Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Оның айтуынша, ашықтық қағидаты әкімшіліктің, мәслихаттың және әкімдіктің қабылданған шешімдер мен актілер туралы ақпаратты қаланың ресми интернет-ресурстарында ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
— Ал «Бірыңғай терезе» қағидаты ақпараттық жүйелер арқылы іске асырылады және бюрократиялық рәсімдерді төмендетуге (бизнесті тіркеу, рұқсаттар алу кезінде келісімдерді азайту, инфрақұрылымға қосылу), инвестициялық жобаларды іске қосуды жеделдетуге, бизнесті жүргізуді жеңілдетуге бағытталған, — деді Нұртай Сабильянов Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Сонымен бірге, заң жобасында «цифрлық бастапқылық» қағидаты енгізіліп отыр. Алатау «ақылды» қала ретінде цифрлық экономикаға, IT-секторға, ғылыми орталықтар мен технопарктер құруға және жоғары технологиялық өндіріске бағытталған.
— Алатау қаласының жиынтық бюджеті қаланың жергілікті бюджеті мен әкімшіліктің бюджетінен тұрады. Жергілікті бюджет жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, мүлік салығы, көлік құралдарына салынатын салық, Алматы облысының жергілікті бюджетінен берілетін трансферттер және өзге де салықтары мен алымдары есебінен қалыптасады. Бұл түсімдер жергілікті мемлекеттік басқаруды қамтамасыз етуге және әлеуметтік саланы қаржыландыруға жұмсалады, — деді депутат.
Әкімшілік бюджеті корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы, өзге де төлемдер мен алымдар, сондай-ақ республикалық бюджеттен түсетін түсімдер есебінен түзілмек.
Бұл түсімдер экономикалық қызметтен түсетін кірістерді шоғырландыруға және оларды Алатау қаласының қарқынды дамуына бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл ретте міндетті сыртқы аудит және бюджеттің орындалуы туралы тоқсан сайынғы тұрақты жария есеп беру енгізіледі.
— Алатау қаласы Кеңесінің шешімі бойынша инвестициялық жобалар үшін салықтық преференциялар берілуі мүмкін. Бұл ретте Алатау резиденттерінің инвестициялық міндеттемелерінің сомалары, сондай-ақ оларға берілген жеңілдіктер, босатулар мен преференциялар туралы мәліметтер ашық қолжетімді болуы қажет, — деді Мәжіліс депутаты.
Айта кетейік, Алатау қаласындағы негізгі стратегиялық шешімдерді Премьер‑министр басқаратын Кеңес айқындайды. Инвесторлардың құқықтары халықаралық деңгейде қорғалады. Ал салық жеңілдіктері тек басым салалардағы жаңа инвестициялық жобаларға беріледі.
Бұған дейін Премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев қандай жағдайда шетелдік инвестордан жер қайтарып алынатынын түсіндірген еді.