Әке аманатына адалдық

20.06.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Адам тағдырында кейде бала күнгі арманнан да биік, өмір­лік аманатқа айналған мақ­саттар болады. Айнұр Мұрат­­қа­ли­қызының медицина ­жолын таңдауы да әке арманынан бас­тау алған. Қызының дәрігер бол­ға­нын қалаған әке тілегі оның жүре­гінде мәңгі сақталып қалды. Алайда әкесі өмірден ерте өтті. Деген­мен, сол арман кейін оның өмірлік бағытына айналды.

Мектепті тәмамдаған соң, Айнұр Өскемен қаласындағы меди­циналық колледжге оқуға түсті. Оқу орнын ойдағыдай аяқ­таған жас маман еңбек жолын­ Семей өңірінде жан сақтау ­бө­лімінде бастады. Өмір мен өлім ар­палысқан сәттерде қызмет ету оның кәсіби білігін шыңдап, ­тә­жі­рибесін тереңдете түсті. Кейін акушер мамандығын меңгеріп, жаңа өмірдің жарық дүниеге келуіне себепші болған мамандар қатарын толықтырды. Қаншама ана­ның қуанышына ортақтасып, қаншама сәбидің алғашқы тынысын естиді.

Уақыт өте келе оның өмір жо­лында тағы бір маңызды ше­шім қа­былданады. 2016 жылы аза­мат­тық ме­дицинадағы тәжі­ри­бесін әс­кери медицина саласы­мен ұштастыруға бел буып, әске­ри қыз­метке келді. Еңбек жолын 5573 әскери бөлімде бастап, кейін әске­ри медицинаның білікті ма­ман­­дары­ның біріне айналды. Бү­гін­де әс­кери медициналық бас­қарма­да ме­дби­ке қызметін атқарады.

«Кейде бірнеше минут ішін­де ақ халатты әскери формаға ал­мас­тыратын сәттер болады. Бір сәт­те нау­қасқа көмек көрсет­сең, келесі сәт­те әскери мін­детіңді ат­қаруға кірісесің. Осы екі­ жауапкершіліктің қатар жү­руі – біздің қызметтің бас­ты ерек­шелігі»,  дейді Айнұр Мұратқалиқызы.

Кейіпкердің айтуынша, әскери медицина тек денсаулық сақтаумен шектелмейді. Мұнда әр әскери қызметшінің жағдайына жіті көңіл бөлінеді. Жоспарлы медициналық тексерулер, оқу-жаттығуларды медициналық сүйемелдеу, төтенше жағдайларға дайындық – мұның барлығы әскери дәрігер­лер мен медбикелердің күнде­лікті міндеті. Сондықтан бұл салада әр минуттың маңызы зор.

2020 жылғы коронавирус пан­демиясы кезінде медицина қыз­меткерлері алдыңғы шепте болды. Сол кезеңде Айнұр Мұ­ратқалиқызы да әріптестерімен бірге тынымсыз еңбек етті. Ұзақ ауысымдар, қорғаныш киіміндегі ауыр жұмыс, науқастар өмірі үшін күрес – бәрі үлкен сын еді. Бұл еңбегі елеусіз қалмай, Мемлекет басшысының Алғысхатымен марапатталып, Үкімет тарапынан жоғары бағаланды.

Бүгінде ол – екі баланың анасы, ұжымында сыйлы маман. Жалпы еңбек өтілі – 26 жыл, оның 10 жылы әскери медицина саласына арналған. Осы жылдар ішінде ол білікті маман ғана емес, адам өмірінің қадірін терең түсінетін жан ретінде қалыптасты. Әке арманы оны медицинаға жетелесе, өмір жолы әскери қызметке алып келді. Бүгінде ақ халат пен әскери форма оның тағдырында тұтас ұғымға айналған. Өйткені оның басты миссиясы – қандай жағдайда да адам өмірін сақтап қалу және елге адал қызмет ету.

Динара ҒАБДЫҒАЛЫМ,

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің студенті

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью