Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Құқықтық негіз жұмысты жеделдетеді
Президент сөзінің басында осыдан екі жыл бұрын болашақ қаласы – Алатау шаһарын салу туралы шешім қабылдағанын, бұл жобаның тұтас еліміз үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
– Біз осы қалаға инвестиция тартып, оны бизнестің және инновацияның жаңа орталығы ретінде дамытатын болдық. Осы жерде өмір сүру, жұмыс істеу азаматтарымызға, әсіресе өскелең ұрпаққа мол мүмкіндік бермек. Сондықтан Алатау қаласы құрылысының негізгі қағидалары жаңа Конституцияға енгізілді. «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заң қабылданды. Осы тұста бірнеше маңызды мәселені пысықтап алуымыз керек. Алдымен, осы кезге дейін жүргізілген жұмыспен танысайық. Сонымен қатар жедел мәселелер мен ұзақ мерзімге арналған міндеттерге тоқталу қажет. Бір сөзбен, алдағы жұмыстың бағдарын айқындап алған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Алатау қаласына қатысты кез келген мәселені жедел шешу үшін барлық қажетті жағдай жасалып жатыр. Қазірдің өзінде қаланың сапалы дамуына жол ашатын құқықтық негіз толық қалыптасты. Соның аясында салық жеңілдіктері ұсынылды, бақылау және реттеу тетіктері де бизнес жүргізу үшін оңтайлы бола түсті. Бұған қоса осы қалада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқықтары жан-жақты қорғалады, сондай-ақ цифрлық активтерді дамыту үшін қолайлы жағдай жасалады. Сондықтан бүгінде Алатауды ресми түрде бірегей құқықтық мәртебесі бар «қарқынды дамитын қала» деп атауға болады.
Негізі, облыстың даму қарқыны жаман емес. Тиісті жұмыс істеліп жатыр. Былтыр өңірлік жалпы өнім көлемі 6,7 трлн теңге болып, 5,4 пайызға өсті. Қаңтар–сәуір айларындағы қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш бойынша аймақ 5-орында тұр. Инвестиция тарту жұмысы белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері облыс экономикасына 266,2 млрд теңге инвестиция салынды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі шамамен 900 млрд теңгеге жетті. Бірақ аграрлық сектордың әлеуеті әлі де толық игерілмей жатыр. Биылғы 4 айдың нәтижесінде ауыл, орман және балық шаруашылығының нақты көлем индексі 101,2 пайыз болды.
– Алайда бір олқылыққа назар аударғым келеді. Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысы өте баяу жүргізіліп жатыр. «Баяғы жартас – сол жартас», қаланың келбеті – өзгеріссіз күйде. Бұл қалада шұғыл түрде театр, стадион, әкімшілік ғимараттары мен мектептер салу керек. Онсыз Алматы облысы өз аяғына тұрып кете алмайды. Облыс басшылығы осы өзекті мәселелерге баса назар аударуы қажет. Өздеріңіз де білесіздер, жаңа қала салу туралы шешім экономикамызда күрделі жағдай болған кезде қабылданды. Бірақ біз бұл мәселеге байыппен қарадық. Асығыстыққа жол берген жоқпыз. Alatau city жобасы – шын мәнінде, жан-жақты зерделенді, пысықталды деп айтуға болады. Жалпы, әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, дәл осы болашақ қалаларын салу арқылы ел дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруге зор мүмкіндік туады. Мысалы, Дубай, Шэньчжэнь, Инчхон, тағы да бірқатар қаланың сәтті жобалар екені баршаға мәлім. Сол себепті біз де Alatau city жобасына зор үміт артып отырмыз. Бұл істе, ең алдымен, құқықтық сұрақтарды, жер және инфрақұрылым мәселелерін шешу қажет. Осы бастаманы іске асырудың бастапқы кезеңінде бірқатар негізгі бағытқа баса мән беруіміз керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, біріншіден, арнаулы құқықтық режім құру міндетін толыққанды іске асыру маңызды екенін атап өтті.
– Біз Конституциялық заң арқылы қаланы қарқынды дамыту үшін мықты құқықтық негіз қаладық. Бірақ «арнаулы құқықтық режім бар, енді міндетті түрде табысқа жетеміз» деп ойлау қателік болар еді. Өйткені дәл осындай режім енгізілген экономикалық аймақтардың талай рет іс жүзінде нақты нәтиже бермегені белгілі. Сапалы институттар, ашық әрі тұрақты ережелер, дербес реттеу тетіктері болған жоқ. Соның салдарынан көптеген жоба ойдағыдай жүзеге асырылмай қалды. Бұдан тиісті сабақ алып, дұрыс қорытынды шығару керек. Арнаулы режім тиімді жұмыс істеуі үшін біртұтас заңнама жүйесі қажет. Қаланың іскерлік белсенділігіне және күнделікті тіршілігіне қатысты мәселелерді реттейтін ашық, айқын әрі сапалы құқықтық негіз болуға тиіс. Бұл жұмысты екі деңгейде атқару қажет. Біріншісі – негізгі қағидаларды белгілейтін конституциялық деңгей. Бұл мәселе өз шешімін тапты. Ал екіншісі – құқықтық реттеу деңгейі, яғни экономикалық қызметтің әр саласы бойынша нақты заңнамалық тетіктер айқындалады. Түптеп келгенде, мұндай жұмыс жүйесі құқықтық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді және орынсыз заңнамалық өзгерістерден қорғап, жедел және тез шешімдер қабылдауға ықпал етеді. Алатау жобасына қатысты реттеу актілерін әзірлеу барысында міндетті түрде осындай құқықтық жүйелерді құру ісінде мол тәжірибесі бар білікті шетелдік сарапшыларды тарту қажет.
Қала әкімшілігі негізгі реттеу актілерінің барлығын бір жылдың ішінде қабылдауды жоспарлап отыр. Қаланы дамыту жөніндегі кеңес бұл істі мейлінше тез қолға алуы керек. Жұмысты соза беруге болмайды. Әйтпесе инвестициядан құр қаламыз. Бизнес өкілдері де бізге сеніп отыр, сондықтан бұл жұмысқа нұқсан келтіруге болмайды. Халықаралық инвесторлар қолайлы жағдай жасайды деп, жылдар бойы күтіп отырмайды. Олар қай жерде мол мүмкіндік болса, соған сай бірден шұғыл шешім қабылдайды. Алатау жобасына қатысты заңнамалық жұмыс жылдам әрі сапалы жүргізілуге тиіс. Бұл – аса маңызды стратегиялық міндет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент екінші мән берген мәселе – қаланы дамытудың орнықты моделін құру. Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру айтарлықтай күрделі және операциялық шығындарды қажет етеді. Бұл орайда тұрақты, болжамды кіріс базасын қалыптастырған жөн. Қазіргі қаржылық-экономикалық моделдің келешек шығындарды жаба алмай қалу қаупі де бар.
– Инвестиция ағыны мен бизнесті дамытуға баса мән беріп отырмыз. Дегенмен бұл – кепілдік берілген табыс көзі емес, бар болғаны болжам мен үміт қана. Бұдан бөлек, бастапқы кезеңде көзделген жеңілдіктер салық түсімдерінің азаюына әкеледі. Бұл құрылымдық алшақтыққа ұрындыруы мүмкін. Өйткені қаланы қамтамасыз ету мен дамытуға қаражат қажет кезде түсімдер кешігуі немесе бастапқыда төмен болуы ықтимал. Сондықтан Алатауды дамыту жөніндегі кеңес қала әкімшілігімен бірге ұзақмерзімді орнықты дамудың тиімді қаржы-экономикалық үлгісін әзірлеуі керек. Сонымен бірге қаланы стратегиялық жоспарлауға негіз болатын құжаттарды бекіткен жөн. Инвесторлар мен серіктестер, азаматтар 10, 20 немесе 30 жылдан кейін Алатау қаласының қандай болатынын түсінуі қажет. Alatau city үлкен деректерді, озық технологияларды және «ақылды» басқару тетіктерін негізге ала отырып, инфрақұрылымы, қалалық сервистері мен экономикасы өзара ықпалдастырылған алғашқы толық цифрлық қала болады. Басты бағдар – осы. Келесі жылы қаланы дамытуға белсене кірісу үшін стратегиялық құжаттардың барлығын (Ұзақмерзімді жоспар, Кешенді бағдарлама және Даму стратегиясы) жыл соңына дейін қабылдау керек. Мұндай ірі және ұзақмерзімді жобаларды іске асыруда процесті жедел, қарқынды және ең әуелі сәтімен бастау өте маңызды. Созбаққа салсақ, іс тоқырады деп санай беріңіздер, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Инвесторларға қолайлы жағдай жасалады
Үшінші міндет – қолайлы инветициялық ахуал қалыптастыру. Бұл ретте Мемлекет басшысы инвесторларға барынша жайлы жағдай жасалуға тиіс екенін және оларға жоғары деңгейде қызмет көрсетілуі қажет екенін атап өтті.
– Ең алдымен, халықаралық талаптардың қатаң сақталуына баса мән берген жөн. Әсіресе ұлттық заңнама жүйесінде қамтылмаған мәселелер бойынша әлемдік озық тәжірибені кеңінен қолданған абзал. Нағыз озық әрі жедел даму жолына түсеміз десек, бұл жұмысты міндетті түрде қолға алуымыз керек. Тиісті лауазымды тұлғалар ешкімнен қорықпай, батыл шешімдер қабылдауы керек. Бұл өтініш я кеңес емес, бұл – нақты тапсырма. Арнайы құқықтық мәртебесі бар қалалар жаһандық капиталды тарту үшін дәл осылай батыл әрі белсенді жұмыс істеп, алдыңғы қатарға шығады. Шетел инвестициясын қорғау, «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету, шарттардың ашықтығын және мемлекет ұсынатын кепілдіктердің бұлжымастығын қамтамасыз ету – негізгі мәселе, кезек күттірмейтін міндет. Бұл саладағы жұмыстың бәрі нәтижелі болсын десек, инвесторларды көптеп тарту керек болады, ал ол үшін қолайлы орта жасауымыз керек және тиімді экожүйені құруымыз қажет. Бұл, әрине, өте ауқымды шаруа. Сондықтан алдымен өзекті, яғни басымдыққа ие бағыттарға айрықша мән беру керек: IT, өнеркәсіп, көлік және логистика, туризм, медицина, білім беру салаларын дамыту өте маңызды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа бүгінде 50-ден аса инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталғаны жөнінде мәлімделді. Жалпы көлемі 2 трлн теңгеге жуық қаржы құйылған бастамалар аясында 50 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ.
Алдағы бір-екі жыл ішінде басым салаларға инвесторлар тарта отырып, аталған портфельді кеңейте түсуіміз керек. Әсіресе отандық бизнесті ынталандыруға баса назар аударылғаны жөн. Бизнес өкілдері сырттан бақылаушы болмай, қаланы дамытудың бел ортасында жүруі қажет. Мұның маңызы зор. Өйткені Шэньчжэнь секілді қалалардың тәжірибесі алғашқы онжылдықта шаһардың өркендеуіне жұмсалған инвестицияның басым бөлігін сыртқы емес, ішкі салымдар құрағанын көрсетіп отыр. Шэньчжэнь, Хайнань, Дубай, Сингапур сияқты қалалардың бәрінде мемлекет алғашқы инвестор ретінде базалық инфрақұрылым қалыптастырып берді. Осылайша, бизнесте тәуекел азайып, тиісті жағдай жасалатын орнықты инвестициялық цикл іске қосылды. Жалпы, мұндай инвестициялық тәсіл – әбден орынды және ойға қонымды. Мемлекет инфрақұрылымға инвестиция салса, жеке капитал да келе бастайды. Соның арқасында салық түсімі артады, жаңа инфрақұрылым пайда болады. Осылайша, қолға алынған жұмыстың ауқымы кеңейе береді. Ал негізгі инфра-құрылымға бастапқы инвестиция салу міндеті жеке секторға ғана жүктелсе, жобалардың инвестициялық тартымдылығы әлсірейді. Мұндай жағдай тарифі жоғары монополия құрылымдарының пайда болуына әкеп соқтырады және ақыр соңында дамуды тежейді. Сондықтан Үкімет бастапқы кезеңде қаланың негізгі инфрақұрылымын дамыту мақсатында тұрақты түрде қаржы бөліп отыруы керек. Басқа жол жоқ. Қажет болса, орнықты кіріс қоры қалыптасқанша Алатауға қосымша лимиттерді және мемлекеттің кепілдігімен қарыз алу құқығын беруге болады. Дегенмен бюджет қаржысы тек инвестициялық мақсатқа сай жұмсалуға тиіс. Қаланың ұзақмерзімді даму бағдары басты назарда болуы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент, төртіншіден, Алатау цифрлық активтерді жедел дамыту және елдің жаңа қаржы архитектурасын құрудың стратегиялық алаңына айналуға тиіс екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан қаржы нарығы қарқынды трансформация кезеңінде тұр. Елімізде жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы финтех индустриясын дамытуға ықпал етеді. Бұл орайда Алатау әлемнің осы бөлігіндегі тұңғыш криптоқала ретінде маңызды рөл атқарады. Осы саланы дамыту үшін қысқа мерзімде артық кедергілерді жойып, жаңа қаржы құралдарын іске қосу қажет. Цифрлық активтердің нақты құқықтық мәртебесін бекітіп, криптоактивті мүлік ретінде тану керек. Бұл жүйеде цифрлық теңге негізгі рөл атқарады.
– Халықаралық танымал орталықтармен табысты бәсекеге түсу үшін Алатау қаласында цифрлық активтер операциясына және жергілікті юрисдикцияда капиталдың өсуіне нөлдік мөлшерлеме белгіленіп, тиісті құқықтық жағдай жасалуы қажет. Экономиканың нақты секторларын, соның ішінде жылжымайтын мүлікті, инфрақұрылым нысандарын, шикізат активтерін токенизациялау жобасын жүзеге асыруды жеделдеткен жөн. Бұл орнықты және сұранысқа ие цифрлық құралдар нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы орайда транзакцияларды цифрлық идентификациялау және ашық мониторингтеу негізінде қауіпсіздік пен инвестициялық тартымдылық теңгерімін қамтамасыз ететін бақылау жүйесін іске қосу қажет. Яғни тұтастай алғанда Отанымыздың түбегейлі жаңа әрі сапалы өркендеуі туралы сөз болып отыр. Біз елімізді қаржылық тұрғыдан дамыту және трансформациялау саласында белгілі бір деңгейде революция жасап жатырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ресурстарды үнемдеп қолдануда үлгі болуға тиіс
Бесінші міндет – негізгі инфрақұрылымның озық дамуы. Мемлекет басшысы атап өткендей, қалаға қосылған елді мекендердің (Жетіген, Қоянқұс және тағы басқалар) тұрғындары тұрмысқа қажетті қарапайым жағдайдың жасалмағанын айтады. Электрдің жиі өшуіне қатысты арыз-шағымның көптігін былай қойғанда, тұрақты интернеттің, сапалы жолдың, орталықтандырылған судың жоқтығын алға тартады. Мұндай проблемалар облыстың барлық аумағында бар. Мәселен, 2025 жылы электр желісінің тозуы 70 пайызға жуықтап, соның салдарынан электр қуатының өшірілуі 919 рет, ал жыл басынан бері 201 мәрте тіркелген. Қаланың жаңа аудандарында инженерлік коммуникация тарту жұмыстары әлі күнге дейін жобалау сатысында қалып отыр. Үш қосалқы стансаны жөндеу және су алу қондырғысының қуатын арттыру жобалары белгіленген кестеден кешігіп жатыр.
– Alatau Smart-City салу міндеттері мен өңірдегі нақты әлеуметтік-экономикалық жағдай арасында қарама-қайшылық айқын байқалады. Мұны ашық айтайық. Бұл жағдайды Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың, сонымен қатар әкім Марат Сұлтанғазиевтің тарапынан жіберілген олқылық деп санаймын. Жалпы, жаңа энергия қуаты көздерін кеңейту мен іске қосу қажеттігі – елдік деңгейдегі мәселе. Мамандардың басым бөлігі энергия тапшылығы мәселесінің негізгі шешімі жаңа генерацияны іске қосу деп біледі. Пікірталастың барлығы екі аспектіге – қанша және қандай электр стансаларын салу қажет деген сауалға келіп тіреледі. Біз қашанда талқылауға дайын тұрамыз. Бірақ қазіргі уақытта еліміз энергия-ны қаншалықты көптеп жоғалтып отыр деген негізгі сауалды ешкім қозғамайды. Осы проблеманы шешу үшін «First fuel» тұжырымдамасына ерекше назар қажет деп санаймын.
Халықаралық энергетика агенттігі әзірлеген бұл тұжырымдама энергияның тиімділігі мен қуат үнемдеуді арттыру шараларын кеңінен енгізуді қарастырады. Үнемделген энергияның бағасы жаңадан өндірілетін электр энергиясының құнына қарағанда, тіпті өндірістің қолжетімді түрлерімен салыстырғанда 2-3 есе төмен болатыны есептелген. Бұл жерде міндетті түрде пайдалануға болатын үлкен әлеует жатыр, – деді Президент.
Қазақстанның қазіргі қуат шығыны ауқымы жағынан жекелеген өңірлер тұтынатын және өндіретін энергия көлеміне тең. Өнеркәсіп министрлігінің ақпараты бойынша, желілердегі электр энергиясының шығыны шамамен 10 пайызды құрайды, жылу энергиясының шығыны да 10 пайызға жуық. Мәселен, 2024 жылы электр энергиясының жалпы шығыны 9 млрд-тан аса киловатт сағатты құрады. Бұл бүкіл Атырау облысындағы тұтыну көлемінен артық. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ақпаратына сәйкес, еліміз – әлемде энергияны ең көп тұтынатын экономикалардың бірі. Салыстыру үшін айтар болсақ, Қазақстанның ІЖӨ-дегі энергия тұтынуы орташа әлемдік көрсеткіштен 2 есе жоғары, ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері көрсеткіштерінен 3,5 есе артық.
– Мойындауымыз керек, саладағы түйткіл көбінесе желілердің тозығы жеткенінде және электр энергиясын тасымалдаудағы ұзақ қашықтыққа ғана байланысты емес. Сонымен қатар энергия тұтынудағы мәдениетіміздің төмендігінде де болып отыр. Бұл бағытта Үкімет, әкімдіктер, ұлттық компаниялар және қоғам белсенділері атқаратын жұмыс көп. Біз халыққа электр энергиясын үнемдеу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Алатау қаласы ресурстарды оңтайлы, үнемдеп қолдануда үлгі болуға тиіс. Тұтастай алғанда, қаланы тиімді негізде салып, жан-жақты дамыту керек. Барлық нысандар құрылыс саласындағы озық халықаралық талаптар мен ережелерге толық сай болуға тиіс. Жалпы, Alatau city тұжырымдамасының мақсаты – бизнеске қолайлы жағдай жасау, инвестициялық жобаларды іске қосу, жұртты жұмыспен қамту және заманауи инфрақұрылым салу.
Қала төрт ауданға бөлінеді. Бой көтеретін ғимараттардың барлығы халықаралық іскерлік және инновациялық орталықтарға қойылатын талапқа сәйкес болуы керек. Қаланы абаттандыруға және жайлы қоғамдық орындар салуға ерекше назар аудару қажет. Осыған байланысты Үкіметке, әкімдерге тағы да айтарым: «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы – конституциялық міндет. «Таза» деген сөздің мағынасы көпқырлы. Бұл – қалаларымызды тазалау, көгалдандыру, көркейту, абаттандыру деген сөз. Сонымен қатар бұл – ниетіміздің тазалығын сақтау, отаншылдығымызды паш ету деген сөз. «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық қозғалысы Әділетті Қазақстанның болмысына, тіпті, оның тұтас идеологиясына айналуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қала құрылысы барысында, негізінен, отандық өнімді пайдаланған жөн екенін баса айтты. Жұмыс дұрыс ұйымдастырылса, Alatau city жобасы құрылысқа және жалпы ел экономикасына мықты серпін беретіні анық. Құрылысты толық әрі қарқынды жүргізу үшін жер мәселесін шұғыл шешу керек. Алматы облысының жері өте шұрайлы екені баршаға мәлім. Қаладағы және іргелес аумақтағы жер телімдерінің көпшілігі жекеменшікте немесе ұзақ мерзімге жалға берілген. Олардың басым бөлігі әлі күнге дейін игерілмей жатыр. Мемлекет қажетті нысандар салып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жер телімдерін сатып алуға мәжбүр болып отыр. Бұл жағдай бүкіл жұмысқа үлкен кедергі келтіріп жатыр.
– Өкінішке қарай, құрылысы басталған жобалардың саны жоспарға сай емес, яғни әлдеқайда аз. 2024–2025 жылдардың өзінде қолданылмай жатқан 16 мың гектардан аса жер анықталды. Бірақ оның бар-жоғы 688 гектары ғана мемлекетке қайтарылды. Бұл жұмыс көптен шешімін таппай келе жатқан шектеулер мен рәсімдік кедергілерге байланысты өте баяу жүріп жатыр. Осы мәселе бойынша билік мекемелерінің қауқарсыздық көрсетуге хақы жоқ. Елімізде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жер телімдерін пайдаланудың айрықша шарттары әзірленді. Аталған құқықтық режім Конституциялық заң арқылы бекітілді. Арнайы басқару режіміне сәйкес Кеңестің, Реттеуші комиссияның және қала әкімшілігінің құзыреттері нақты белгіленді. Сондықтан қағазбастылыққа салынбай, барынша жедел және сапалы жұмыс істеу керек, – деді Президент.
Оның айтуынша, алдымен баса назар аударатын мәселелерді қолға алу қажет. Мысалы, қоқыс полигондарынан үнемі өрт шығады, бұл мәселені шұғыл және түпкілікті шешкен жөн. Бүлінген жерлерді қалпына келтіру жұмысын да назарда ұстау қажет. Қалаға жақын аумақта 30-ға жуық жер қойнауын пайдаланушы компания қызмет етіп жатыр. Олардың басым бөлігі экологиялық заңнама талаптарын және өнеркәсіп қауіпсіздігінің нормаларын сақтамайды. Тіпті мұндай заңсыз әрекеттер жүйелі сипат алып кеткен деп айтсақ, артық болмайды. Өкінішке қарай, қызметін толық немесе уақытша тоқтатқан көптеген компания жерді қалпына келтіру жұмысымен мүлде айналыспайды. Осы мәселені шешу – жергілікті атқарушы органның тікелей міндеті. Үкімет бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауға тиіс. Президент Әкімшілігі осы жұмысқа қосылуы қажет.
Инфрақұрылым туризмді өрістетеді
Алтыншы міндет – әлеуметтік және туристік инфрақұрылымды қарқынды түрде дамыту. Туризм инвестициялық тартымдылықтың өте маңызды бөлігі болып саналады. Бас жоспарға сәйкес, 2050 жылға қарай қала халқының саны
2 миллионнан асып кетуі әбден ықтимал. Мұндай өсім инженерлік желімен қатар әлеуметтік инфрақұрылымға зор салмақ түсіретіні анық. Қазір Алатауда жаңа әлеуметтік нысандар өте аз. Соған қарамастан кәсіпкерлер бұл инфрақұрылымға қаржы салуға дайын.
– Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңес және қала әкімшілігі инвестицияны қайтарудың әдіс-тәсілдері мен мерзімдері айқындалған нақты ережелер әзірлеуге тиіс. Бұл құжатта өзара жүктеме әділ бөлініп, барлық сын-қатерлер ескерілуі керек. Қаланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету де – бірінші қатардағы мәселе. Алатаудың бас жоспарында «Golden District» ауданы болашақта халықаралық білім және ғылым орталығы болады деп көрсетілген. Қалада озық білім беретін орта қалыптастыру үшін жүйелі жұмыс жүргізу қажет. «Green District» ауданы тартымды туристік кластер болуға тиіс, миллиондаған туристі қабылдауға дайын болуы керек. Осы орайда Қапшағай суқоймасындағы демалыс аймағының маңызы айрықша болады. Бірақ мұнда жұрт жаз айларында ғана емес, жыл бойы демалатындай, яғни шаңғы, сноуборд, коньки, балық аулау және басқасына жағдай жасау қажет. Әйтпесе, жоспардың бәрі қағаз жүзінде қалып қоятыны айдан анық. Суқоймасының жағалауындағы бейберекет құрылысты доғару керек, барлық жұмыс рет-ретімен, бас жоспарға сай жүргізілуге тиіс. Қонақүйлер мен мейрамханалардан бастап, демалыс саябақтарына дейін барлық нысанның сырт келбетіне баса назар аударған жөн. Олардың сәулеті, яғни архитектуралық стилі көрікті және бірыңғай болуға тиіс. Түптеп келгенде, қала инфрақұрылымы туризмнің қарқынды, сапалы дамуына жол ашуы керек. Осылайша, түскен қаражатты осы аймақтың игілігіне жұмсауға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпы, қазір еліміздің әлеуметтік саласында ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Кейінгі үш жылда 746 мың оқушыға арналған 600-ге жуық мектеп салынды. Оның үштен бірі – «Келешек мектептері». Сондай-ақ 813 денсаулық сақтау нысаны және 307 спорт нысаны ашылды. Президент тапсырмасымен Семей, Тараз, Кентау, Орал, Атырау қалаларында заманауи оңалту орталықтары жұмыс істей бастады. Қазіргі уақытта осындай орталықтар Ақтөбе, Көкшетау, Талдықорған, Шымкент шаһарларында салынып жатыр. Әлеуметтік нысандар, соның ішінде балаларға арналған оңалту орталықтары барлық аймақта қолжетімді болуға тиіс. Осындай нысандар еліміздің аймақтарында әлі жеткілікті емес. Соның салдарынан жұрт Астана мен Алматыға көптеп қоныс аударуда. Бұл – иммиграцияның теріс сипаттағы үдерісі. Мемлекет басшысы осы шаруамен барлық әкім тиянақты айналысуы керек екенін, Президент Әкімшілігі бұл жұмысты қадағалайтынын айтты.
– Осы тұста мен «Таза Қазақстан» тұжырымдамасына байланысты тағы да атап өткім келеді. Қалалар мен ауылдарды көркейту, аумақтарды көгалдандыру жұмысына әрдайым ерекше мән беру қажет. Сондай-ақ экологиялық мәдениетті көтеру мәселесіне көңіл бөлген жөн. Әсіресе адамдардың туристік нысандар мен табиғат аясындағы тәртібіне айрықша назар аудару маңызды. Тәртіп бұзушыларды, яғни вандалдарды заңға сәйкес жауапқа тарту қажет. Бір сөзбен, құқықтық нигилизмге қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Заң мен тәртіпке құрметпен қарау дегеніміз – жазадан қорқу емес, бұл ең алдымен жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән айрықша болмыс. Осы маңызды дүниені дұрыс түсінген жөн. Қазіргі бұлыңғыр, әскери қақтығысқа толы заманда елімізге татулық пен тұрақтылық ауадай қажет. Онсыз ешқандай реформа, жалпы оң өзгеріс болмайды. Сондықтан құқық қорғау мекемелері заң бұзушылықтарға қатаң шаралар мен жазаларды қолдануы керек. Кейбір елімізді жақтырмайтын, менсінбейтін кісілер, өкінішке қарай, солардың ішінде Парламент депутаттары бар, құқықтық әрекеттерімізді «Штрафстан», «Айыппұлстан» деп атайды екен. Мейлі, өз ойларының келтелігін көрсете берсін. Ал халқымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік керек. Сондықтан біз осы жолдан таймаймыз, батыл түрде «Заң мен тәртіп» саясатын жүргіземіз. Себебі бұл – халқымыздың талабы, халқымыздың сұранысы. Бүкіл қоғам да, әкімдер де бұл мәселеге баса назар аударуы керек, – деді Президент.
Жетінші басымдық – Алматы агломерациясын дамыту. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Алатау қаласының Алматыға іргелес орналасуы зор мүмкіндіктерге жол ашатыны сөзсіз. Әсіресе сауда-экономика және көлік-логистика саласындағы байланыстарды едәуір кеңейтуге болады. Сондықтан Алатау қаласында, ең алдымен, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау керек. Жаңа кәсіпорындар ашылса, мұнда жұрт та көбірек келіп, тұрақтай бастайды. Бұл үрдіс Алматыға жұмыс бабымен күнделікті келіп-кететін халықтың санын азайтады.
– Күн сайын Алматыға облыстан 400 мыңға жуық автокөлік кіріп шығады. Алматы агломерациясындағы көлік қатынасын күшейту қажет. Соның ішінде жылдамдығы жоғары қоғамдық көлік жүйесін белсенді дамыту керек. Осыған орай, Алматы қаласының және Алматы облысының әкімдеріне «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, биыл бірінші тамызға дейін «Skytrain» желісін салу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл желі қаланың шекарасынан шығысқа және батысқа қарай тартылуға тиіс. Сондай-ақ Алатау мен Алматы қалаларын жалғайтын жүрдек қоғамдық көлік жүйесін дамыту мәселесін пысықтау қажет. Жаңа шаһардың Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының бойында орналасуы және Алатау қаласын Қорғаспен қосатын теміржол тармағының жоспарлануы келешекте Алматы агломерациясының ауқымын кеңейте түседі. Яғни ауқымды облыстық кластер пайда болады. «Almaty SkyHub» заманауи мультимодальды логистика орталығы өңірдегі маңызды жобалардың бірі болмақ. Осы ірі, өршіл жобаларды жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасап, инвесторларды белсенді түрде тарту керек. Қазірдің өзінде сауда-логистика орталығын және қойма инфрақұрылымын дамытуға қызығушылық танытып отырған әлеуетті серіктестердің, соның ішінде шетел компанияларының бар екенін білемін. Аталған мүмкіндіктерді барынша пайдалану қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент қаланы көркейту жұмысы кешенді түрде жүргізілуге тиіс екенін, бұл Қазақстанның барлық қалаларына қатысты міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, арнайы басқару режімін енгізу, инвестицияны қорғау және қажетті инфрақұрылымды дамыту ісін бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды. Бұл бағыттардың бәрі өте маңызды. Мысалы, бастапқы инфрақұрылым болмаса, инвестиция қорғалмаса, халықаралық инвесторлар мұнда келмейді. Бұл – айқын нәрсе. Арнаулы құқықтық режім болмаса, инновациялық тәсілдерді енгізе алмаймыз.
– Шын мәнінде, Alatau city жобасын жүзеге асыру – тұрмыс сапасы және іскерлік ортасы ең жоғары әлемдік талаптарға сай келетін озық қала салу деген сөз. Бұл – мемлекеттік маңызы зор міндет, еліміз үшін стратегиялық мәні бар жұмыс. Сондықтан біз тыңғылықты, тиянақты, сапалы жұмыс істеуіміз керек. Құр қағаз жүзіндегі есептің еш қажеті жоқ. Бәрімізге керегі – бір-ақ нәрсе: бұл – нақты нәтиже. Қажетті жағдайдың бәрі жасалып жатыр. Тиісті құқықтық негіз бар, ресурс та жеткілікті. Енді барлығы алдағы міндеттердің уақтылы әрі сапалы орындалуына тікелей байланысты болады. Әрбір бағыт бойынша жеке жауапкершілік жүктеледі. Осы ауқымды жобаны бірлесіп, табысты жүзеге асырамыз деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Конституция – ел дамуының қозғаушы күші
Сондай-ақ Мемлекет басшысы нау-рыз айында конституциялық реформа табысты жүзеге асқанын, бірлігі мықты, жауапкершілігі жоғары ел ретінде жаңа Ата заңды қабылдағанымызды, Конституция мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі, халқымыздың темірқазығы екенін айта келіп, еліміздің Бас құжатында азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру, заңға құрмет, табиғатқа жанашырлық, шынайы отаншылдық, еңбекқорлық, білім-ғылым және жоғары технологиялар қағидаттары айқын көрініс тапқанын, бұған қоса Конституцияда еліміздің, жеріміздің тұтастығын, Егемендігін және Тәуелсіздігін қорғау әр азаматтың қасиетті борышы деп жазылғанын еске салды.
– Нағыз отаншыл азаматтың озық үлгісін, ең алдымен, мемлекеттік қызметшілер көрсетуі керек. Бұл – ел мүддесі үшін еңбек етіп жүрген әрбір қызметшінің қастерлі парызы. Лауазымды тұлғалар, күштік құрылымдар мен басқа да билік өкілдері Конституцияға үнемі сілтеме жасауы керек. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында адамдар өмірде болсын, кинода болсын, Конституцияны аузынан тастамайды. Біз де осындай құқықтық мәдениет қалыптастыруымыз қажет. Бұл ең алдымен ұлттық болмысымызға оң әсер етеді. Бас құжатымыз адами құндылықтар мен заң нормаларының жиынтығы ғана емес, ел дамуының қозғаушы күші болуға тиіс. Тұғырына қонған Конституциямыз қоғамдық келісімді түбегейлі жаңа деңгейге көтеруі керек. Мемлекет пен қоғам арасында шынайы серіктестік орнап, белсенді, жанашыр азаматтар ұлттың жасампаз күшіне айналуы қажет. Сондықтан Конституцияның нормалары барлық жерде, соның ішінде азаматтық және әскери жоғары оқу орындарында, мектептер мен әскери бөлімдерде, мемлекеттік және жеке кәсіпорындарда екі тілде қатар қолжетімді болуға тиіс, – деді Президент.
Бүгінде қолданыстағы заңнамаларды Конституция талаптарына сай өзгерту жұмысы жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта Құрылтай сайлауы өтеді, Халық кеңесі құрылады. Қазір Парламент «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға түзетулер енгізуде. Бұл өзгерістер күшіне енген соң мәслихаттардың ықпалы артады. Аймақтағы депутаттар бюджетті бөлуге тікелей араласады. Соның нәтижесінде облыстар мен қалалардағы жергілікті өкілді биліктің бақылау тетіктері күшейеді. Бұл маңызды қадам аймақтардың дербестігін арттыра түседі.
– Биыл Қонаев қаласына облыс орталығы мәртебесі берілгеніне 4 жыл толады. Шаһарда ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Қала біртіндеп әкімшілік, туристік және іскерлік орталық ретінде қалыптасуда. Бұл – әкім Марат Сұлтанғазиевтің еңбегі. Жалпы, Алматы облысының өсіп-өркендеуі үшін барлық мүмкіндік бар. Өңірге инвесторлар назар аудара бастады. Жалпы, Қонаев пен Алатау қалаларының дамуы аймақтың көркеюіне зор серпін бермек. Біз күш-жігерімізді біріктіріп, белсенді жұмыс істесек, барлық мақсатқа жетеміз. Бүгінгі жиынға аймақтың беделді, белгілі азаматтары қатысып отыр. Сіздер Алматы облысының дамуына және еліміздің өркендеуіне мол үлес қосып келесіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Табанды еңбектеріңіз зор құрметке лайық екені сөзсіз. Осы орайда мен бір топ азаматты жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Тиісті Жарлыққа қол қойдым. Құтты болсын баршаңызға! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.