Алакөлге демалуға барған 44 жастағы ер адам жұмбақ жағдайда жоғалып кетті

19.08.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

АЛМАТЫ, 19 тамыз – Sputnik. Отбасымен бірге Алакөлге демалуға барған Алматы қаласының 44 жастағы тұрғыны Руслан Мұсағалиев із-түзсіз жоғалып кетті. Оқиға туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне оның туыстары айтып берді.

Руслан Мұсағалиев 17 тамыз күні сағат 18:00 шамасында "серуендеп келемін" деп сыртқа шығып кеткен. Содан бері оралмаған.

"Қабанбай ауылындағы "Нұрай" демалыс орнына тоқтаған. Жексенбі күні отбасымен бірге демалуға барған. Сағат кешкі он шамасында іздей бастадық. Бірақ келіп қалар деп қатты алаңдамадық", – дейді жоғалған ер адамның туысы Жәнібек Отарбаев.

Дүйсенбі күні түнгі сағат төрт шамасында Алматыдан туыстары дереу Алакөлге жолға шығып, содан бері оны іздеп жатыр.

"Руслан Алакөлге шомылған жоқ. Барлық бейнекамераларды қарап шықтық. Арбат деген жерде жүргені камераға түсіп қалған. Ұялы телефоны өшірулі. Серуенге шыққан жексенбі күні ғана телефоны қосулы болған, содан бері өшірулі", – дейді туыстары.

Кейін жоғалған ер адамның телефоны ауыл ішінен табылған. Оны сол ауылда тұратын жасөспірім тауып алып, демалыс орнының күзетшісіне берген. Қазіргі уақытта Руслан Мұсағалиевтің барлық туысы Алакөлде оны іздеп жүр.

"Үш баласын көзінен таса қылмайтын, отбасын өте жақсы көретін адам. Ішімдік ішпейді, шылым шекпейді. Бес уақыт намазын қаза қалдырмайды. Мінезі ауыр, сабырлы адам. Ешкіммен жанжалдаспайды, тіпті ешкімге қарсы сөз айтпайтын адам", – дейді Руслан Мұсағалиевтің туыстары.

Жоғалған ер адам Алакөлге үш баласы, әйелі және әкесімен бірге барған.

Абай облысы полиция департаментінің мәліметінше, 18 тамызда Мақаншы аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне ер адамның жоғалғаны туралы оның жұбайы хабарласқан.

"Мәліметтерге сәйкес, 17 тамызда сағат 18:10 шамасында ер адам Мақаншы ауданындағы Алакөл көлінің жағасында орналасқан "Нұрай" демалыс базасының аумағынан кеткен. Осы уақытқа дейін оның орналасқан жері белгісіз", – дейді полиция департаменті.

Полиция қызметкерлері жоғалған адамның орналасқан жерін анықтау үшін жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

"Егер сіз Руслан Мұсағалиевтің орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, дереу "102" телефоны арқылы хабарлауды немесе жақын жердегі полиция бөліміне жүгінуді сұраймыз", – дейді полиция.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью