Айт ман не айтқысы келеді?

03.07.2026

Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Зерттеу нысанымызға ақынның «Көкірегім – көне кітап» еңбегін алдық. Бұл 2024 жылы бірегей Абай сыйлығын жеңіп алған жыр жинағы. Мұнда автордың кейінгі он шақты жыл бедерінде жазылған лирикалық өлеңдері, балладалары, хикая-дастандары топтастырылған. Сонымен кітаптың алғашқы бетін ашқан оқырман сөз иесінің «Дінашар» атты өлеңімен танысады. Бұл ақынның әлқисса жыры, өзін оқитын халыққа таныстыру сөзі.

«Саламат, сау бармысың, оқырманым,

Мен әлі санаттамын, сапыңдамын».

Әрі қарай ақын кітаптың не жайында екенін аңғартады. Жазу барысында нені басшылыққа алғанын атап өтеді. Әрине, орайлы тұста дүниенің жалғандығын, оның баянсыздығын ескертеді. Тура баяғы шайырлар секілді. Ал негізгі жүк өлеңнің соңғы шумақтарына түседі. Ақынның айтар ойы да осы жерде жасырылған:

«Қоспадым тойда көйткен «тостарымды»,

Қызғынды «қынаменде»-оспағымды.

Мархабат, сарқып ішіп қойыңыздар,

Шан-шараф шүпілдеген тостағымды!..»

Шығыс әдебиетінде бұл дәстүрді «мұқаддима» деп атайды. Бұл «кіріспе сөз» дегенді білдіреді. Онда дәстүрге сай құдайға мадақ және пайғамбарға салауат айтылады. Одан кейін шығарманың жазылу себебі мен онда көтерілген мәселелер баяндалады. Мұндай үрдіс түркі әдебиетінің ізашарлары Махмұд Қашғаридің «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегінде, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде», Рабғузидің «Қисса-сүл-әнбия» шығармасында, Хорезмидің «Мұхаббатнама» дастанында, Әлішер Науаидің «Хамсасында» анық көрінеді. Светқали Нұржанның кітабын осындай көне дәстүрмен бастауы оның Шығыс әдебиетіне шынайы берілгендігін, оның ішінде сопылық поэзияны шебер меңгергенін көрсетіп тұр.

Сопылықты тектен-тек тілімізге тиянақ етіп отырған жоқпыз. Светқали Нұржанның дүниетанымына, көзқарасына бойлап отырып, оны бұл тақырыптан бөлек зерттей алмаймыз. Мейлі, ақынның пікірі қоғаммен үйлессін яки үйлеспесін, әдебиеттанудың міндеті шығарманы саяси не әлеуметтік өлшеммен таразылау емес, оның ішкі поэтикалық жүйесін, дүниетанымдық қабаттарын, мәтінге жасырылған мағына­лық өрістерді ашып, оқырман санасына жеткізу, яғни түсінікті тереңдету.

«Теңіздің дәмі – тамшыдан» дейді. Кітаптың ішіндегі барлық өлеңге герме­нев­тикалық талдау жасау бір мақала көтеретін жүк емес. Сол себепті назарымызды аударған «Мөлт» атты топтамаға тоқталуды жөн көріп отырмыз. Бұл топтамада аты айтып тұрғандай шағын тұрпатты, бірақ астары терең өлеңдер жинақталған. Біздіңше, ақынның кейінгі жылдағы ізденісі де осы шоғырда жақсы байқалады. Дәстүрлі төрттағаннан саналы түрде қашып, жаңа форма, терең мағынаға күш салғаны көрініп тұр. Сонымен «Арзу-ажал» атты өлеңге назар аударайық:

«Сүңгі жұлдыз

Сыңсып келіп,

Жүрекке кірш-кірш етіп енді!..

Бүршік семіп,

Дүрс-дүрс етіп... сөнді

Мұңды бір қыз...»

Ә дегеннен өлімнің эстетикалық сипаты көзге ұрады. Тоқтай тұрыңыз, өлімде эстетика бар ма дейтін шығарсыз. Иә, бар. Оның «танатопоэтика» атты термині де бар. Бірақ Светқали Нұржан өлім тақырыбына «соңғы нүкте» деп емес, рухани түлеу ретінде қарайтынын ескеру қажет. Сондықтан ол өлеңде «опат болудан» қорықпайды. Керісінше, оны жан-ділімен аңсайды. Өлеңді «Арзу-ажал» деп айдарлауы осының айғағы. «Пайғамбар жасы» деген өлеңінен осы ойымызға қуат табамыз.

«Елп етемін әлі де қылса шайтан мезірет,

Өлтірсем ғой тірілей өзімді-өзім тезірек!»

Бұл Қожа Ахмет Ясауи хикметіндегі «өлмей тұрып, өл» концептісімен үндес. Онда іштегі жалған «меніңді» өлтіріп, дүниеге екінші рет қайта келу керек. Өйткені Мәшһүр Жүсіп айтқандай, «кімде-кім екі тумай іске жарамайды».

Хош, сонымен жүрекке сүңгі қадалды. Бірақ жай сүңгі емес. Жұлдыз қадалды. Ақынды шатты, пафосты һәлге бөлеп тұрған да осы. Шөнки, оның кеудесіне аспан әлемі қотарылып тұр. Аспан дегеніміз ғарыштың, ғарыш дегеніміз ғаршының метафорасы. Светқали Нұржанның ұйқасқа деген ішкі талабы қатты. Бірақ сол талап ақынның айтар ойын көмескілендіруі де мүмкін. Айталық, өлеңнің соңындағы «Мұңды бір қыз» жүрегіне жұлдыз жауған лирикалық кейіпкерге қандай қатынас орнатып тұр? Ақын оны жайып салмай ішіне бүгіп қалған. Бүгіп қалғанын өлеңнің соңына көп нүкте қойып, бізге соны ишаралап отыр. Дұрыс, ақын бәрін бізге түсіндіріп беруі керек пе? Оқырман да «қамау терін алсын» (А. Сүлейменов).

Әйтсе де, ақынның «Мұңды бір қызы» бізді жай қалдырмайды. Шайыр қандай қызды айтып отыр? Парсы хакімі Махмұд Шабистаридің «Гүлшан-раз» трактатына жазылған Мұхаммед Лахиджидің түсіндірмесінде сопылық поэзияда жиі кездесетін образдарға анықтама берген. Оның ішінде «сұлу қыздың» бейнесі ерекше аталып өтеді. Ақын мінсіз қызды жырлай отырып, мінсіз құдайды астарлап отырады. «Менің жарым – қыз емес, ақиқаттың шын нұры» деген Шәкәрімді еске түсіріңіз. Демек, Шығыс шайырларынан қыздың сипатын оқып қалсаңыз, ақын Алланы меңзеп отыр деп ұғуға болады. Сонымен қатар қыздың дидары, жанары, еріні, бұрымы, меңі бөлек-бөлек мағынаны үстейді. Демек, Светқали Нұржан айтып отырған қыз құдайдың болмысы болуы бек мүмкін. Аспан жұлдыздары оның кеудесін жарып, жүрегін теседі. Сол тесіктің саңылауынан құдайдың сәулесі немесе «қыздың дидары» көрінген. Айтпақшы, кеудені жару мотиві көп шайырларда кездеседі. Бұл Мұхаммедтің жүрегін жарып, оны саф қайнармен тазалап берген періштелердің оқиғасымен тығыз байланысты. Ақынның «Құсни-Жамал» өлеңінде нұрлы дидарға ынтық жанның тебіренісі анық аңғарылады.

«Бұл да бір «Ісіми-ғамал» –

Мен саған арзу болдым, Құсни-Жамал!

Күлкіңді кірпігіме байладым,

Көз жасыңды талдардың бүртігіне байладым,

Сәулеңді таулардың күртігіне байладым...

Үңіліп дидарыңа алам көмек –

Алланың сипаттарын табам ба деп?!

Құсни-Жамал, жаныңа үйлесер ме ем –

Хақ сүйіп жаратқанды сүймесем мен?!.»

Арудың дидарын талдамас бұрын, осы образбен қатар қолданылатын басқа да образды назардан қалдырмау қажет. Шығыс әдебиетін зерттеген Евгений Бертельс айтады: «Егер оның басқа бейнемен жұп құрайтыны белгілі болса, оларды бөліп қарауға болмайды. Оларды бірге зерттеу керек, өйткені оң полюстің құры­лымы теріс полюстің жасалуын түсін­діреді». Дидар образымен қатар оны бүркемелеп тұратын кекіл образы жиі қол­данылады. Әуелі осыған тоқтала кетейік.

Евгений Бертельс Лахиджидің түсін­дірмесіне сүйене отырып, сопылық поэ­зиядағы кекіл образдарының кездейсоқ алынбағанын нақтылап көрсетеді. Оның пайымдауынша, кекіл деп отырғанымыз сыртқы көркем деталь емес, «таджалли-йи жалали» яғни абсолютті, біртұтас болмыстың төмендеп, бірнеше сыныққа ыдырауы. Сопылық ілімде абсолютті бірлік өз табиғатында бөлінбейді, сипатқа да, формаға да көнбейді. Алайда ол сіз бен бізге танылу үшін, біліну үшін эманацияға ұшырайды. Яғни өзін кішкентай бөлшектер арқылы көрсетеді. Қарапайым тілмен түсіндіріп көрейік. Ақын «қыздың» дидарын толық көре алмайды. Әгараки көретін болса оның нұрынан әп-сәтте жанып кетеді. Өйткені ақынның табиғи өлшеміне дидардың өлшемі сыймайды. Ал егер дидардың жартысын оның шашы жауып тұрса, ақын оны өз өлшемімен көруге мүмкіндік алады. Компьютерде «сығымдау» деген нәрсе бар. Ғаламтордан пикселі өте көп, сапалы суретті жүктеп алдыңыз делік. Бірақ оны сіздің ескі компьютеріңіз аша алмайды. Неге? Өйткені оның күші жетпейді. Экраныңыз айналып тұрып алады. Сондықтан ол суреттің пикселін, яғни бөлшектерін арнаулы платформа арқылы «сығымдайсыз». Содан кейін ғана суретте не бейнеленгенін көре аласыз. Бірақ сурет бастапқыдай тұнық болмайды. Әйтсе де сіз әлгі суретті көріп, мақсатыңызға жетесіз. Осыдан дидар образының мәні айқындалады. Ол эманациялармен жасырылған абсолютті ақиқаттың өзі. Светқали Нұржанның дидарға сондай ынтық болуының себебі осында. Сонда:

«Шын асыл иман табамын ба,

Болам ба «Дидар-Талабында?», –

деуінің мәнін енді түсінеміз «Хауф-Рижа» өлеңінде.

Жә, сонымен ақынның екі-үш өле­ңін қадір-халімізше талдадық. Өйткені Светқали Нұржан поэзиясындағы негізгі кілт сөздер, астарлы мағыналар осы мөлтек жырларда көрінеді деп есеп­тейміз. Өліп-тірілу, жүрек көзін ашу, дидарға ұмтылу сияқты тақырыптар ақынның негізгі идеясы. Осы идеяның тереңіне бойлаған адам шайырдағы басқа да ашылмаған аралдарына саяхат жасай алады деп топшылаймыз.

Осы тұрғыдан алғанда, Айт-манның поэзиянын қабылдау да белгілі бір дайындықты талап етеді. Оның жырлары оқырманды жеңіл әсермен баурауды мақсат етпейді, керісінше мәтінмен диалог жасауға, іштей ойлануға, өз-өзіне сұрақ қоюға жетелейді. Біз жасаған герменевтикалық талдау осы үдерісті бағдарлаудың бір тәсілі. Ол өлеңді да­йын күйінде түсіндірмейді, бірақ мәтіннің ішкі құрылымы мен мағыналық байланыстарын аңғаруға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда оқырман «дайын асқа тік қасық» емес, поэтикалық мағынаны бірге құраушы тарап ретінде көрінеді. Сөйтіп, автор бейнелеп отырған өмірді өзінің де санасында жаңғыртады. Асылында, автор – мәтін – оқырман байланысы осылай түзілсе керек...

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью