Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар аясында әлеуметтік мемлекеттің негізгі қағидаттары сақталып, азаматтардың білім алу мен медициналық көмекке қол жеткізу құқықтары толық қамтамасыз етіледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қоғамда қызу талқыланып жатқан бірқатар өзекті мәселеге тоқтала отырып мәлімдеді.
– Бүгінде Мемлекет басшысының ел дамуының стратегиялық бағдарына негізделген саяси реформаларының арқасында әділетті әрі ашық қоғам қалыптасты деуге толық негіз бар. Расында, азаматтардың Ата Заңның әрбір жолына үңіліп, оның мазмұны мен болашақтағы ықпалын терең пайымдауы – қоғамның саяси мәдениетінің кемелденгенін және азаматтық жауапкершіліктің артқанын аңғартады. Бұл мәселеде қолдау да, үміт те бар. Әрине, алаңдаушылық пен сын да жоқ емес. Мұның барлығы біз үшін маңызды әрі назардан тыс қалмауы тиіс. Бүгін мен қоғамды ерекше толғандырып отырған бірқатар көкейкесті мәселе мен әлеуметтік саладағы маңызды бағыттарға тоқталғым келеді. Біріншіден, әлеуметтік желіде мемлекет кепілдік беретін білім беру мен денсаулық сақтаудағы әлеуметтік міндеттемелер қысқартылады деген жаңсақ пікір тарап жатыр. Алайда жаңа Конституция жобасының преамбуласы мен бірінші бабында еліміздің әлеуметтік мемлекет екені нақты әрі айқын жазылған, – деді Аида Балаева.
Сонымен қатар ол ешкім медициналық көмек пен білім алу құқығынан айырылмайтынын атап өтті.
– Мына нәрсені айқын түсінуіміз керек: «тегін» деген ұғым құқықтық тұрғыдан нақтырақ – «азаматтар ақы төлемей, заңда белгiленген тәртіппен медициналық көмек алуға құқылы» деген тұжырымдамамен алмасты. Азаматтардың ақысыз негізде көмек алуына мемлекет кепілдік береді. Расында, аталған қызметтер ешқашан өздігінен тегін болған жоқ, олар әрдайым мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып келді. Осыған байланысты айтылып жүрген кез келген пайымның ешқандай негізі жоқ. Мемлекеттік бюджеттің 40 пайызға жуығы әлеуметтік салаға бағытталғанын да өздеріңіз жақсы білесіздер. Осы орайда, құжаттың 32 және 33-баптарында азаматтарымыз үшін ақысыз негізде медициналық көмек пен бастауыш және орта білім алу құқықтарының бекітілуі — шын мәнінде жоғарыда аталған адами капиталды дамытудың негізі екені сөзсіз. Сонымен бірге бұл баптардың 3-тармағында көрсетілген ақылы көмек алу құқығы да азаматтардың денсаулығын сақтаудағы мүмкіндіктерін арттыратын маңызды норма. Бұл тұрғыда ұсынылып отырған құқықтық тұжырым орынды деп санаймын, – деді Аида Ғалымқызы.
А.Балаеваның айтуынша, осындай кейбір баптарға қатысты ұғымдарда мазмұндық тұрғыда нақтылау қажет.
– Мәселен, 33-баптың 1-тармағында: «бастауыш және орта білім» деген тіркесті «орта мектеп» немесе «жалпы білім» ұғымымен алмастыруды ұсынамын. Өйткені, құқықтық тұрғыда елімізде мектеп қабырғасында алған білім бастауыштан емес, тек 9 және 11-сыныптардан кейін ғана құжат түрінде нақтыланады. Сонымен қатар 33-баптың 2-тармағындағы: «Қазақстан Республикасы азаматының заңға сәйкес мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурс негiзінде жоғары білім алуға құқығы бар» қағидасынан «мемлекеттік» деген сөзді алып тастауды ұсынамын. Себебі, бұл Конституцияның бұрынғы жобасынан қалған норма ретінде жоғары білім саласындағы қазіргі заманауи өзгерістерге сай келмейді. Атап айтқанда, біріншіден, бүгінде барлық мемлекеттік жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғам құқықтық статусында қызмет атқарады. Сондай-ақ азаматтарымыз мемлекеттің ақысыз жоғары білім алу құқығын тек мемлекеттік жоғарғы оқу орындарында ғана емес, жекеменшік университеттерде де пайдалана алады, – деді Үкімет басшысының орынбасары.