Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Жаңа Конституцияның жобасы Қазақстанның саяси жүйесін жаңғырту, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін маңызды тарихи кезеңде әзірленді. Бұл туралы
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ЖОО дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы Айша Беғалиева мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұ құжат – азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды жан-жақты талдаудың, ашық қоғамдық талқылаулардың және жаңа нормалар мен ережелерді мұқият пысықтаудың нәтижесі.
– Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауында жариялаған бір палаталы Парламент құру бастамасына негізделген. Бұл идея Қазақстанның саяси жүйесін кешенді жаңғыртуды көздейді және жасанды интеллект дәуірінде әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдетуге бағытталған. 2025 жылғы 8 қазанда Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылып, оған құқықтанушылар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар және сарапшылар кірді.
Реформа кезеңінде барлық белсенді азаматтар өз пікірлері мен ұсыныстарын e-Otinish және eGov порталдары арқылы жіберіп, талқылауға қатысуға мүмкіндік алды. Бұл процесс шамамен алты айға созылып, жұмыс тобы азаматтардан түскен екі мыңнан астам ұсынысты жүйелеп, жан-жақты қарастырды. Сонымен қатар, 2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы реформаның негізгі бағыттары мен ұсыныстардың қорытындысын жарияланды.
2026 жылғы 21 қаңтарда Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі құқықтанушылар, орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, БАҚ басшылары, мәслихат төрағалары, аймақтық қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ сарапшылық және ғылыми қауымдастық өкілдері кірді. Комиссияның басшысы – Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Премьер-Министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева орынбасарлары болды. Комиссияның барлық отырыстары ашық түрде өткізілді және тікелей эфирде көрсетілді.
Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары: Адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, адамға бағдарланған мемлекеттік басқару; Әділеттілік, заң мен тәртіп, сондай-ақ табиғатқа ұқыпты қарау принциптері; Білім, ғылым, мәдениет және инновацияларға басымдық, адам капиталын дамыту; Цифрландыру және азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау; Ұлтаралық және дінаралық келісім, ұлттық бірлік және ынтымақтастық;
Ер адам мен әйелдің тең құқықты одағы, гендерлік теңдік; Жаңа саяси институттар: бір палаталы Парламент, Қазақстан Халық Кеңесі, Вице-президент институты; Адвокаттық қызметтің конституциялық мәртебесі және зияткерлік меншік құқығының қорғалуы; Құқық қорғау, кінәсіздік презумпциясы және азаматтардың заң алдындағы теңдігі; терминологиялық жаңғырту, тарихи конституциялық дәстүрге құрмет.
Жаңа Конституция қоғамның барлық әлеуметтік топтарын, аймақтарын және азаматтардың әртүрлі мүдделерін қамтиды. Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланды, ал егемендік, аумақтық тұтастық, әділеттілік және заңдылық тұрақты құндылықтар қатарында бекітілді. Бірлік, білім, ғылым және адам құқықтары – Қазақстанның жаңа Ата Заңының негізі, – дейді Айша Беғалиева.