Ахан Телманов: Төтенше жағдайдың алдын алу оның салдарымен күресуден тиімді

11.07.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

 Сондықтан бүгінде өнеркәсіптік қауіпсіздік бақылау мен есеп берудің мәселесі ғана емес, басқару мәдениетінің өлшеміне айналып келеді. Осы мәселе төңірегінде Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті басқармасының басшысы Ахан Телмановпен бағыттың ел экономикасы үшін маңызы туралы әңгімелестік.

– Кейінгі жылдары өнеркәсіптік қауіпсіздікке деген көзқарас қалай өзгерді? Бүгінде бұл мәселе неге бұрынғыдан да маңызды болып отыр?

– Бірнеше жылда өнеркәсіптік қауіпсіздікке деген көзқарас ай­тар­лықтай өзгерді деп айтуға болады. Бұрын бұл ұғым көбіне өндірістегі талаптарды орындау немесе кезекті тексерістен өтумен байланыстырылып келсе, қазір оған әлдеқайда кеңірек қараймыз. Өнеркәсіптік қауіпсіздік – бұл тәуекелдерді алдын ала анықтап, олардың төтенше жағдайға ұла­суына жол бермеуге бағытталған тұтас басқару жүйесі.

Әсіресе мұнай-газ саласы үшін бұл өте өзекті. Себебі бұл сала Қазақстан экономикасының негізгі тіректерінің бірі саналады. Оның тұрақты жұмысы энергети­калық қауіпсіздікке ғана емес, өңірлердің дамуына, инвестиция­лық тартымдылыққа және ел экономикасының орнықтылығы­на тікелей әсер етеді. Бірақ осы­ның бәрінің артында өте күрделі технологиялық жүйе бар. Көмір­сутектерді өндіру, тасымалдау және өңдеу процестері жоғары қысыммен жұмыс істейтін жаб­дық­тарды, құбыр жүйелерін, ре­зервуарлық инфрақұрылымды, сондай-ақ өрт пен жарылыс қаупі жоғары ортаны қамтиды. Сон­дық­тан мұндай объектілерді пай­далану тұрақты бақылауды, тех­нологиялық тәртіпті және тә­уе­келдерді жүйелі басқаруды талап етеді.

Қауіпті өндірістік объектідегі кез келген ірі апаттың салдары бір кәсіпорынның шеңберімен шек­телмейді. Ең алдымен адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп тө­неді, қоршаған ортаға зиян ке­леді, өндірістік процестер тоқтап, экономикалық шығындар туын­дайды. Сондықтан бүгінгі көз­қарас бойынша қауіпсіздік – апат болғаннан кейін әрекет ету емес, оның алдын алу. Заманауи тәсіл­дің негізгі қағидасы да осы: қауіпті сценарийдің дамуына жол бермеу оның салдарын жоюдан әлдеқай­да тиімді.

Сондықтан қазір жабдықтың техникалық жай-күйін бақылауға, уақытылы диагностика жүргізуге, технологиялық режимдерді сақ­тауға, өндірістік бақылауды кү­шей­туге және ықтимал тәуекел­дерді тұрақты талдауға ерекше назар аударылады. Өнеркәсіптік қауіпсіздіктің қазіргі филосо­фия­сы дәл осы алдын алу қағидатына негізделген.

– Статистикаға қарасақ, қа­уіпті өндірістік объектілердегі апат­тар әлі де тіркеліп жатыр. Мұндай оқиғалардың негізгі себептері қан­дай және олардың алдын алуға не кедергі?

– Статистика бұл мәселенің әлі де өзекті екенін анық көрсе­теді. Ведомстволық деректерге сәйкес, 2022-2025 жылдары рес­публикадағы қауіпті өндірістік объектілерде 92 апат тіркелген. Соның салдарынан 184 адам зардап шегіп, оның ішінде 98 адам қаза тапқан. Ал 2026 жылдың то­лық емес дерегінің өзінде 14 апат тіркеліп, 12 адам зардап шеккен, оның алтауы көз жұмған. Әрине, 2026 жылғы көрсеткіштер толық жылды қамтымайды, сондықтан оларды алдыңғы кезеңмен тікелей салыстыруға болмайды. Дегенмен бұл деректер өнеркәсіптік қауіп­сіздіктің жай ғана техникалық талап емес, бүкіл өнеркәсіптік сек­тордың тұрақтылығы мен жа­уапкершілігіне қатысты мәселе екенін дәлелдейді.

Тәжірибе көрсеткендей, ірі апаттар көбіне аяқастынан бол­майды. Оған дейін көптеген ұсақ мәселе жиналады. Мысалы, жөн­деудің кейінге қалдырылуы, уа­қытында жойылмаған ақаулар, жабдыққа қатысты ескертулер­дің қордалануы, тәуекелдердің жеткі­ліксіз бағалануы немесе өндіріс­тегі жекелеген процес­тердің фор­малды түрде ғана ба­қылануы. Осындай шағын ауыт­қулар уақыт өте келе бір-бірімен байланысып, үлкен апатқа алып келуі мүмкін.

Сондықтан алдын алу жұ­мыстары қағаз жүзінде ғана емес, нақты өндірістік процестің ажырамас бөлігі болуы керек. Егер тәуекелдер уақытында анық­талып, қажетті техникалық және ұйымдастырушылық шаралар дер кезінде қабылданса, көптеген төтенше жағдайдың алдын алуға болады. Басты міндет – апаттың салдарымен күресу емес, оның пайда болуына мүмкіндік бермеу.

– Көп жағдайда апаттарға «адами фактор» себеп болады деп айтылады. Бірақ оның астарында қандай басқарушылық немесе жүйелік мәселелер жатады?

– «Адами фактор» деген ұғымды біз көбіне бір қызмет­кердің қателігімен байланыс­ты­рамыз. Бірақ өнеркәсіптік қауіп­сіздік тұрғысынан қарасақ, бұл түсінік әлдеқайда кең.

Көп жағдайда оқиғалардың негізгі себептері жекелеген жұ­мыс­кердің бірреттік әрекетінен емес, басқарушылық және ұйым­дастырушылық шешімдерден туындайды. Яғни тәуекелдерді төмендету бойынша шаралардың уақытылы қабылдануы, өндірістік бақылаудың дұрыс ұйымдасты­рылуы, объектінің техникалық жай-күйіне объективті баға бе­рілуі, мердігер ұйымдармен өзара іс-қимылдың сапасы және қауіп­сіздік мәселелерінің кәсіпорынды басқару жүйесіндегі орны шешуші рөл атқарады.

Сондықтан бүгінде қауіпсіздік мәдениеті туралы жиі айтылады. Оның мәні – өнеркәсіптік қауіп­сіздік талаптарының тек құжат­тарда емес, күнделікті өндірістік қызметтің ажырамас бөлігіне айналуы. Әрбір шешім қабылдан­ғанда ең алдымен қауіпсіздік ескерілуі тиіс. Өйткені қауіпсіздік тек мемлекеттік органдардың немесе кәсіпорындардың міндеті емес. Қауіпті өндірістік объек­тілердің сенімді жұмысы өңір­лердің экологиялық қауіпсіздігіне, экономикалық тұрақтылығына, қоғамның өнеркәсіптік дамуға деген сеніміне және ең бастысы – адамдардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді.

– Мұнай-газ саласында «алдын алу мәдениетін» қалыптастыру үшін кәсіпорындар қандай нақты қадамдарға басымдық беруі керек? Бұл бағытта жаңа технологиялар мен тәуекелдерді басқару жүйесінің рөлі қандай?

– Бүгінде ең маңызды міндет­тердің бірі – қауіпсіздікті өндірістегі қосымша талап ретінде емес, күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігіне айналдыру. Өйткені алдын алу мәдениеті дәл осындай көзқарастан басталады. Егер қауіпсіздік мәселесіне тек тексеру кезінде немесе қандай да бір оқиға болғаннан кейін  көңіл бөлінсе, онда оның тиімділігі төмен болады.

Сондықтан кәсіпорындар ең алдымен жабдықтардың техни­калық жай-күйін тұрақты бақы­лауға, уақытылы диагностика жүргізуге, технологиялық режим­дердің сақталуына және өндірістік бақылаудың сапасына басымдық беруі қажет. Сонымен қатар ық­тимал тәуекелдерді жүйелі түрде талдап, олардың алдын алуға бағытталған шешімдерді дер ке­зінде қабылдау өте маңызды. Қауіпті сценарийдің дамуына жол бермеу – бүгінгі өнеркәсіптік қауіпсіздіктің негізгі қағидасы.

Қазір бұл бағытта мемлекеттік саясат та өзгеріп келеді. Азамат­тық қорғау саласындағы заңна­маға енгізілген соңғы өзгерістер профилактикалық тетіктерді кү­шейтуге бағытталған. Яғни басты назар апат болғаннан кейінгі әрекетке емес, оның алдын алуға аударылып отыр. Мемлекеттік бақылау тәсілдері жетілдірілуде, адамдардың өмірі мен денсау­лы­ғына қауіп төндіретін бұзушы­лықтар анықталған жағдайда жедел әрекет ету тетіктері дамып келеді. Сонымен бірге өндірістік тәуекелдерді басқару мен алдын алу шараларының маңызы артып отыр.

Өндірістік объектілердің тех­нологиялық күрделілігі жылдан-жылға өсіп келеді. Соған сәйкес, олардың сенімділігіне қойылатын талаптар да күшейіп жатыр. Сон­дықтан тәуекелдерді басқару жүйесі мен техникалық бақылау құралдары бүгінгі күні өндірістің тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істе­уінің негізгі элементтерінің біріне айналды. Бұл – тек заң талаптарын орындау  емес, кәсіпорынның ұзақмерзімді тұрақтылығын қам­тамасыз ететін басқару мәде­ниеті.

– Алдағы жылдары Қазақ­станда өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту үшін қандай өзгерістер қажет деп санайсыз? Бұл эконо­миканың тұрақтылығы мен аза­маттардың қауіпсіздігіне қалай әсер етеді?

– Менің ойымша, алдағы ке­зеңде ең маңызды өзгеріс – алдын алу қағидатын одан әрі күшейту болуы керек. Өнеркәсіптік қауіп­сіздік тек салалық мәселе ретінде қарастырылмауы тиіс. Оның нә­ти­жесі ел экономикасының ор­нық­тылығына, өңірлердің эколо­гиялық қауіпсіздігіне, қоғамның өндіріс саласына деген сеніміне және адамдардың өмір сүру са­пасына тікелей әсер етеді.

Мұнай-газ саласы Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар сала болып қала береді. Бірақ оның әрі қарай тұрақты дамуы өндірістік объектілерді қауіпсіз пайдаланусыз және апаттардың алдын алу мәдениетін қалыптас­тырмай мүмкін емес. Сондықтан қауіпсіздікке жұмсалған әрбір күш пен әрбір шешім тек бүгінгі өндірістің емес, болашақтағы тұрақты экономикалық өсімнің кепілі болып саналады.

Меніңше, заманауи өнеркә­сіптік қауіпсіздік тексеру бастал­ған сәттен немесе төтенше жағдай болғаннан кейін басталмайды. Ол әлдеқайда ертерек басталады. Яғни жөндеуді кейінге қалдырмау туралы шешім қабылданғанда, тәуекелді елемеуден бас тартқан­да, сенімділік есебінен үнемдемеу қағидаты сақталғанда қауіпсіздік қамтамасыз етіле бастайды.

Дәл осындай тәсіл ғана сала­ның ұзақмерзімді орнықты да­муына негіз бола алады. Экономи­калық өсім адамдардың өмірін сақтаумен, қоршаған ортаны қор­ғаумен және елдің өнеркәсіп­тік орнықтылығын нығайтумен қатар жүргенде ғана оның шы­найы нәтижесі болады. Сон­дықтан өнеркәсіптік қауіпсіздікке салынған инвестиция немесе қабылданған шешім – бұл тек бір кәсіпорынның мәселесі емес, тұтас елдің қауіпсіздігі мен тұ­рақты дамуына қосылған үлес. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Кәмила ДҮЙСЕН

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью