Алатау әкімдігі дәрігерлерге арналған қызметтік тұрғын үйдегі жағдайға қатысты түсінік берді

06.01.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Әлеуметтік желі қолданушысы Алатауға медицина кадрлары тапшы кезде дәрігер болып жұмысқа орналасқан. Алайда оның айтуынша, ұсынылған қызметтік пәтердің жағдайы көңіл көншітпейді.

Видеодан кіреберістегі қабырғалардың жартылай опырылып, жазулармен былғанғаны, санитарлық тораптардың да жағдайы мәз емес екенін көруге болады. 

– Мемлекет расымен де мамандарды, әсіресе денсаулық сақтау саласында, өңірлерге тартқысы келсе, онда тұрғын үй жағдайы қауіпсіз, өмір сүруге қолайлы, ең құрығанда санитарлық талаптарға сай болуға тиіс, - деп жазды ол.

Фото: видеодан алынған скрин

Алатау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен тұрғын үй инспекциясы бұл жазбаға үн қатып, өтініш иесіне Жетіген шағынауданында ұсынылған пәтер бастапқыда жөндеуден кейін берілгенін хабарлады. Алайда дәрігер бұл нұсқадан қабат мен үйдің орналасқан жеріне байланысты бас тартқан.
Балама ретінде оған бұрын бос тұрған, негізгі ұсыныс болып табылмайтын басқа тұрғын үй нұсқасы көрсетілген.

– Балансқа алынған үйлер 1970 жылдары салынған. Қазіргі уақытта кезекте тұрған азаматтар үшін оларды кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қазіргі уақытта видео авторы Жетіген шағынауданындағы мемлекеттік медициналық ұйымның қызметкері емес екенін атап өтеміз. Алатау қаласы дамудың бастапқы кезеңінде, тұрғын үй қорын қалыптастыру жұмыстары жалғасып жатыр, - деп хабарлады ведомство.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы әзірленгенін жазғанбыз.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью