Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Депутаттың айтуынша, конституциялық реформа ұлттық даму моделіне, басқару жүйесіне және қоғамның жаңа сұраныстарына жауап ретінде әзірленіп отыр. Бұл жолы Конституция жобасын дайындау бұрынғы тәжірибеден өзгеше форматта ұйымдастырылып, ашықтық пен кең қоғамдық қатысу қағидаттарына негізделген.
— Комиссия жұмысына өңір өкілдері, сарапшылар және азаматтық қоғам институттары тартылды. Цифрлық платформалар арқылы мыңдаған ұсыныс қабылданып, олар жүйелі түрде қаралды. Мұндай тәсіл қоғамның шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейтіп, мемлекеттік институттарға деген сенімді арттырады, — деді ол Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында.
Оның сөзінше, ұсынылған жоба дайын үлгілерді көшіру емес, халықаралық тәжірибені ескере отырып қалыптасқан дербес әрі егемен шешім. Құжат қоғамның құндылықтық негізін сақтай отырып, тарихи сабақтастықты жалғастырады және жаңа сын-қатерлерге жауап береді.
Депутат жаңа Конституцияда адам құқықтары мен қадір-қасиетінің басымдығы күшейтіліп, халықтың егемендіктің иесі әрі биліктің қайнар көзі екені нақты бекітілетінін атап өтті. Сонымен қатар тәуелсіздік, унитарлық құрылым және аумақтық тұтастық мемлекеттіліктің өзгермейтін негіздері ретінде айқындалады.
— Конституция білім, ғылым, мәдениет және инновацияны стратегиялық басымдық ретінде белгілейді. Бұл елдің ресурстық модельден адами капиталға негізделген ұзақмерзімді даму бағытына көшуін көрсетеді, - дейді Respublica партиясының жетекшісі.
Сонымен бірге цифрлық трансформация жағдайында азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғау, дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету нормалары алғаш рет конституциялық деңгейде бекітіледі. Мемлекеттік басқару архитектурасында да өзгерістер қарастырылып, бір палаталы парламент — Құрылтай құру, оның бақылау функцияларын күшейту және саяси партиялардың жауапкершілігін арттыру көзделген.
Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция азаматтардың құқықтық кепілдіктерін кеңейтіп, әділ сот төрелігінің қосымша тетіктерін енгізеді, адвокатураның ерекше рөлін айқындайды және зияткерлік меншікті қорғауды күшейтеді.
— Ұсынылып отырған өзгерістер бұрынғы тәжірибемен сабақтастықты сақтай отырып, мемлекеттік жүйені жаңғыртуға мүмкіндік береді. Жаңа Конституция — ұзақмерзімді институционалдық дамуға бағытталған стратегиялық құжат әрі күшті, әділ және тұрақты Қазақстанның негізі, — деді Айдарбек Қожаназаров.
Айта кетейік, Kazinform агенттігінің Telegram арнасында осы отырыстың мәтін трансляциясы беріліп жатыр.