Ала доп аламаны аяқталды

21.07.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Биылғы әлем чемпионаты бұрынғы турнирлерден ауқымдылығымен ерек­шеленді. Алғаш рет финалдық кезеңге 48 құрама қатысып, жалпы саны 104 матч өткізілді. Командалардың көбе­юі футбол географиясын кеңейтіп, жанкүйерлер бұрын әлемдік додада көп көріне бермейтін құрамалардың ойынын тамашалады. Кабо-Верде, Конго, Кюрасао секілді командалар азулы қарсыластарына лайықты қарсы­лық көрсетіп, турнирге ерекше әсер сыйлады. 

Әлем чемпионаты басталғаннан-ақ жанкүйерлер басты жүлдеге Испа­ния, Аргентина, Франция, Бразилия, Англия және Германия секілді дәстүрлі фавориттер таласады деп болжаған еді. Алайда алаңдағы ойын барлық болжамның бірдей орындала бермейтінін тағы көрсетті. Германия 1/16 финалда Парагвайға пенальти сериясында жол берсе, Бразилия құ­рамасы Норвегиядан жеңіліп, жарысты ерте аяқтады. Ал Норвегия ширек финалға дейін жетіп, турнирдің басты тосынсыйларының біріне айналды.

Испания құрамасы чемпиондық жолында тұрақты әрі сенімді ойын көрсетті. Плей-офф кезеңінде алдымен Аустрияны 3:0 есебімен ұтқан команда кейін Португалияны 1:0, Бельгияны 2:1 есебімен жеңді. Жартылай финалда Францияға қарсы өткізген кездесуде 2:0 есебімен басым түсті. Осылайша, испаниялықтар шешуші ойынға дейін қорғаныста да, шабуылда да өздерінің мықты екенін дәлелдеді. Жартылай финалда Англиядан 2:1 есебімен ба­сым түсіп, қатарынан екінші әлем чемпионатының финалына шық­ты. Сондықтан Испания мен Арген­тина арасындағы ақтық сынға қызы­ғушылық жоғары болды. Бір жағында допты бақылауға, қысқа әрі дәл пасқа негізделген испандық футбол тұрса, екінші жағында тәжірибесі мол, соңына дейін күресетін Аргентина құрамасы болды. Сонымен қатар бұл кездесу футболдың екі буынының бәсекесі ретінде де қабылданды. Бір жақта 39 жастағы Лионель Месси болса, қарсы бетте өзі түлеп ұшқан Ла-Масия жарқын түлектері өнер көрсетті.

Финалдың негізгі уақытында есеп ашылған жоқ. Испания допты көбірек бақылап, қарсылас қақпасына жиі шабуылдады. Аргентина негізінен қор­ғанысқа көңіл бөліп, жылдам қар­сы шабуыл арқылы мүмкіндік із­деді. Аргентиналық қақпашы Эмилиано Мартинес бірнеше қауіпті соққыны қайтарып, командасын ұзақ уақыт ойын ішінде ұстап тұрды. Кездесудің тағдырын қосымша уақыт шешті. 106-минутта алаңға қосалқы құрамнан шыққан Ферран Торрес Нико Уильямс пен Педро Порро бастаған нәтижелі шабуылды голмен аяқтады. Бұл финалдағы жалғыз әрі чемпиондық гол болды. Испания қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, 2010 жылдан кейін араға 16 жыл салып әлем чемпионы атанды.

Тәуелсіз футбол сарапшысы Арғын Мұраттың айтуынша, Аргентина шешуші кездесуге үлкен матчтардың қысымын жақсы білетін, тәжірибесі мол команда ретінде шықты. Турнир бойы олар бірнеше күрделі ойыннан сүрінбей өтіп, қарсыластарына соңғы минуттарға дейін қысым жасай алды. Сондықтан финалда да Аргентинадан ойын барысын өзгертер тосын сер­піліс күтілген еді. Алайда Испания қарсыласына мұндай мүмкіндік бер­ген жоқ. Арғын Мұраттың пайымын­ша, испаниялықтардың басты артық­шылығы допқа иелік етуде ғана емес, жалпы матчтың ырғағын басқаруда болды.

– Испания финалда асыққан жоқ, эмоцияға берілмеді және Арген­тинаның қарқынына еріп кетпеді. Олар қарсыласын біртіндеп шаршатып, өздеріне қолайлы кеңістіктің ашы­луын күтті. Финалда да Испания бұған дейінгі ойындардағы негізгі ұстанымынан айнымады. Аргентина қорғаныста жинақы әрекет еткенімен, уақыт өте Испанияның жүйелі қысы­мы анық сезіле бастады. Ферран Тор­рес­тің голы бүкіл командалық жүйенің жемісі болды. Испания матч бойы қарсыластың қорғанысынан бос кеңістік іздеді. Ақырында сол кеңістік табылды. Финалда бір голдың өзі жеткілікті, әсіресе ол 106-минутта соғылса, қарсыластың ойынға қай­та оралуы өте қиын. Аргентина фи­нал­да соңына дейін күрескенімен, Ис­панияның бірізді қысымына лайықты жауап таба алмады. Әлем чемпионы атағын қорғау жолында олар мінез көрсетті, алайда шешуші матчта так­тикалық әрі физикалық тұрғыдан Ис­пания басым болды, – дейді ол.

Ал спорт сарапшысы Анық Кө­кенайұлы бапкердің Испания құрама­сының жеңісіне жоғары баға беріп, бас бапкер Луис де ла Фуэнтенің ойын философиясын ерекше атап өтті. 

«Луис де ла Фуэнтенің шәкірттері футболды қалай ойнау керегін бәріне үйретті. Дәл қазіргі уақытта Испания құрамасы әлемдегі ең үздік құрама. 2024 жылы Еуропа чемпионатын жеңген. Енді, міне әлем кубогында жеңімпаз атанды. Финалда Аргентинаны бар­­­­лық жағынан жеңді. Жалпы осы мундиалдағы қарсыластарына шебер­лік сабағын өткізді. Азулы деген Францияның өзі өздерін таппай қалды. Руис, Родри, Ямаль, Баенаның ортадан бастаған шабуылдары кез келгеннің қорғанысын талқандай алады. Алаңды толық бақылауға алып, қарсыласқа ешқандай мүмкіндік бермейді. Алаң­ның қожайыны кім екенін көрсетті. Қорғанысы да сұрапыл. Бір ғана гол қақпасына кірді. Испанияның чемпиондығына ешкім шүбә келтіре қоймас. Қызыл Фурия XXI ғасырда екі рет әлем кубогының жеңімпазы атанған алғашқы құрама болып тарихта қалды. Бұл испандар 2008 жылы Еуро­ны, 2010 жылы әлем чемпионы атанған болатын. Енді, міне екінші рет сондай жеңіске қол жеткізуде. Келесі Еуроны тағы Испания алады-ау деп қоямын…», – деген пікірін білдірді. 

Испанияның жеңісін бір футбол­шының ғана еңбегі деп айтуға болмайды. Команданың басты күші бірлігі мен жүйелі ойыны болды. Бас бапкер Луис де ла Фуэнте әр футболшының мүмкіндігін тиімді пайдаланып, жұлдызды есімнен гөрі ортақ тәртіпке сүйенді. Испания финалда допқа 65 пайыз иелік етіп, қарсылас қақпа­сына 12 дәл соққы бағыттады. Тур­нир қорытындысында Испания құрама­сы­ның жартылай қорғаушысы Родри әлем чемпионатының үздік ойыншысы атанып, «Алтын доп» жүлдесін иеленді. Үздік қақпашыға берілетін «Алтын қолғап» Испания қақпашысы Унаи Симонға табысталды. Ол жарыс барысында жеті кездесуде қақпасына гол жібермеді. Үздік жас ойыншы атағын испаниялық Пау Кубарси алды. Ал турнирдің ең үздік сұрмергені Франция шабуылшысы Килиан Мбаппе болды. Ол әлем чемпионатында 10 гол соғып, екінші рет қатарынан «Алтын бутсы» жүлдесін жеңіп алды. Мбаппе бұл көрсеткіш бо­йынша сегіз гол соққан Лионель Мес­сиді артта қалдырды. 

Биылғы додада үлкен футболдағы буын алмасуы да анық байқалды. Лионель Месси бастаған тәжірибелі ойыншылар әлі де жоғары деңгейде өнер көрсете алатынын дәлелдесе, Ламин Ямаль, Пау Кубарси секілді жастар әлем футболының болашағы кімдердің қолында екенін көрсетті. Финалдан кейін Месси мен Ямальдың құшақтасқан сәті өткен дәуір мен жаңа кезеңнің символындай әсер қалдырды.  

Ал Испания үшін бұл чемпиондық кездейсоқ келген жеңіс емес. Команда 2024 жылғы Еуропа чемпионатындағы табысын жалғастырып, екі жылдан кейін әлем кубогын иеленді. Испания допты қадірлейтін, тәртіпке және командалық ойынға негізделген футболының әлі де нәтижелі екенін дәлелдеді. Осылайша, бір айдан астам уақытқа созылған футбол мерекесі аяқталды. 

Сымбат БЕГІМБАЙ

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью