Әйгілі Болероның өзге қыры: Астана Балет театрында Bolero X премьерасы өтеді

17.02.2026

Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

27-28 наурызда «Астана Балет» театрының сахнасында «Болеро X» заманауи балетінің премьерасы өтеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«Болеро X» – израильдік хореограф Шахар Беньяминидің қойылымындағы Морис Равелдің әйгілі партитурасын ой елегінен қайта өткізу.

«Болеро X» – танымал музыканың иллюстрациясы емес, оны терең хореографиялық ой елегінен өткізу. Морис Равелдің – гипноздық ырғағымен және шиеленістің біртіндеп өсуімен танымал партитурасы Беньямини ұсынған нұсқада бишілердің қозғалысы, ұдайы қайталанып отыратын қимылы мен топтық энергия сахналық рәсімге айналып, көркемдік құралдың негізгі кілті іспетті болады.

Спектакль діңгегі 50 шақты бишіден тұратын ансамбльге арналған көпшілік хореографияға құралған. Дәстүрлі жеке орынаушының орнына хореограф ұжымды біртұтас ағза ретінде паш етеді. Ұдайы қайталанып отыратын қимылдар және динамикасы құбылып тұратын ұжымдық қозғалыстар арқылы спектакль бірлік, ұжымдық сәйкестік, жеке тұлға мен топтың өзара әрекеттесуі сынды тақырыптарды зерттейді. Бишілердің тәні музыкалық ырғақтың органикалық жалғасы іспетті, ал сахна – шығарманың екпіні үдей түсетін ортақ кеңістікке айналады.

Хореография баяу басталып, визуалды және кинетикалық максимумға жететін күшті шарықтау шегіне дейін «Болеро» музыкалық формасымен параллель дамиды. Қайталанып отыратын қимылдар механикалық емес – мағынасы тереңдеп, шығарманың философиялық әрі эмоционалды аспектісін ашатын би тіліне айналады.

Спектакль атауындағы «X» әрпі көбейту немесе қиылысу нүктесінің символы ретінде түсіндіріледі – өткен шақ пен осы шақ, жеке және ұжымдық, музыка мен қозғалыс түйісетін жер. «Болеро X» классикалық музыка мұрасы мен заманауи бидің диалог кеңістігіне айналады.

Спектакль Еуропаның, Солтүстік Американың, Азияның және одан тыс жерлердің ең ірі сахналарында «Ballet BC» сияқты труппалармен және «Tanz Akademie Zürich» сынды би академияларымен бірлесіп қойылып, гастрольдік сапарлардың арқасында әлемдік сенсацияға айналды. Бұл қойылым көбінесе аралас бағдарламаларға, мысалы, балет және заманауи би маусымдарына, басқа да ауқымды шығармалармен қатар қосылып, фонограммамен де, жанды музыканың сүйемелдеуімен де орындалады.

«Астана Балет» әртістері керемет. Олардың техникасы, пластикасы және дене қимылы мүмкіндіктері тәнті етеді. Балет туралы білім олардың дене-бітімінде жатқан секілді және бұл керемет көрініс. Сондай-ақ олардың әлеуеті мен мүмкіндіктері мол, менің ойымша, олар бұл жайлы ойына да алмаған тәрізді. Осындай талантты әрі қабілетті әртістерге тап болғаныма қуаныштымын. Менің мақсатым – оларға тың мүмкіндіктер ашып, жаңа идеялар мен қозғалыс тәсілдерін көрсету. Бұның дене физикасы мен мүмкіндік шекарасының кеңеюіне ғана емес, сонымен қатар олардың санасына да әсер етуге қатысы бар. Олар қимыл-қозғалысқа қадамдар жиынтығы ретінде ғана қарамай, әр басқан адымын елеп-екшеп, тереңнен қозғап, ішкі күйін қосуы керегін түйсінеді», - деген ойымен бөлісті, хореографтың ассистенті Джозеф Кудра.

Шахар Беньямини – заманауи бидің танымал хореографы. Ол эмоционалды тереңдік, физикалық қарқын мен әсерлі визуалды тілді біріктіретін экспрессивті заманауи туындыларымен танымал. Ол үздік би ұжымдары үшін қойылымдар жасап, дүниежүзінің би ұжымдарымен шығармашылық байланыс орнатқан. «Болеро X» қойылымы хореографтың заманауи би әлеміндегі беделін нығайтуда маңызды рөл атқарған ең танымал туындыларының бірі саналады.

Қойылым бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді.

«Астана Балет» театрындағы «Болеро X» премьерасы елорданың мәдени тынысындағы маңызды оқиға болмақ және көрермен қауымға әлемдік сахнадағы заманауи балеттің ең жарқын әрі батыл үлгілерінің бірін паш етеді.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтеді.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью