Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы қаржыландырудың қолжетімділігіне, өндірістік инфрақұрылымның жаңаруына және шаруалардың жаңа маусымға алдын ала дайындалуына тікелей байланысты. Әсіресе, егіс науқаны қарсаңында тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектерге жұмсалатын шығынды дер кезінде қамтамасыз ету – аграрлық кәсіпорындар үшін маңызды міндет. Осы ретте «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өңір шаруаларын қолдауда айрықша рөл атқарып отыр.
Абай облысы бойынша корпорация филиалы 2022 жылғы 13 қазанда, облыс құрылғаннан кейін көп ұзамай жұмысын бастаған. Содан бері өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніне 40 миллиард теңгеден астам инвестиция бағытталған. Бұл – ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға, шаруашылықтардың әлеуетін арттыруға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қомақты қолдау.
Филиал директоры Берік Нұрмағамбетовтің айтуынша, биылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына арналған «Кең дала-2» бағдарламасы аясында 199 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге жалпы сомасы 13,7 миллиард теңге қаржы берілген. Қаржыландырумен қамтылған егіс алқаптарының көлемі шамамен 130,8 мың гектарды құрайды. Бұл көрсеткішке ерте қаржыландыру да кіреді.
Өткен жылмен салыстырғанда қаржыландыру көрсеткіштерінде айтарлықтай өсім байқалады. Қолдау алған шаруашылықтар саны 16 пайызға, қаржыландыру көлемі 52 пайызға, ал қаржыландырылған егіс алқаптарының көлемі 30 пайызға артқан.
– Бұл көрсеткіштер бағдарламаның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында үлкен сұранысқа ие екенін айқын көрсетеді. Аграршылар үшін қаржыландырудың уақытылы берілуі көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде жүргізуге, егін жинау науқанын қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге және жалпы ауыл шаруашылығы маусымын сенімді жоспарлауға мүмкіндік береді, – дейді Берік Нұрмағамбетов.
Оның сөзінше, келесі маусымға дайындық та басталып кеткен. 1 қазаннан бастап 2027 жылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына арналған «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдануда.
– Қазіргі басты міндетіміз – Абай облысының аграрлық сала шаруашылықтарын барынша қолжетімді әрі уақтылы қаржыландырумен қамтамасыз ету. Бұл оларға жаңа маусымға алдын ала дайындалып, жұмыстарын сенімді жоспарлауға мүмкіндік береді, – дейді филиал директоры.
Корпорацияның қаржыландыру тетіктерінің тиімділігін өңірдегі нақты шаруашылықтардың тәжірибесінен де көруге болады. Пресс-тур барысында барған кәсіпорындардың бірі – «Бескарағай BA AGROGROUP» ЖШС. Бесқарағай өңірінде жұмыс істейтін шаруашылық егіншілік саласында заманауи технологияларды пайдаланып, өндіріс көлемін ұлғайтуға күш салып келеді.
Кәсіпорын басшысы Александр Янкидің айтуынша, ұжым Балапан ауылына 2017 жылы келген. Содан бері шаруашылықтың өндірістік әлеуеті біртіндеп артып, қазіргі таңда егіс алқаптарының жалпы көлемі 40 мың гектарға жеткен.
– Біздің ұйым салыстырмалы түрде жас. Біз Балапанға 2017 жылы келдік. Содан бері осы жерде жұмыс істеп келеміз. Қазіргі таңда егіс алқаптарының жалпы көлемі 40 мың гектарды құрайды. Күнбағыс, бидай және күздік қара бидай егеміз. Әртүрлі дақылдарды сынап көрдік, алайда өзен аңғарындағы егіншілік аймағының ерекшеліктерін ескере отырып, әзірге осы дақылдарға тоқтадық, – дейді Александр Янки.
Шаруашылықта 56 адам еңбек етеді. Олардың қатарында іссапармен келген 14 қызметкер бар. Жұмысшылар жатақханамен және тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Өндірістік жұмыстарды атқаруға қажетті ауыр техника, тракторлар, астық жинайтын комбайндар, өздігінен жүретін бүріккіштер, жүк көліктері мен егіс кешендері бар.
Егіс науқаны кезінде шаруашылықтың жұмыс қарқыны жоғары. Күнбағыс себу барысында тәулігіне 800-1000 гектарға дейін алқапқа тұқым себіледі. Көктемгі дала жұмыстарының мерзімінде атқарылуы да маңызды. Биыл көктемгі жұмыстардың ерте басталуы агротехникалық шаралардың уақытын шамамен бір айға жылжытқан. Шаруашылықта алдымен топырақтағы ылғалды сақтау жұмыстары жүргізіліп, одан кейін күнбағыс егуге жер дайындалады. Маусым айынан бастап өсімдіктерді химиялық өңдеу және қатар аралық культивация жұмыстары қолға алынады. Сонымен бірге күздік дақылдарға қатысты жұмыстар да жалғасады. Егіншілік көлемі ауқымды болғандықтан, техника жұмыстың уақытында орындалуына тікелей әсер етеді. Қазіргі қолда бар техникалар негізгі міндеттерді атқаруға жеткілікті. Дегенмен шаруашылық алдағы уақытта жер көлемін ұлғайтуды жоспарласа, техника паркін кеңейту қажеттілігі де туындайды.
Александр Янкидің айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылық қолдау өндірістік шығындарды өтеуге және егін жинау науқаны кезінде тиімді шешім қабылдауға көмектеседі.
– Шаруашылық басшысының айтуынша, алынған қаражатқа тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдары, дизель отыны мен қосалқы бөлшектер сатып алынады. Әсіресе, егін жинау кезінде нарықтағы баға тұрақсыз болған жағдайда бағдарламаның пайдасы зор. Оның арқасында өнімді бірден төмен бағамен сатуға асықпай, қолайлы бағаны күтіп, кейін тиімдірек бағамен өткізуге мүмкіндік аламыз. Бұл өз кезегінде шаруашылығымызды одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Қаржыландыруға өтінімдерді қарау мерзімінің де маңызы зор. Кәсіпорын өкілінің айтуынша, өтінімдерді қарау мен шешім қабылдау шамамен бір ай ішінде жүзеге асады. Бұл шаруаларға алдағы жұмыстарын жоспарлауға мүмкіндік береді.
Өңірдегі аграрлық өндірістің тағы бір маңызды бағыты – өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын өзара байланыстыра дамыту. Осы бағытта жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындардың бірі – «Агрофирма Приречная» өндірістік бірлестігі. Жаңасемей ауданында, Ертіс өзенінің жағасында орналасқан агрофирма егіншілікпен қатар асыл тұқымды мал өсірумен айналысады.
Кәсіпорын директоры Қанат Әлмұхамедовтің айтуынша, шаруашылық қазақтың ақбас және әулиекөл тұқымдары бойынша асыл тұқымды мал өсіру бағытындағы репродуктор мәртебесіне ие. Өсімдік шаруашылығында негізінен мал азығы мен көкөніс өндіруге басымдық берілген.
– Біздің агрофирмамыз Абай облысының Жаңасемей ауданында, Ертіс өзенінің жағасында орналасқан. Шаруашылығымыз асыл тұқымды мал өсіру бағытындағы репродуктор мәртебесіне ие. Негізгі екі бағытымыз бар: өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы. Мал шаруашылығы бойынша екі тұқымнан – қазақтың ақбас және әулиекөл тұқымдарынан асыл тұқымды мал өсіру бағытындағы репродуктор мәртебесіне иеміз. Ал өсімдік шаруашылығында негізінен мал азығын және көкөніс өнімдерін өндіреміз. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен тұрақтандыру қоры бойынша келісімшартымыз бар. Соған сәйкес Семей қаласы мен оған жақын аудандарды көкөніс өнімдерімен тікелей қамтамасыз етеміз, – дейді Қанат Әлмұхамедов.
Агрофирма бүгінде Абай облысында қалыптасып келе жатқан ет кластерінің құрамына енген. Кәсіпорын Шақарман ауылында салынған ет комбинатымен серіктестік туралы келісімшарт жасасқан. Сонымен қатар агрофирмаға жақын маңда бір мезгілде 5 мың бас ірі қара ұстауға арналған бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде.
Бұл өндірістік тізбекте асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтың орны ерекше. Мұнда өсірілген бұзаулар мен жас бұқалар кейін бордақылауға жіберіліп, одан әрі ет комбинатына өткізуге дайындалады. Осылайша, мал өсіру, бордақылау және ет өңдеу бағыттарын өзара байланыстыруға мүмкіндік туады.
Ет кластерінің тұрақты жұмыс істеуі үшін мал басын көбейтумен қатар, оны қажетті жемшөппен қамтамасыз ету де маңызды. Агрофирманың жалпы егістік жер көлемі шамамен 3 мың гектарды құрайды. Оның 1800 гектары – суармалы алқап. Жүз гектарға жуық жерде көкөніс өсіріледі. Ал суармалы жерлердің негізгі бөлігі жүгеріге бөлінген. Одан сүрлем және басқа да мал азығы дайындалады. Сонымен қатар шаруашылық көпжылдық жоңышқа мен судан шөбін егеді.
Алдағы уақытта кәсіпорын мал азығын өндіру мүмкіндігін кеңейтуді көздеп отыр. Осы мақсатта Мұздыбай бөлімшесіндегі 845 гектар жайылымдық жерді суармалы алқапқа айналдыру жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Жоба іске асса, шаруашылық өзіндегі асыл тұқымды малды да, бордақылау алаңын да қажетті жемшөппен қамтамасыз етуге мүмкіндік алады.
Агрофирма басшысы өндірісті дамытуда мемлекеттік қолдаудың маңызы зор екенін атап өтті. Өткен жылы кәсіпорын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жалпы сомасы 360 миллион теңгеге сегіз суару машинасын жаңартқан. Бұл ретте субсидия түріндегі қолдау да көрсетілген.
– Өткен жылы ескірген суару машиналарын жаңарту үшін қаржыландыру алдық. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жалпы сомасы 360 миллион теңгеге сегіз суару машинасын ауыстырдық. Бұл ретте субсидия түріндегі қолдау да айтарлықтай болды. Жаңартуды былтыр жүзеге асырдық, ал биыл суару жүйесінің жұмысы мен ұйымдастырылуындағы өзгерістерді анық сезініп отырмыз. Жаңа техникамен жұмыс істеу әлдеқайда жеңіл, қолайлы әрі ыңғайлы болды. Ал Мұздыбайдағы 845 гектарға арналған жоба аясында барлық инфрақұрылым жаңадан жасалатыны түсінікті. Бұл бағытта да мемлекет тарапынан қолдау болады деп үміттенеміз, – дейді Қанат Әлмұхамедов.
Бұдан бөлек, агрофирма биыл көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін пайыздық мөлшерлемесі субсидияланатын «Кең дала» бағдарламасы бойынша да несие алған. Кәсіпорын басшысының айтуынша, бұл қаржы күрделі өндірістік жұмыстарды уақытылы атқаруға көмектескен.
Биылғы маусым шаруалар үшін оңай болмағаны белгілі. Жаздағы аптап ыстық пен жауын-шашынның қолайсыз кезеңдері егіншілікке өзіндік қиындықтар туғызды. Соған қарамастан, агрофирмада өнім жинау жұмыстары жалғасып, қоймаларға көкөніс жеткізу және мал азығын дайындау міндеттері орындалып жатыр.
Кәсіпорын жүгері өсіру бағытында да тәжірибе жинақтап келеді. Биыл сүрлемге арналған 13,5 мың тонна жүгері өндірілген. Бұған қоса, жоңышқа мен судан шөбінен шамамен 5 мың тонна пішендеме дайындалған. Жүгерінің он буданы сынақтан өткізіліп, олардың өнімділігі салыстырылған. Бұл келесі маусымға тиімді тұқым таңдап, өндіріс нәтижесін жақсартуға мүмкіндік береді.
Картоп өсіруде де тұқым сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Шаруашылық келесі жылға қажетті тұқымдық картоп қорын өз күшімен қамтамасыз еткен. Нидерландтан әкелінген элиталық тұқым көбейтіліп, ішкі қажеттілікке пайдаланылып отыр. Агрофирманың жұмысы өнім өндірумен ғана шектелмейді. Кәсіпорын Семей қаласын картоппен және басқа да көкөніс түрлерімен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді орындайды. Бұл ретте әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен жасалған тұрақтандыру қоры келісімшарттарының маңызы зор. Көкөністерді жинап қана қоймай, оларды сапасын жоғалтпай сақтау да – өндірістің маңызды кезеңі. Агрофирмада жалпы сыйымдылығы 12 мың тонна болатын жеті қойма бар. Олардың бірі голландиялық технологиямен жабдықталған және 4 мың тонна өнім сақтауға арналған.
Көкөніс қоймасы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы Тілеубек Толымғожиннің айтуынша, негізгі міндет – жиналған өнімді көктемге дейін сақтап, халыққа тұрақты жеткізіп отыру.
– Біздің негізгі міндетіміз – жиналған өнімді көктемге дейін сапасын жоғалтпай сақтау. Сонымен қатар, жұмысымыздың маңызды бағыты – тұрақтандыру қорымен жұмыс істеу, – дейді ол.
Оның сөзінше, тұрақтандыру қоры аясында Семей қаласындағы сауда орындарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері белгіленген төмендетілген бағамен жеткізіледі. Биыл 1 қарашадан бастап қалаға көкөніс жеткізу жоспарланған. Кәсіпорын келісімшарттарда көрсетілген көлемді қамтамасыз етуге дайын.
– Қазіргі уақытта өнімді қоймаларға орналастыру жұмыстарын жоспарға сәйкес жүргізіп жатырмыз. Биылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жоспарланған көлемді жинап, сақтауға үлгеріп келеміз. Өнім көлемі күткенімізден сәл төмен болуы мүмкін, дегенмен жалпы алғанда, биылғы өнім жаман емес, жақсы өнім алдық, – дейді Тілеубек Толымғожин.
Пресс-тур барысында танысқан екі шаруашылықтың тәжірибесі аграрлық саланы қаржыландырудың маңызын айқын аңғартты. Бір кәсіпорын кең алқаптарда егін егіп, техника паркін тиімді пайдаланып, өндіріс ауқымын арттыруға ұмтылса, екіншісі өсімдік және мал шаруашылығын ұштастырып, ет кластеріне қажетті өндірістік негіз қалыптастыруда. Екеуіне де ортақ міндет – шығынды оңтайландырып, өнім көлемін арттыру және нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету.
Мемлекеттік қолдау шаруашылықтарға қажетті ресурстарды уақытында сатып алуға, суару жүйелерін жаңартуға, мал азығын дайындауға және өнімді сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ұсынатын қаржыландыру тетіктері аграрлық кәсіпорындардың маусымдық жұмыстарын жоспарлы жүргізуіне жағдай жасайды.
Ауыл шаруашылығында нәтиже бір күнде қалыптаспайды. Оның артында жыл бойғы еңбек, техника, тәжірибе және уақытылы қабылданған шешімдер тұр. Сондықтан шаруаларды қолдау – жеке кәсіпорындардың дамуына ғана емес, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне, ауылдағы жұмыспен қамтуға және жалпы агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды инвестиция.
Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ, Абай облысы