Агроөнеркәсіп кешенін цифрландырудағы өзекті мәселелерге назар аударылды

01.04.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Министр Президент тапсырмасына сәйкес 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын алға тарта отырып, бұл бағыт аграрлық саланың тиімділігі мен ашықтығын арттыру, заманауи технологияларды енгізуді жеделдету, өнім сапасын жақсарту және экспорттық әлеуетті күшейту үшін аса маңызды екенін атап өтті.

— Ауыл шаруашылығы саласында төрт негізгі ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Олардың қатарында бірнеше бөлімнен тұратын жануарларды сәйкестендіру жүйесі және экспорт-импорт операцияларын тіркеу жүйесі бар. Бұл ретте әсіресе, субсидиялау жүйесі тұрақты әрі кідіріссіз жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта тағы екі ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр. Осы бағыттағы барлық жұмыс белгіленген мерзімде толық аяқталуы тиіс, — деді министр.

Министрлік салалық жүйелерді толық біріктіріп, тиімді деректер алмасуды қамтамасыз ететін бірыңғай аграрлық цифрлық платформаны құру жұмыстарын жалғастырып отыр.

Мал шаруашылығы саласында деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуге, толық бақылау жүйесін қалыптастыруға баса көңіл бөлінеді. Осы мақсатта қолданыстағы жүйелер жаңғыртылуда, оның ішінде «ВетБез»(ветеринариялық қауіпсіздік) жүйесі де бар. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жүйесі ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай жетілдіріліп, кейін бірыңғай платформаға біріктіріледі.

Өсімдік шаруашылығында тұқым мен тыңайтқыштан бастап, дайын өнімді өткізуге дейінгі барлық кезеңді қамтитын бақылау жүйесі қалыптастырылып жатыр. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, жалған есептіліктің алдын алуға мүмкіндік береді.

Субсидиялау жүйесі толықтай цифрлық форматқа көшірілген және мемлекеттік қолдаудың 20 бағытын қамтиды. Биыл мобильді қосымша іске қосылып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге кеңес беретін жасанды интеллект негізіндегі чат-бот енгізіледі деп жоспарланған.

Негізгі міндеттердің бірі — «е-АӨК» бірыңғай цифрлық экожүйесін қалыптастыру. Оның шеңберінде салалық деректер қоймасы құрылып, жасанды интеллект негізінде талдау жүйелері дамытылады.

Министр баяндамаларды тыңдап болғаннан кейін жобаларды іске асыруды жеделдетуді және орындаушылардың жеке жауапкершілігін арттыруды талап етті.

— Барлық мал басы толық сәйкестендірілуі тиіс. Ал өсімдік шаруашылығындағы жүйе фермерге қолайсыздық тудырмайтындай, ыңғайлы болуы керек. Оның міндеті — күрделі жүйелердің әуре сарсаңына түсу емес, сапалы, мол өнім алу, — деді Айдарбек Сапаров.

Одан әрі салалық жүйелерге жасанды интеллект элементтерін қысқа мерзімде енгізуді күшейту тапсырылды. Бұл қызметтердің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, министр 2025 жыл дайындық кезеңі есебінде өткенін, ал 2026 жылы сала нақты нәтижелер көрсетіп, толыққанды цифрлық экожүйеге көшуі тиіс екенін баса айтты.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью