Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Жуырда Дубайда өткен «UAE SWAT Challenge 2026» халықаралық арнайы бөліністер жарысында қазақ аруларынан құралған «Tomiris» командасы ел намысын абыроймен қорғап, жеңіске жетті. Туған жерге оралған соң жеңімпаздарды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдап, құттықтады. Біз команда капитаны, полиция подполковнигі Айнагүл Байжігітовамен арнайы жолығып, қызметтік және спорттық мансабы туралы білген едік.
– Айнагүл, әңгімемізді жуырда өткен жарыстан бастайықшы. Бұл өзі қандай турнир? Әлемнің қанша елінен команда қатысты?
– Бұл – жыл сайын арнайы мақсаттағы бөліністер арасында ұйымдастырылатын беделді жарыс. Биыл оған 48 елден 109 команда қатысты. Соның ішінде 9 әйелдер құрамасы өнер көрсетті. Бес күнге созылған жарыста бес түрлі жаттығудан сынға түстік. Оның бәрі – өзіміздің күнделікті қызметімізге арналған айрықша жаттығулар. Атап айтқанда, ғимарат ішін қылмыскерлерден тазарту, кепілге алынғандарды құтқару деген секілді тапсырмаларды орындадық.
– Соның бірі үлкен доңғалақты көтеру тапсырмасы болғанын дүйім ел көрді. Қазақ қыздарының алып доңғалақты қалай көтеріп алғанына қайран қалып, тамсанбаған адам жоқ. Бұл жарыстағы ең қиын тапсырма болды ма?
– Иә, рас, ең қиыны осы болды. Жалпы, бұл жарысқа 6 ай дайындалдық. Оның ішінде шыдамдылықты, күш-қуатты, жылдамдықты арттыру мақсатында физикалық дайындық пен ату, мергендік тұрғысынан тактикалық дайындыққа баса көңіл аударылды. Бұған қоса команданың психологиялық дайындығы да назардан тыс қалған жоқ. Өйткені мұндай турнирде командалық рух, өзара түсіністік те маңызды рөл ойнайды. Тиянақты дайындықтың, сондай-ақ үйлесімді командалық жұмыстың арқасында жарыста жеңіске жеттік. Иә, доңғалақты көтеру кезінде аздап қиналдық. Негізі оны төрт қыз көтеруіміз керек еді. Алайда жарыста уақытты үнемдеу үшін бір қыз басқа тапсырманы орындауға жүгіріп кетті де, доңғалақты үшеуміз көтердік. Оны да біз алдын ала әбден пысықтаған едік. Жалпы айтқанда, жарыс өте қарқынды әрі қызықты өтті.
– Жеңімпаз болған кездегі сезіміңіз қандай еді?
– Отаныңның атынан әлемдік жарысқа шығып, елдің намысын жыртып, бірінші орын алудың әсері тым бөлек екен. Осы биіктен көріну жолында қаншама тер төктік десеңші. Бабымыз тұрғысынан талапқа сай болдық. Жарыста бағымыз да қоса шауып, діттеген мақсатымызға қол жеткізгенімізге қуаныштымын.
– Өзіңіз туралы бірер сұрақ қойсам. Қазір қандай қызмет атқарасыз? Ішкі істер саласына қашан келдіңіз?
– Қазіргі қызметім – Ішкі істер министрлігіне қарасты Жедел қимылдайтын арнайы жасақтың взвод командирімін. Бұл жарысқа «Tomiris» командасының капитаны ретінде екінші мәрте қатыстым. Аталған салаға келуіме бала күнімнен полиция киіміне қызығушылығым, осындай оқалы киім кисем деген арманым себепші болды. Маған дейін отбасымда құқық қорғау органдарында жұмыс істеген ешкім жоқ. Ресейдің Омбы облысында дүниеге келгенмін. Сол жақта жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін атажұртқа қоныс аударып, жұмысқа тұрдым. Алғашқы еңбек жолым ІІМ дипломатиялық өкілдіктерді қорғайтын полиция полкінде басталды. 2019 жылы тұңғыш рет әйелдердің Жедел қимылдайтын арнайы жасағы құрылған соң, бірден осы жерге қызметке ауыстым. Содан бері осы саланың ыстығы мен суығына төзіп, еңбек етіп жатырмын.
– Арнайы жасақта қызмет ету әйел адамға қиын емес пе?
– Алдыңа мақсат қоя білсең, қиын емес. Өзімнің жұмысымды мақтан тұтамын. Білік пен білектің күшін талап ететін қызметіміз арқылы кейінгі жастарға, соның ішінде балаларымызға да үлгі боламыз. Менің де отбасым, балаларым бар. Оларды еліміздің абыройлы, Отанын қорғайтын азаматы етіп тәрбиелеуіме осы қызметімнің қосар үлесі зор.
– Сіз секілді құқық қорғау органдарына қызметке тұрғысы келетін сіңлілеріңізге қандай кеңес берер едіңіз?
– Спортпен шұғылдану керек. Саламатты өмір салтын ұстануға шақырамын. Атап айтқанда, тамақтану жағына, зиянды әдеттерден аулақ болуға мән беру қажет. Өз-өзіңізді дамытып, қабілетіңізге сене білсеңіз, алынбайтын асу жоқ.
– Спорт демекші, сіз спортпен де шұғылданатыныңызды білеміз. Астанада өткен
V Көшпелілер ойындарына қатысып, жүлделі орыннан көріндіңіз. Сол жайында айтып берсеңіз.
– Иә, мен Көшпелілер ойындарында арқан тартудан қыздар құрамасы сапында болдым. Бұл жарысқа да 8 ай бойы дайындалдық. Алдымен қалалық, облыстық жарыстарда топ жарып, Көшпелілер ойындары қарсаңында республикалық турнирдің соңғы кезеңінде жеңіске жеттік. Ал ойындарда, өздеріңіз білесіздер, финалға дейін жетіп, өкінішке қарай, соңғы тартыста Ресей құрамасынан ұтылып, күміс медальға ие болдық. Қазіргі таңда арқан тартудан жарыстарға қатысып жүрген жоқпын. Алайда жаттығу жасап тұрамын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Соңғы жаңалықтар
Шахмат • Бүгін, 09:00
Спорт • Бүгін, 08:55
Спорт • Бүгін, 08:50
Спорт • Бүгін, 08:45
Қоғам • Бүгін, 08:40
Аймақтар • Бүгін, 08:35
Әйел әлемі • Бүгін, 08:30
Әйел әлемі • Бүгін, 08:25
Әйел әлемі • Бүгін, 08:20
Әйел әлемі • Бүгін, 08:15
Қоғам • Бүгін, 08:10
Қоғам • Бүгін, 08:05
Серіктестік сұлуларына ілтипат
Мереке • Бүгін, 08:00
Қазақстан құрамасы дзюдодан Австриядағы Гран-придің алғашқы күнінде бір қола медаль жеңіп алды
Қазақстан • Кеше
АҚШ Ирандағы мектепке жасалған соққыға қатысы бар екенін мойындады
Әлем • Кеше