқин. Ойымыз алдамаған екен, фотодағы адам мыңдаған малы бар бай әрі болыс болған қазақ болып шықты.

Деректерде Дүйсеннің 1892 жылы өткен Тайыншакөл жәрмеңкесі кезінде 50-100 бас жылқы, 20-50 бұқа және
100-150 қой жеткізгені айтылған. Омбы қаласынан жарық көрген «Киргизская степная газета» басылымының 1895 жылғы №31 санында «Дала хабарлары» айдарында «Қазақ даласындағы француз саяхатшылары» деген мақала жарияланған. Осы мақалада: «Қазіргі уақытта Омбыда археологияны зерттеу мақсатында Еуропаны аралап жүрген тағы бір саяхатшы барон де Бай қонақ болып жатыр. Ол бұған дейін Италия, Испания, Португалия, Аустрия, Шве-ция, Мажарстан және Данияны аралап, зерттеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін, Ресей археологиясын түгендеуге кіріскен. Өткен жексенбіде барон де Бай Қорған уезінің қазағы Дүйсен Жанғосқинның шаңырағына арнайы барып қайтты. Қонақжай үй иесі баронды және онымен бірге жүрген адамдарды жылы қарсы алып, қонақ етті», – деп жазылған. Сондай-ақ мақалада шетелдік сая­хат­шының қазақтың этногра­фия­лық бұйымдарына қызығушылық танытқаны, балуандар күресін, күйші-домбырашылардың өнерін тама­ша­лағаны жазылған. Осы газет­тің 1889 жылғы №27 санында Омбы қайырымдылық қоғамы мүшелігіне қабылданған қазақтардың тізімі берілген. Осында да Дүйсен мен Дүйсенбі Жанғосқиндердің аты аталып, 6 рубль көлемінде жарна төлеп, қоғамға мүше болғаны айтылған.

1889 жылы қағазға түскен «Ведо­мость о числе киргизских волостей, аулов и кибиток в Акмолинской области (на трехлетие 1887–1989 гг.)» деген құжатта Қорған болысының басқарушысы Дүйсен Жанғосқин мен кандидаты Дүйсенбі Жанғосқинның аты аталады. Сол секілді «ХІХ–ХХ ғасыр­дың басындағы Қазақ даласын басқару жүйесіндегі болыс институты» атты құжаттар монографиясында Дүйсен Жанғосқинның 1890 жылдары Ақмола облысы Омбы уезіне қарасты Қорған болысын басқарғаны жазылған. Сонымен қатар Орталық мемлекеттік архивте Дүйсеннің болыс кезіндегі қызметтік мөрі де сақталғаны көрсетілген.

Нұрберген Мақымның айтуынша, Дүйсеннің бауыры Дүйсенбі де болыс сайланған екен. Дүйсен 1881–1889 жылдары қатарынан үш рет, ал інісі Дүйсенбі 1890–1893 жылдары болыс болыпты. Жозеф де Бай ағайынды қазақтарды 1897 жылы суретке түсіргенде екеуінің де биліктен босаған кезі еді. Одан әрі болыстықты Дүйсеннің баласы Құсайын қолына алған. Дүйсеннің отырған ауы­лын жұрт «Дүйсен ауылы» атап кеткен. Бұл – шамамен қазіргі Омбыдағы Белсенді қазақ ауылының маңы. Сонымен қатар «Акмолинские областные ведомости» газетінің 1908 жылғы №24 санында Дүйсеннің иығына екінші дәрежелі құрметті шапан жабылғаны айтылса, осы басылымның 1911 жылғы №22 санында Петропавл уезі Жамантұз болысына қарасты №6 ауылдың халық соты болғаны жазылған.

Бүгінде ағалы-інілі Жанғосқиндерді ешкім біле бермейді. Алайда олардың бейнелері сонау Парижден келген француз саяхатшысының фотоқорында мәңгілікке сақталып қалды.

Соңғы жаңалықтар

Елімізде қай жолдар жабық тұр?

Қазақстан • Бүгін, 09:24

Бүгін 1 долларды қанша теңгеге сатып алуға болады?

Қаржы • Бүгін, 09:12

Сенат төрағасы: Тарихи кезеңде ұлттың бірлігі аса маңызды

Үкімет • Бүгін, 09:00

Бірқатар халықаралық келісімдер ратификатталды

Саясат • Бүгін, 08:55

Шыны зауытындағы бірегей жобалар

Өндіріс • Бүгін, 08:50

Энергетикалық қауіпсіздік – экономикалық тұрақтылық кепілі

Энергетика • Бүгін, 08:45

Еңбек көші-қонында тәуекел көп

Қоғам • Бүгін, 08:40

Мемлекеттік басқару: Жаңа сапаға қадам

Пікір • Бүгін, 08:38

Ағайынды Дүйсен мен Дүйсенбі болыс

Зерде • Бүгін, 08:35

Елдің институционалдық бағдарын қалыптастырады

Ата заң • Бүгін, 08:33

Оқушылар қалай тамақтанады?

Білім • Бүгін, 08:30

Ата-анаға құрмет – елдік қасиет

Пікір • Бүгін, 08:28

Ұрпақ тәрбиесінің төрт тұғыры

Тәрбие • Бүгін, 08:25

Бір баптың бағасы, бір тармақтың тағылымы

Пікір • Бүгін, 08:22

Наурыз айындағы тестілеу басталды

Білім • Бүгін, 08:20

Барлық жаңалықтар

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью