Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Өскемендік Юрий Костанянц ағаштан қазақ хандары мен батырларының мүсінін жасауға құштар. Шебер құр мүсін қашап жүрген жоқ. Кейіпкерлерінің ерлігі мен өмірбаяны жайында сағаттап айтуға бар.
Талайды тамсантқан, шетелдерге де шығып бірқатар көрмеге қатысқан Юрий Костанянц қазір 70-тен асты. Сөйте тұра сүйікті кәсібін тастағысы жоқ. Қайта осы істі жалғайтын шәкірт тәрбиелеп, ізгі өнердің үзіліп қалмауын күйттеп әлек.
Юрий Костанянцтың мұражай-үйі ағаш мүсінге толып тұр. 400-ден аса экспонат бар. Шебер туындыларының басым бөлігін қазақ елінің тарихына, жаугершілік заманда жерін қорғаған хандар мен батырларға арнаған. «Әр кейіпкердің бет-әлпетіне ғана емес, мінезіне де терең мән бердім», - дейді. Келгендерге тарихи деректер мен аңыз әфсаналарды жалықпай айтып береді.
Ол 12 жыл бұрын Париж төрінде көрме өткізіп, өнер сүйер қауымды тәнті етті. Қазір кей туындысын аттай қалап тапсырыс арқылы алдыртып жатқандар көп.
Юрий Костанянц, мүсінші:
- Өз ісіңді жан-тәніңмен сүйсең, оған қатысты нәрсенің бәрі де саған қызық болады. Мен әрбір кейпкерді мінезін, ерекшелігін, өмір сүрген ортасын қоса зерттеп шығамын. Бұл үлкен жұмыс. Бір туындымен айлап-жылдап отырып қалуың мүмкін. Десе де нәтижесін көргенде шаршағанның ұмытылады.
Батырлармен қатар, Кенесары, Абылай ,Хақназар хандардың өр бейнесі көрген адамды таң қалдырады. Әйгілі қолбасшы Шыңғысхан мен оның ұрпақтары да ағаштан ойылған.
Айзада Дугисова, қала тұрғыны:
- Әр туындыны қарап шықтым. Кішкене бөлшектеріне дейін дәл сипатталған. Тіпті қолдан жасалған мүсін дейге ауызың бармайды.
Ал Жәнібек пен Керей ханның композиясын бедерлеу үшін автор алты ай уақытын жұмсапты.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Мүсінші тек абыз-ақын, батырлардың бейнесін ағаштан түйіп қана қоймаған. Ол қазақтың салт дәстүрін, бұрынғы тұрмыс тіршілігін де ерекше ұсына білген. Мәселен мына Керей Жәнібек хандардың композиясында осыны байқауға болады. Кимешек киіп, қазан ошақ қасында жүрген ана, бүрмелі көйлек киген келіншек, киіз үй әдемі көрініс тапқан.
Юрий Костанянцтың айтуынша, бүгінде ағаштың «тілін» білетін ұста табу қиын. Қазір үш көмекшісі ғана бар. Шеберханада тақырыптық алты жоба басталды.
Авторлары: Эльмира Ахметова. Дмитрий Пыхтин