Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Aikyn.kz қабыну маркерлерін тиімді әрі арзан тағамдық қоспамен төмендетуге болатынын zmescience.com материалына сүйеніп талдайды.
Ағзаны қабынудан қорғау мәселені нысанаға алған жаңа зерттеу күтпеген жаңалық ашты. Кәдімгі тағамдық «суперкомбо» (айран мен пребиотикалық талшықтың қосындысы) – кең таралған қоспалардан әлдеқайда тиімді болып шықты.
Ұлыбританияның Нотингем университетінің ғалымдарының Ирландияның Дублин университетіндегі және италиялық әріптестерімен бірлесіп жүргізген зерттеуінде қабынуға қарсы танымал тәсілдерді салыстыру үшін қатысушылар төрт топқа бөліп зерттелген.
Бірінші топ күн сайын 500 мг балық майын (омега-3) қабылдаған (n=33). Екінші топ 20 г ішек саулығына арналған белгілі талшық қоспасы инулинді пайдаланған (n=31). Үшінші топ «синбиотик» әдісін таңдаған. Олар күн сайын 170 мл ашытылған айранды (тірі бактериялармен) және 10 г пребиотикалық талшықты қосып дайындалған «супер-смузи» ішкен (n=20). Төртінші, бақылау тобы ешқандай қоспа, дәрі қабылдамаған (n=20).
Нәтижені бағалау да кездейсоқ өлшемдерге емес, кең панельге сүйенген. Жүйелік қабынуды көрсетуі мүмкін 92 түрлі қабыну ақуызы талданған. Алты аптадан кейін ең күшті әсер синбиотик тобынан байқалған.
Ең маңыздысы – салыстырмалы артықшылық. Үш тәсілдің бәрі қабыну маркерлерін төмендетуге көмектескенімен, синбиотик тәсілі тек талшықтың өзімен салыстырғанда қабынуды 75% көбірек, ал омега-3-пен салыстырғанда 250% артық төмендеткен.
Ноттингем университетінің медицина мектебінің профессоры Амрита Виджай: «Барлық үш диеталық тәсіл қабынуды азайтты. Бірақ ашытылған айран мен әртүрлі пребиотикалық талшықтардың үйлесімі ең қуатты әрі ауқымды әсер берді», – дейді.
Бұл жерде «құпия» – синергияда. Пробиотик – тірі пайдалы бактерия, ал пребиотик – сол бактерияның «азығы» саналатын талшық. Бірін ғана қолдану пайдалы микробтарды «жіберумен» тең болса, талшық қосу олардың ішекте тұрақтап, көбейіп, тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Дегенмен зерттеудің шектеулері де бар. Топтар шағын (20-33 адам) болған, плацебо тобы болмаған. Сонымен бірге жас айырмасы да ықтимал әсер етеді. Омега-3 пен инулин топтары TwinsUK реестрінен алынып, орташа жасы жоғарырақ (шамамен 60), ал синбиотик тобы жалпы тұрғындардан (18+) жиналған.
Соған қарамастан, бұл жұмыс «дәрі – тек капсулада емес» деген ойды күшейтеді. Омега-3 пен талшық әлі де маңызды құрал, бірақ ашытылған өнімдерді дұрыс талшықпен үйлестіру иммундық тепе-теңдік пен метаболизм саулығына әсер ететін «қосарланған биологиялық тиімділік» беретіні дәлелденді. Доктор Виджайдың түйіні де осыған саяды. Пайдалы микробтар мен тағамдық талшықтардың өзара әрекеті иммундық балансқа ықпал ететін шешуші тетік болуы мүмкін.
Зерттеу нәтижелерімен мына сілтеме арқылы танысуға болады: Journal of Translational Medicine