Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Таразда 17 миллион теңгеден аса сомаға зергерлік бұйымдар мен ақша ұрлады деген күдікпен екі ер адам ұсталды. Полиция ұстау сәтінен видео жариялады: кадрлардан тәркіленген ақшаны, сондай-ақ күдіктілердің бірі заттай айғақтарды әжетханаға ағызып жібермек болғанын көруге болады, деп хабарлайды Tengrinews.kz Жамбыл облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, ұрлық туралы арыз жергілікті тұрғыннан түскен. Ол пәтерінен бағалы тастары бар 30-дан аса зергерлік бұйым мен 830 мың теңге қолма-қол ақша жоғалғанын айтқан.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қаскөйлер үй иелері жоқ кезде есік құлпын бұзып, пәтерге кірген. Ұрланған ақшаның арасында қырғыз сомы, еуро және қытай юані болған. Жалпы шығын көлемі 17 миллион теңгеден асты.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер екі күдіктіні анықтап, ұстады. Олардың бірі Түркістан облысының тұрғыны болып шықты.
Тінту кезінде ер адамдардан заттай айғақтар табылды. Полицияның ақпараты бойынша, күдіктілер қылмыс ізін жасыруға және ұрланған мүліктің бір бөлігінен құтылуға тырысқан. Атап айтқанда, олардың бірі алтын шынжырды әжетханаға ағызып жібермек болған. Ер адамдар әшекейлердің бір бөлігін сатып үлгерген.
Аса ірі көлемдегі ұрлық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу