Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Кездесулер Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізу облыстық орталығында, «Білім» кәсіби-гуманитарлық-техникалық колледжінде, «ТаразЭнергоОрталығы» АҚ-да, «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында, №35 балабақшада және №53 мектеп-гимназияда ұйымдастырылды.
Ақпараттық кездесулерге дәрігер-онколог Арибжан Юсантаев қатысып, әйелдерге сүт безі обырының алғашқы белгілері, қауіп факторлары және ауруды ерте анықтаудың маңызы туралы түсіндірді.
Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының мәліметінше, қазіргі уақытта өңірде сүт безі обыры диагнозымен 2 126 әйел диспансерлік есепте тұр. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында 94 әйел есепке алынған, олардың 64-інде ауру скринингтік тексеру барысында анықталған. Ал 1 204 әйел диагноз қойылғаннан кейін бес жыл және одан да ұзақ уақыт өмір сүріп келеді.
Сонымен қатар «Әділет» партиясы мен облыстық онкологиялық орталықтың бірлескен жұмысы аясында шалғай аудандар мен ауылдарда медициналық керуен ұйымдастырылып, 100-ден астам әйел скринингтік тексеруден өтті.
Дәрігер-онколог Арибжан Гайратович сүт безі обырының алғашқы белгілерін елемей қалмауға және профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуге шақырды.
– Сүт безі обыры бастапқы кезеңде айқын белгілерсіз өтуі мүмкін. Дегенмен сүт безінде түйіннің пайда болуы, пішіні мен көлемінің өзгеруі, терінің тартылуы, емізік ұшының ішке қарай тартылуы немесе одан бөлінді шығуы сияқты белгілерге мән беру қажет. Мұндай өзгерістер байқалған жағдайда дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмаған жөн. Скринингтік тексерулер ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді, ал уақытылы қойылған диагноз емді дер кезінде бастауға жол ашады, – дейді дәрігер-онколог.
«Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалы әйелдер қанаты төрағасының орынбасары Дәмеш Үскімбаева республикалық акцияның маңызына тоқталды.
– Әйел денсаулығына көңіл бөлу – әр отбасы үшін маңызды. «Әйел өмірі үшін» акциясының негізгі мақсаты – сүт безі обырының алдын алу және оны ерте анықтау жолдары туралы ақпарат таратып, әйелдердің медициналық тексерулерден уақытылы өтуіне ықпал ету. Біз еңбек ұжымдарында кездесулер өткізу арқылы әр әйелге қажетті ақпаратты жеткізіп, өз денсаулығына жауапкершілікпен қараудың маңызын түсіндіруді көздейміз, – деді Дәмеш Үскімбаева.
«Әйел өмірі үшін» республикалық айлығы аясындағы ақпараттық кездесулер Тараз қаласында да жалғасты. Екі күнге жоспарланған кездесулер барысында барлығы 500-ге жуық әйелге түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы