Arasha.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қазақстандық айтыскерлер Нұрлан Есенқұл мен Нұрбол Жауынбай жаңа Конституция жобасына қолдауын поэзия тілі арқылы білдірді, деп хабарлады BAQ.KZ.
Суырыпсалма жырларында олар халық бірлігі, ғылым мен білімнің дамуы, сондай-ақ ел болашағын айқындайтын жастардың рөлі секілді өзекті тақырыптарды арқау етті. Айтыскерлердің пайымынша, Ата заңды жаңарту Қазақстан тәуелсіздігін нығайтып, мемлекеттің жаңа даму кезеңіне қадам басуына серпін бермек.
Ақындардың айтуынша, жаңа Конституция қоғамның басты құндылықтарын – білім мен мәдениетті, инновация мен ұлттық бірлікті бекемдеуге бағытталған.
«Мыңжылдықтар – тарихым, далам – дастан,
Бірлігің бекем болса, бағаң да асқан.
Ғылым, білім, мәдениет, инновация –
Ең басты құндылықтар санамды ашқан.
Ел болып жаңа Заңды қабылдайық,
Тілегім үлкен-кіші замандастан.
Тәуелсіз Қазақстан өркендей бер,
Қарқындап алға қарай қадам басқан», – деп жыр төкті Нұрлан Есенқұл.
Айтыскерлер ел болашағы білім мен ғылымның өркендеуімен тікелей байланысты екенін айтып, жастар қоғам дамуының қозғаушы күшіне айналуы тиіс екенін де ерекше атап өтті.
«Аталарым аңсаған асқақ арман,
Бейбіт күн бақытымыз басқа қонған.
Ата Заңы жаңарып мемлекеттің,
Елімде бір үлкен іс бастау алған.
Ғылымды заң жүзінде қорғайтынын,
Оқиды сол құжатты ашқан әр жан.
Қазақстан біліммен қарыштаса,
Өседі ғалым болып жастар алуан.
Ғылымың заң жүзінде қорғалса егер,
Тұғырың биік болар басқалардан», – деп ойын өлең өрімімен жеткізді Нұрбол Жауынбай.
Ақындардың сөзінше, айтыс ежелден халық өнерінің бір қыры ғана емес, қоғамның көңіл күйі мен рухани бағдарын танытатын маңызды мінбер саналады. Поэзия мен суырыпсалмалық арқылы ақындар қай кезеңде де ел болашағы, ұлттық бірлік және рухани даму мәселелерін көтеріп келеді.
Айтыскерлер жаңа Конституцияны қолдау – мемлекеттілікті нығайтуға, әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған ортақ жауапкершіліктің көрінісі екенін атап өтті.