Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Биыл наурызда жаңа Конституция бойынша референдум өткеннен кейін бірпалаталы парламент – Құрылтай құрылды, вице-президент лауазымы пайда болды, Халық Кеңесі құрылып, енді жергілікті мәслихаттар сайлауы өткелі жатыр. Содан кейін мемлекеттің басқару жүйесінің институционалдық негізі толық қаланып болады.
Президент өз Жолдауында негізінен әлеуметтік модернизацияға көңіл бөлді. Дей тұрғанмен әлі де жүзеге аспаған маңызды бағыттар бар деген ойдамын. Мәселен, Президент бірыңғай жүйеге біріккен үш негізгі жүйені қалыптастырды – күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет. Алдыңғы екеуі толық қалыптасып болды дей аламыз. Ендігі мәселе Үкімет жұмысының тиімділігіне байланысты. Президент оларға сенім артып отыр. Бүгінгі тапсырмалар да Үкімет пен әкімдіктерге бағытталған.
Ашылмай қалған не бар? Маңғыстаудағы қайғылы жағдайдан кейін әскери салада реформа жүріп жатыр. Менің ойымша, мұнымен шектелмей, одан әрі барлық құқық қорғау жүйесі мен сот жүйесін де жаңарту керек. Мәселен, бізде Конституциялық сот бар. Одан бөлек, Жоғарғы сот, жергілікті соттар және жұмыс істейді. Осының бәрін жаңа Конституция тұрғысынан тағы бір сүзгіден өткізіп алу керек сияқты. Өйткені бұрынғы Ата заңда мемлекет мүддесі басты орынға қойылатын. Ал жаңа мәтінде алдымен адам және оның құқығы бірінші кезекте тұрады. Әсіресе әскери салада доктрина мен сыртқы саясат тұжырымдамасы толығымен өзгеру керек. Әуелде геосаясатқа негізделіп құрылды. Негізгі күштер бар, солармен жақсы болу керек деген ұстаным еді. Қазір сыртқы қауіп-қатердің сипаты түбегейлі өзгерді. Гибридті, ақпараттық, экологиялық, азық-түлік, су, тағы басқа қауіптің сан түрі бар.
Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі жиі айтылғанымен, негізгі назардан үнемі қалыс қалып келеді. Алдымен тәжірибе ретінде ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді де сонымен бітеді. Ауылдарда жақсы әкімді сайлағанымен, оның қолында еш құзырет жоқ. Қаражаты болмаған соң не су жүргізе алмайды, не жол сала алмайды.
Мысалы, Өзбекстанда «Махалла кеңесі» жұмыс істейді. Ол – бір ауданның тұрғындарынан құралған кеңес. Сол жерде біреу қайтыс болса, үйленсе, тағы басқа жағдайларда ұйымдасып көмек көрсетеді. Тіпті, қылмыс болған күннің өзінде бірден полиция шақырмастан алдымен өз деңгейлерінде қарастырып, мәселені сотқа апармай-ақ шешуге тырысады. Тіршілік барысында туындайтын ұсақ-түйек немесе ұлтаралық жанжалдарды осылай бітіру де ұтымды шешім. Ары-беріден соң Қытайдың өзінде қалаларды жаңғырту қоғамдық дәретхана революциясынан басталған. Соның арқасында заманауи үлгіге жетті.
Бізде де түрлі деңгейде – министрліктерде, әкімдіктерде қоғамдық кеңестер бар. Бірақ олардың еш құзыреті жоқ. Жауапкершілігі болмағаннан кейін одан нәтиже де болмайды. Сол секілді, әлеуметтік сала мен жастарға қатысты ұстанымды да қайта қарау керек. Әлеуметтік сала дегенде құр жәрдемақы беріп, жол салумен шектелмей, салт-дәстүрімізге дейін заман ағымына лайықтау мәселелерін қарастырған жөн.