Аида Балаева: Туризм экономика өсімінің маңызды бағытына айналуы тиіс

26.05.2026

Qazaq24.com, 7kun.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Туризм саласын дамыту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті.

2026 жылғы сәуірде құрылған кеңес туризм саласындағы орталық мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері мен сарапшылар қауымдастығының жұмысын үйлестіретін тұрақты ведомствоаралық алаң ретінде жұмыс істейді. Отырысқа Туризм және спорт, Экология және табиғи ресурстар, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің, жергілікті атқарушы органдар мен бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

Кеңестің негізгі мақсаты – туризм саласындағы жүйелі мәселелерді шешу, нақты қолданбалы тетіктер әзірлеу және жобалардың іске асырылуын жеделдету. Бұл құрылым инфрақұрылым, инвестиция, көлік, экология, визалық-көші-қон реттеуі мен цифрландыру секілді өзара байланысты бағыттарды кешенді басқару қажеттілігінен туындаған.

Жиын барысында Туризм және спорт вице-министрі Бауыржан Рапиков Туристік саланы дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыруға арналған жаңартылған іс-қимыл жоспарын таныстырды. Құжатта алты негізгі бағыт бойынша 61 іс-шара қамтылған. Олардың қатарында туристік инфрақұрылымды дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту, туристік өнімдерді қалыптастыру және саланы халықаралық деңгейде ілгерілету шаралары бар.

Отырыста халықаралық қонақүй брендтерінің Қазақстан нарығындағы үлесін арттыру және елдің туристік әлеуетін шетелдік нарықтарда жүйелі насихаттау мәселелері ерекше назарға алынды. Сондай-ақ автотуризм, ат туризмі, гастрономиялық және MICE-туризм бағыттарын дамыту, іс-шаралар күнтізбесін жетілдіру мен визалық саясатты оңтайландыру жайы талқыланды.

Бұдан бөлек, қатысушылар аңшылық туризмнің әлеуеті мен оны дамытуға кедергі келтіріп отырған мәселелерді қарастырды. Ұлттық парктердегі экотуризмді дамыту, туристік жүктемені реттеу және тарихи-мәдени мұра нысандарын туристік айналымға енгізу бағыттары да күн тәртібінде болды.

Кеңес қорытындысында Аида Балаева туризмнің ел экономикасына тікелей әсер ететін стратегиялық маңызды сала екенін атап өтті. Вице-премьер өңірлермен өзара жұмысты күшейтіп, әр облыстың туристік әлеуеті мен инфрақұрылымдық ерекшеліктерін ескере отырып, нақты әрі егжей-тегжейлі жоспарлар әзірлеуді тапсырды.

Сондай-ақ ол археологиялық ескерткіштер мен жекелеген археологиялық аймақтарды дамытуға және оларды туристік бағыттарға енгізуге айрықша назар аудару қажеттігін айтты.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью