Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Оның айтуынша, істің ілгерілеуіне қоғамның қолдауы мен кеңінен жариялануы ықпал еткен. Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның көмегі көрсетілген.
Саябек Қанаханың сөзінше, Айсәуле алаяқтарға ақша аударған кезде пайдаланылған дропперлер анықталып, олардан жауап алынған. Кибералаяқтық және өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу баптары бойынша қозғалған қылмыстық істер бір өндіріске біріктірілген.
Сонымен қатар іс Есіл аудандық полиция басқармасынан Астана қалалық полиция департаментінің қарауына берілген. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары ақша қаражатының банкоматтар арқылы әрі қарай қозғалысын тексеріп, басқа да қажетті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Еске салсақ, 1 сәуір күні болашағынан зор үміт күттірген жас қыздың мәйіті Есіл өзенінің жағасынан табылған болатын. Алғашында полиция оқиғаны суицид ретінде қарастырғанымен, марқұмның туыстары бұл нұсқамен келіспеді.
Жақындарының айтуынша, қыздың өлімі кибералаяқтардың психологиялық қысымымен байланысты болуы мүмкін. Олар мұндай күдікті Айсәуленің ұялы телефонынан табылған деректерге сүйене отырып айтқан.
Тергеу материалдарына сәйкес, қыз қайтыс болар алдында телефонында «Калашников Д.Н.» деп тіркелген адаммен хат алмасқан. Әкесінің мәліметінше, өзін Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырған белгісіз тұлға Айсәулеге оның «дроппер» атанғанын айтып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін ескерткен. Сондай-ақ оған қысым көрсетіліп, болған жайтты ата-анасына айтпау талап етілген.
Белгілі болғандай, қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Айсәуле алаяқтарға ақша аударып, түнгі сағат екіге дейін аталған адаммен байланыста болған.