Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Талдықорған қаласында «Қайнар-АКБ» ЖШС алаңында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының мүшелері еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Іс-шара жаңа Конституция жобасы мен алда болатын республикалық референдум бойынша түсіндіру жұмысының бөлігі ретінде ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Кездесуге қатысушылар өндірістік алаңдарда диалог жүргізудің маңыздылығын атап өтті, өйткені дәл осы ортада тұрақтылық пен әділдікке деген сұраныс ерекше сезіледі. Іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, коалиция төрағасының орынбасары Аида Балаева, Мәжіліс депутаттары Руслан Қожасбаев пен Никита Шаталов, Әсет Қыдырманов және кәсіпорын басшылығы қатысты.
«90-жылдары да, қазіргі кезде де зауыт өндіріс жағынан өңірде көшбасшы болды. Мен «Кайнар» зауыты қаланың тұрақты жұмыс істеген бірегей кәсіпорындарының бірі болғанына куәмін. Содан бері нарық жағдайы өзгерді, алайда кәсіпорын өңірлік көшбасшы болып қалу үшін жаңғыртылып, дамып келеді. Әлем де, ел де өзгеруде. Біз жаңа жағдайларда дамып, жоғары даму қарқынын сақтау үшін ұзақ жылдарға арналған құндылықтар мен бағдарларымызды айқындап алуымыз қажет. Біздің таңдауымыздың негізі - Жаңа Конституция. Жаңа конституция мәтінінің өзегінде формалды құқықтық терминдер емес, ең алдымен – Адам, оның құқықтары мен қажеттіліктері тұр. Конституцияның адамға бағдарлануы оны азаматтар мен мемлекеттік органдардың құқықтары мен міндеттері арасындағы нақты тепе-теңдікті белгілейтін, сондай-ақ олардың арасындағы қарым-қатынастың жаңа жүйесін айқындайтын құқықтық актіге айналдырады», – деп атап өтті Аида Балаева.
Аида Балаеваның айтуынша, елдің жаңа Негізгі Заңы әрбір азаматтың еңбек етуге, қауіпсіз жағдайда жұмыс істеуге және әділ еңбекақы алуға құқығын ең жоғары деңгейде бекітеді, кемсітушіліктің кез келген түрін жоққа шығарады. Конституциялық нормалардың бірқатары өндірістік жарақаттануды азайтуға және еңбекке қабілеттілікті сақтауға тікелей бағытталған.
Кәсіпорын тарапынан «Қайнар-АКБ» ЖШС директоры Ербол Әжмағамбетов жоба төңірегіндегі қоғамдық талқылау мен өзара құрметке негізделген диалогтың маңызын атап өтті.
«Бүгінде мемлекеттік ауқымдағы шешімдердің қоғаммен ашық диалог арқылы қабылдануы аса маңызды. Сіздің қатысуыңызбен коалиция мүшелері жұмысының арқасында талқылау үдерісі ашық, мазмұнды әрі азаматтардың пікірін ескере отырып, өтуде. Біз атқарылған жұмыстың ауқымын кездесулер, баяндамалар, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі жарияланымдар арқылы көріп отырмыз. Бұл сенімді нығайтып, жауапты азаматтық ұстанымды қалыптастырады», – деді ол.
Жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Руслан Қожасбаев атап өтіп, құжаттың құқықтық жүйені жаңғыртуға және әділеттілікті нығайтуға бағытталғанын, азаматтардың құқықтарын қорғауды, қауіпсіздік пен әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ететінін айтты. Сондай-ақ Жетісу облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әсет Қыдырманов өз пікірін білдірді.
«Конституциядағы жеке меншікке қол сұқпау, заң алдындағы теңдік нормалары – жаңа жұмыс орындарының, технологиялардың, мүмкіндіктердің кепілі. Экономикалық тұрақтылық дегеніміз – уақытылы жалақы, заманауи құрал-жабдық, адамдардың ертеңгі күнге деген сенімі», – деп атап өтті ол.
Аида Балаева сондай-ақ жұмыс берушінің және мемлекеттік органдардың тиісті еңбек жағдайларын жасау жауапкершілігі елдің ең жоғары заңнамалық актісі деңгейіне көтерілгенін атап өтті. Мұның барлығы азаматтарға олардың құқықтары шектелмейтініне кепілдік береді.
Кездесу соңында қатысушылар жобаға қатысты ашық талқылаудың маңызын атап өтіп, референдум азаматтардың кеңінен қатысуымен өтуі үшін түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігін жеткізді.