Айнұр Сәтпаева, диетолог: Балалардың диета ұстауына болмайды

11.07.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Сонымен қатар артық салмағы бар балаларда жүрек-қан тамырлары ауруларының, 2-типті қант диабетінің және бауыр ауруларының ерте белгілері жиі кездеседі.Бұл семіздіктің тек сыртқы келбетке қатысты мәселе емес, ұлт денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды қауіп екенін көрсетеді. Ал біз жасөспірімдер арасында семіздіктің неге көбейіп бара жатқаны, оның негізгі себептері мен алдын алу жолдары туралы диетолог дәрігер, дәлелді дие­тология академиясының және «Врачи.kz» волонтерлік қозға­лысы­ның тең құрылтайшысы Айнұр Сатпаевамен сұхбаттастық.– Айнұр Жоламанқызы, World Obesity Atlas  деректерімен таныс шығарсыз. Онда алаңдатарлық  мәліметтерді оқыдық. Жалпы, балалар мен жасөспірімдердің ар­тық салмағы мәселесінің ушығу себебі неде?

– Иә, бұл мәселе бүгінде өте өзек­ті. Артық салмақ пен семіз­діктің негізгі себебі – ағзаға түсетін калория мөлшерінің жұмсалатын энергиядан көп болуы. Яғни адам тұтынғанынан аз қозғалады.

Семіздік – көпфакторлы со­зыл­малы ауру. Оның дамуына тек қозғалыстың аздығы ғана емес, генетикалық бейімділік те әсер етеді. Генетика ағзаның майды қалай жинақтайтынына және қалай жұмсайтынына ықпал етеді.

Кейінгі жылдары жоғары калориялы және ультраөңделген тағамдарды, тәтті сусындарды көп тұтыну, үйден тыс жерде тамақ­танудың жиілеуі, экран алдында өткізетін уақыттың артуы, сондай-ақ бұрынғыдай белсенді ойындар мен дене қимылының азаюы жас­өспірімдер арасында артық сал­мақ­тың көбеюіне себеп болып отыр.

 – Нақты қандай әдеттер артық салмақтың пайда болуына көбірек әсер етеді?

– Артық салмақ көбіне күн­делікті қалыптасқан ұсақ әдеттер­дің жиынтығынан пайда болады. Мысалы, баспалдақпен көтерілу­дің орнына лифтіні таңдаймыз, бір аялдама жаяу жүрудің орнына автобус күтеміз немесе такси ша­қы­рамыз. Таңғы асты дайындаудың орнына оны өткізіп жіберіп, мектепте кофе мен бәліш сияқты жеңіл тағамдарды тұтынамыз. Сабақтан кейін қарын ашқан­дықтан сэндвич, тәтті сусындар, тәттілер немесе ләтяо сияқты снек­терді сатып аламыз.

Тағы бір маңызды фактор – экран алдында тамақтану. Телефон қарап немесе телехикая көріп отырып тамақтанғанда, адамның назары басқа жаққа ауып кетеді. Ал миға тоқтық сезімінің жетуі үшін шамамен 20 минут қажет. Сол себепті адам байқамай артық тамақтанып қояды. Бір қарағанда аз ғана артық калория сияқты көрінгенімен, уақыт өте келе ол бірнеше килограмм салмақ қосуға әкелуі мүмкін.

 – Бұл жерде ас ішу мәдениеті  ғана емес, тағамның құрамы  да өзгерген сияқты...

– Кейінгі жылдары жас­өспірім­дер үйде дайындалған тағам­нан гөрі фастфудты, тәтті сусындар мен ультраөңделген өнімдерді жиі тұтынады. Бұл тағамдардың құрамында қант, тұз, қаныққан майлар және дәм күшейткіштер көп болады. Өндіру­шілер оларды барынша дәмді әрі қолжетімді етуге тырысатын­дықтан, мұндай өнімдер күнделікті ас мәзіріне еніп кетті.

Мәселе олардың жоғары ка­лория­­лылығында ғана емес. Мұн­дай тағамдар мидың марапаттау жүйесіне әсер етіп, дофаминнің бөлінуін арттырады. Бұрын бұл механизм адамға энергиясы мол тағамды таңдап, тірі қалуға көмек­тескен. Ал қазір жоғары калориялы тағамдардың молдығы бұл артық­шылықты семіздіктің қауіпті фак­торына айналдырды. Сондықтан адам тоқ болса да, осындай тағам­дарды қайта-қайта жегісі келеді. Сол себепті фастфуд пен ультра­өңделген өнімдерді шамадан тыс тұтыну балалар мен жасөспірімдер арасындағы семіздіктің негізгі себептерінің бірі болып саналады.

 – Ата-аналар, мектеп балалары мен жасөспірімдер арасындағы семіздіктің алдын алу үшін қандай шаралар қабылдауы керек?

– Алдын алу жұмысы отбасы­нан басталады. Ата-аналар бала­ларына дұрыс тамақтану мәде­ниетін үйретіп, өздері үлгі болуы қажет. Үйде пайдалы тағамдардың қолжетімді болуы, бірлесіп тамақ­тану және баланың қозғалыс белсенділігін қолдау өте маңызды. Ал мектептерде пайдалы ас мәзі­рін ұсыну, тәтті сусындар мен фаст­фудтың қолжетімділігін шек­теу, денешынықтыру сабақ­тарын тиімді ұйымдастыру және дұрыс тамақтану бойынша ағарту жұмыс­тарын жүргізу қажет. Ба­ланы артық салмағы үшін кінә­ламай, қолдау көрсету – ең маңыз­ды қағидалардың бірі.

 – Артық салмақтан арылудың қауіпсіз әрі тиімді жолдары қандай?

– Балалар мен жасөспірімдер салмақ тастау мақсатында қатаң диета ұстауға болмайды. Егер медициналық көрсетілім бол­маса, ең дұрыс жол – тамақтану дағды­ларын біртіндеп түзету, физикалық белсенділікті арттыру және ұйқы режимін қалыпқа келтіру.

Егер балаға арнайы емдік тамақ­тану қажет болса, диетолог оның жасын, бойын, салмағын және денсаулық жағдайын ескеріп, жеке тамақтану жоспарын жасай­ды. Сонымен қатар семіздіктің сирек кездесетін генетикалық себептері де бар. Соның бірі – Прадер-Вилли синдромы. Бұл синдром кезінде балада тоқтық сезімі толық қа­лып­таспайды, сондықтан тәбеті жоғары болып, артық тамақтануға бейім келеді. Мұндай жағдайда кешенді медициналық көмек қажет.

– Әлеуметтік желілер мен жарнама жастардың тағам таң­дауына әсер ете ме? Егер әсер етсе, қалай?

– Иә, әсері өте зор. Әлеуметтік желілер блогерлер, жарнамалар және түрлі тренд арқылы жастар­дың тамақтану әдеттерін қалып­тас­тырады. Жасөспірімдер көбіне жарнамасы көп өнімдерді таң­дайды, тіпті олардың құрамында қант, тұз немесе қаныққан май мөлшері жоғары болса да сол тағамдарды жейді. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде тез арық­тауға арналған қауіпті кеңестер, қатаң диеталар және ғылыми дәлелі жоқ тамақтану тәсілдері кеңінен та­ралады. Сондықтан жасөспірім­дерге сенімді ақ­паратты жарнама мен маркетинг­тен ажырата білуді үйретіп, сыни ойлау қабілетін дамыту өте маңызды.

– Стресс пен эмоционалдық жағ­дай артық салмақтың пайда бо­луына әсер ете ме?

– Иә, стресс пен адамның эмоционалдық жағдайы артық салмақтың пайда болуына әсер етуі мүмкін. Ұзақ уақыт бойы стресс жағдайында болған кезде ағзада кортизол гормонының деңгейі жоғарылайды. Бұл тәбетті арттырып, әсіресе тәтті және майлы тағамдарға деген құштар­лықты күшейтуі мүмкін.

Көптеген жасөспірім қиын­дықты, уайымды немесе шар­шауды тамақ арқылы жеңуге тырысады. Мұны «эмоционал­ды тамақтану» деп атаймыз. Сонымен қатар стресс ұйқының бұзылуына әкеледі, ал ұйқының жетіспеуі де тәбетті реттейтін гормондарға әсер етіп, адамның артық тамақтануына себеп болады. Сондықтан артық салмақпен күресте тек тағамға ғана емес, баланың психологиялық жағ­дайына, демалысына және от­басын­дағы қолдау деңгейіне де назар аудару қажет.

– Әңгімеңізге рақмет!

Алтынай Мұхамедиева, ЕҰУ-дың  2-курс студенті

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью