Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысында аграрлық секторда су тұтынуды азайту мәселесіне айрықша мән беріліп келеді. Мемлекеттік органдар мен өңірлер бірлесіп жүзеге асырып жатқан кешенді шаралар өндіріс көлемі мен өнімділікке нұқсан келтірмей, су ресурстарын ұтымды пайдалануға бағытталған.
Былтыр желтоқсан айында Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарының шаруаларымен арнайы жиын өткізіліп, су көп қажет ететін дақылдар – күріш пен мақта егістіктерін қысқарту мәселесі қаралған болатын. Бұл жұмыс биылғы жылдың қаңтар айында Алматы және Жетісу облыстарында жалғасты. Нәтижесінде фермерлерге болжамды су қорларын ескере отырып белгіленген су пайдалану шектері жеткізілді.
Қазіргі таңда егіс алқаптары 2026 жылға арналған белгіленген шектерге сәйкес бекітілді. Атап айтқанда, күріш егістігі 20,2 мың гектарға қысқартылды. Оның ішінде Қызылорда облысында – 10,9 мың, Түркістан облысында – 7,4 мың, Алматы облысында – 1,9 мың гектарға азайды.
Сонымен қатар су пайдаланудың тиімділігін арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатыр.
Мақта алқабының жалпы көлемі 162,4 мың гектар деңгейінде сақталғанымен, суару тәсілдері едәуір өзгерді. Тамшылатып суару алаңы 29,8 мың гектарға ұлғайып, 79,8 мың гектарға жетті. Ал дәстүрлі суару әдістері 12 мың гектарға қысқарып, 82,6 мың гектарды құрады. Бұл өз кезегінде су шығынын азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Вегетациялық кезеңнің өту барысы Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің, сондай-ақ өңірлік әкімдіктердің тұрақты бақылауында. Су жеткіліктілігі мен егіс жағдайына жедел мониторинг жүргізіліп отыр.
Биылғы жылы жалпы егіс алқабы шамамен 23,8 млн гектар, бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Егіс құрылымын әртараптандыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарып, 12,1 млн гектар болды. Ал өнімділігі жоғары әрі су аз қажет ететін дақылдардың үлесі артты. Мәселен, майлы дақылдар 4 млн гектардан асады (+55 мың га), мал азықтық дақылдар 3,3 млн гектарға жетеді (+237 мың га), ұйымдасқан шаруашылықтардағы картоп алқабы 94,5 мың гектарға дейін ұлғайтылды.
Оңтүстік өңірлерде егіс науқаны басталып, 202 мың гектар жерге егін егілді. Оның ішінде 113,6 мың гектары – дәнді дақылдар, 32,3 мың гектары – мал азықтық дақылдар, 23,7 мың гектары – майлы дақылдар, ал 32,1 мың гектары – көкөніс, бақша дақылдары мен картоп болды. Қалған өңірлерде дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Тұқым қоры тексеріліп, дизель отыны мен минералды тыңайтқыштар жеткізіліп отыр.
Тұқым қорының көлемі 2,3 млн тонна. Сапасы жоғары талаптарға сай. Тыңайтқыш енгізу көлемі де осы деңгейде жоспарланған.
Дала жұмыстарын уақытылы жүргізу мақсатында аграршыларға 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.
Ауыл шаруашылығы техникасы 90%-ға дейін дайын. Шаруашылықтарда 133,9 мың трактор, 5,6 мыңға жуық жоғары өнімді егіс кешені, 71,4 мың сепкіш және 188,5 мың топырақ өңдеу құралдары бар.
Жалпы алғанда, егіс құрылымын оңтайландыру, су үнемдеу технологияларын енгізу және су пайдалану шектерін қатаң сақтау су ресурстарына түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, тұрақты әрі мол өнім алудың кепілі саналады.
Жалпы айтқанда, көктемгі егіс науқанының барысы Үкіметтің тұрақты бақылауында.
Айта кетелік Түркістандық диқандар Ресейге ерте пісетін қырыққабат өнімін экспорттаған еді.