Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
«AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанаты 10 басым бағыт бойынша ауқымды жұмыс атқарып келеді. Соның ішіндегі негізгі бағыттардың бірі – халықаралық ынтымақтастықты дамытып, еліміздің жаһан жұртшылығы алдындағы абыройын арттыруға және беделін биіктетуге күш салу.
Мәселен, жуырда Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі әрі Әйелдер қанатының «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу» басым бағытының тең төрағасы Айгүл Құспан Қазақстан мен Әзербайжан жастары арасында онлайн кездесу өткізді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Серік Қалқаманов, Yeni Azərbaycan партиясы Орталық аппаратының гендерлік саясат және жастармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Закия Мусаева, сондай-ақ Әзербайжанның жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық студенттер қатысты.
Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан жастардың халықаралық деңгейдегі белсенділігі мен білім алуға деген ұмтылысы Қазақстанның зияткерлік әлеуетін күшейтетінін атап өтті.
«Сіздер – Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы достық пен сенім көпірісіздер. Бүгінде шетелде білім алып жүрген әрбір қазақстандық студент тек білім алып қана қоймай, екі елдің рухани және мәдени байланысын нығайтып жүрген елшімізге айналуда», – деді депутат.
Ал Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Серік Қалқаманов Қазақстан мен Әзербайжан арасында жоғары білім саласындағы стратегиялық серіктестік қарқынды дамып келе жатқанын алға тартты.
«Биыл Қазақстанның 21 жоғары оқу орнынан 142 студент Әзербайжанға білім алуға жіберілсе, бүгінде еліміздің 58 университетінде Әзербайжанның 333 азаматы білім алуда. Сонымен қатар Қазақстанның 10 университетіне Әзербайжаннан 18 маман тартылып, қазақстандық 28 оқытушы Әзербайжан жоғары оқу орындарында тәжірибе алмасты. Бүгінде екі ел университеттері арасында жасалған 188 келісімшарт бар. Оның аясында қос дипломды бағдарламалар мен халықаралық ғылыми жобалар жүзеге асырылуда. Бұл көрсеткіштер Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Академиялық ұтқырлық пен бірлескен жобалар екі елдің ғылыми-педагогикалық әлеуетін нығайтып, халықаралық білім кеңістігіндегі байланыстарды тереңдете түсуде», – деді ол.
Ал Yeni Azərbaycan партиясы Орталық аппаратының гендерлік саясат және жастармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Закия Мусаева екі ел арасында білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық жыл санап нығайып келе жатқанын айтты.
«Жастар – кез келген мемлекеттің стратегиялық қуаты әрі болашағы. Әзербайжан мен Қазақстан жастарының білім, ғылым және мәдениет салаларындағы өзара байланысы екі ел арасындағы достықты одан әрі нығайта түседі. Бүгінде халықаралық тәжірибе алмасу мен академиялық ынтымақтастық жастарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, олардың кәсіби және тұлғалық дамуына жол ашуда», – деді Закия Мусаева.
Кездесу барысында жастар арасындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, академиялық байланысты дамыту, студенттердің бастамаларын қолдау және Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мәселелері бойынша пікір айтылды.
Сонымен қатар Әзербайжан мемлекеттік экономикалық университетінде, ADA университетінде, Баку мемлекеттік университетінде және Әзербайжан сәулет және құрылыс университетінде білім алып жатқан қазақстандық студенттер өз оқу тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.