Аида Балаева: Президент жаңа Конституцияның негізгі авторы

03.03.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Делегацияны Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап барды. Кездесуге Парламент Мәжілісінің депутаттары Ұлықбек Тұмашинов пен Сергей Пономарев, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, «Еуразия» бірінші арнасының баспасөз хатшысы Полина Шиманская, С.Аманжолов атындағы ШҚУ басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Төлеген және басқалары қатысты.

Жиын жаңа Конституция жобасына және 15 наурызда өтетін республикалық референдумға арналды. Үкімет басшысының орынбасары жаңа Ата Заң жекелеген өзге­рістерді емес, еліміздің одан әрі даму жолын стратегиялық тұрғыда айқындайтынын ерекше атап өтті. 

– Жалпыұлттық коалиция 18-күн ел аралап, Мемлекет басшысының жаңа Ата Заң бойынша референдум өткізу бастамасына қолдау көрсетіп келеді. Енді небәрі 13 күннен кейін бүкіл халық болып мемлекетіміздің алдағы көпжылдық тағдырын ресми түрде айқындайтын боламыз. Расында да, мән-мазмұны жағынан да, мақсат-мүддесі тұрғысынан да жаңа Конституцияны шын мәнінде «Халықтық» деп атауға толық негіз бар. Өйткені оның өзегінде қарапайым азаматтарымыздың көкейінде жүрген көп сұраныс көрініс тапты. 

Атап айтқанда, азаматтық құқықтардың едауір кеңеюі, олардың әлеуметтік мүдде­лерінің толық сақталуы, ілім-ғылым, инно­вация, мәдениет пен жалпы руханияттың салтанат құруы, ел экономикасының цифрлық дәуірдегі орны мен оған берер жауабы. Айта берсе бұл тізім Конституцияның барлық 96 бабын қамтитын жаңалықтарға жалғаса береді. Десе де, менің пікірімше, жаңа Ата Заңы­мыздағы ең басты новелла – тұтас қоғамның заңдылық пен әділеттілікке деген ұзақ жылдар бойы күткен сұранысын ең жоғарғы құқықтық тұрғыда қанағаттандыру, – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар Премьер-министрдің орынбасары жаңа Конституция жобасының тұжырымдамасы Президенттің жүйелі әрі жан-жақты ойластырған  бастамаларынан тұратынын атап өтті. 

– Шын мәнінде, жаңа Конституцияның көптеген прогрессивті жаңалықтары туралы айта отырып, оның 96 бабы мен 312 тармағы­ның өзегінде Әділет идеясы тұрғанын ерекше атап өткім келеді. Дәл осы ұғым Негізгі заң­ның Преамбуласынан бастап «қызыл жіптей» тартылып, оның мәтініндегі әрбір жаңа нормаға өз рухын дарытады. Өйткені бұл жай ғана заңнамалық нормалар туралы емес, бұл – адамдардың әділетті өмірге деген заңды сұранысы туралы. Ал ондай өмірді тек «әділетті заңдар», «жалпыға бірдей мой­ын­далған тәртіп» және, әрине, қоғамның жоғары рухани-адамгершілік қағидаттары қамтамасыз ете алады. Мұның барлығы – 2019 жылдан бері билік басына келген күннен бастап Президент жүргізіп келе жатқан мемлекеттік саясаттың негізіне айналған құндылықтар. Осы кезең ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан» тұжы­рым­дамасын жауапкершілік пен әділеттіліктің үйлесімі ретінде нық ілгерілетіп, құқықтар мен мүмкіндіктер теңдігін жақтап келеді, – деп атап өтті А.Балаева. 

Осы тұста министр Мемлекет басшы­сының «Әділеттілік – бұл заң мен тәртіптің қатаң сақталуын, сондай-ақ күшті әрі прогрессивті қоғам құру жолындағы адал еңбекті талап ететін мемлекеттің моральдық компасы» деген сөзін еске салды. 

– Шын мәнінде, Мемлекет басшысы заманауи шынайылық жағдайында нақты әрі бұлтартпас жауап табу оңай емес осындай сұрақтарға жауап іздеуге ашық түрде шақырды. Өйткені уақыттың өзі елді өзгерістерге, ең алдымен, оның құқықтық негіздерін жаңартуға жетелейді. Бұл ретте абстрактілі ұғымдарға емес, барлық істе, ең алдымен, халықтың өмір сапасын арттыруда әділет қағидаттарын басшылыққа алу маңызды болды. Прези­денттің өзі мойындағандай, «ол әрбір шешімді қабылдауда осы қағидатты ұстанады». 

Ел Президентінің сонау 2019 жылдан бері әрбір Жолдауында, әрбір бастамасында «Әділетті Қазақстанды» құрайық», «тәні де, жаны да таза қоғам қалыптастырайық», «азаматтарымыз тәртіпті, билік заңды ұстансын», «білім мен ғылым – қару, мәдениет пен руханият – қалқан болған мына заманда әлемнен қалмайық» деп келе жатқаны да сондықтан емес пе, – деп толықтырды Премьер-министрдің орынбасары.

Аида Балаева бәрі бір ғана мемлекеттің мойнында емес, ең алдымен сол мемлекетті күшті де қуатты ететін азаматтары екенін айтты. Сол үшін де Мемлекет басшысы «Адал азамат» идеясын қоғамның санасынан өткізіп, өскелең ұрпақтың жүрегіне жеткізуді міндет етіп отыр. Өйткені адал адам өз орта­сының ұйытқысы болса, адал қоғам – берекелі өмірдің жаршысы, ал адал мемлекет – баянды болашақтың басты кепілі.

– Сөз жоқ, оның ұшар биігінде әділетті, прогрессивті, адам мен азаматтың мүддесіне бейім Заң тұр. Алайда Заң – тек қондырма, ал ол берік негізсіз жұмыс істей алмайды. Бұл – өмірдің аксиомасы. Сондықтан алдымен саяси реформалар пакеті жүзеге асырылды. Оның нәтижесінде Президенттің 7 жылдық бір реттік өкілеттік мерзімі енгізілді, қайта сайлану құқығы алынып тасталды; Прези­дент­тің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші және квазимемлекеттік сектор басшысы лауазымдарын атқаруына тыйым салынды; Мәжіліске өту үшін партия­ларға қойылатын сайлау шегі 7%-дан 5%-ға дейін төмендетілді; саяси партияларды тіркеу тәртібі жеңілдетілді; бюллетеньге «Барлығына қарсы» деген баған енгізілді. Бұдан бөлек, Конституциялық сот қайта құрылды, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі күшейтілді, оның өңірлік өкілдіктері ашылды, аудан әкімдері мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жүйесі енгізілді және басқа да өзгерістер жүзеге асты.

Әрине, реформалардың кеңауқымды тізбегіндегі маңызды қадамдардың бірі – бір палаталы Парламентке көшу болды. Бұл реформаны Мемлекет басшысы өткен жылдың қыркүйегінде ұсынды. Қазан айының басында Президент бастамашылық еткен реформаны пысықтау мақсатында жұмыс тобы құрылды, – деп атап өтті Мәдениет және ақпарат министрі.

Аида Балаеваның сөзінше, кеңауқымды талқылауға заңгер-ғалымдар, сарапшылар, партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкіл­дері, сондай-ақ e-Otinish пен eGov платфор­малары арқылы өз ұсыныстарын жолда­ған азаматтар қатысты. Жарты жылға жуық уақыт бойы қарқынды жұмыс жүргізіліп, мыңдаған ұсыныс жинақталып, жүйелен­дірілді. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде ұсыныстардың саны соншалық көп болып, жаңа Конституция қабылдау қажеттілігі айқындалған. 

– Сондықтан бүгін біз жаңа Конституция жобасын талқылай отырып, үлкен немесе кіші түзетулер туралы сөз қозғамаймыз. Кейбір сыншыларымыз ойлағандай, біз ескіні жаңамен алмастырып жатқан жоқпыз. Әрі қандай да бір құқықтық немесе моральдық категориялардың қажеттілігі жайлы пікірталас жүргізіп отырған жоқпыз. 

Біріншіден, бұл – ел дамуының траек­ториясын түбегейлі өзгерту туралы мәселе. Әңгіме осы дамудың сапасы туралы болып отыр. Екіншіден, бұл – ұлттық құндылық­тарымыздың мәңгілігі туралы мәселе, олар­дың шыңында Тәуелсіздігіміз тұр. Енді біз оны тек қадірлеп қана қоймай, нық әрі сенім­ді түрде қорғаймыз. Үшіншіден, бұл – жүрегі таза, ниеті адал, білімді әрі жаһандық бәсекеге қабілетті қазақстандықтардың жаңа буыны туралы мәселе. Олардың ажырамас құқықтары мен бостандықтары бүгінгі цифрлық дәуірде ғылым, мәдениет және инновация құндылықтарымен нығайтылған, – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Бұған қоса, Аида Балаева Жаңа Консти­туцияның тұжырымдамалық негізін Прези­денттің «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» сияқты бастамалары Қасым-Жомарт Тоқаевты елдің Негізгі заңының басты авторы деп атауға толық негіз беретінін жеткізді. 

– Мемлекет басшысы жұртшылықтан түскен әрбір ұсынысты жеке қарап, сын-пікірлерді де назардан тыс қалдырмай, одан тиісті қорытындылар жасап отырды. Сон­дықтан Конституциядағы көптеген қағидатты өзгерістерді өзі тұжырымдап, Конституциялық комиссияның қарауына жеке ұсынды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жаңа Конституция жобасы ауқымды қоғамдық диалогтың нәтижесі екенін, азаматтар мен сарапшылар қауымдастығының ұсыныстарына сүйене отырып әзірленгенін айтты.

Кездесу барысында қатысушыларға жобадағы бірқатар институционалдық жаңалықтар, соның ішінде қоғамдық қатысу тетіктері мен басқару жүйесінің тұрақтылығы мәселелері түсіндірілді. Парламент Мәжілісінің депутаты Ұлықбек Тұмашинов бірқатар институттардың тарихи сабақтас­тығына және билік сабақтастығын қамтамасыз ету міндеттеріне тоқталды.

Университет алаңында адами капитал тақырыбына және өңірлік жоғары оқу орындарының білім экономикасындағы рөліне ерекше назар аударылды. «С.Аман­жолов атындағы ШҚУ» басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Төлеген Конституцияда адам дамуын негізгі бағыттардың бірі ретінде айқындау технологиялық даму мен өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру секілді заманауи талаптарға сай келеді

Пікірталас барысында қатысушылар құжат елдің болашағына айқын бағдар беретінін атап өтті. Мәтінде адами капиталды дамытуға, білім мен ғылымға, инновацияларға, экологиялық жауапкершілікке және келешек ұрпақ алдындағы міндеттерге ерекше мән берілгені айтылды.

Кездесу соңында қатысушылардың барлық сұрақтарына толық жауап берілді.

М.ТӨЛЕУ

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью