Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Сарапшының айтуынша, Алатау өңірдегі алғашқы толық цифрлық қалаға айналуы тиіс. Мұнда Smart City технологияларынан бастап, тауарлар мен қызметтерді криптовалюта арқылы төлеуге дейінгі заманауи шешімдер енгізіледі. Осылайша, жаңа қала технологиялық даму мен жайлы өмір сүру ортасын ұштастырған болашақ Қазақстанның үлгісін қалыптастырады.
Жоба 2023 жылы бастау алды. Сол кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысындағы Жетіген ауылын Алатау қаласы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойып, оған технополис – болашақтың ғылыми-технологиялық орталығы мәртебесін берді.
2025 жылғы қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы Қытайға сапары барысында миллиардтаған долларлық келісімдер жасалғанын мәлімдеді. Сол келісімдер аясында Шэньчжэньдегі ірі технополисті салған компания Алатау-Сити жобасына тартылды. Сонымен қатар басқа да шетелдік компаниялар жаңа қаланың мүмкіндігін пайдаланып, өндіріс пен бизнесті дамытуға қызығушылық танытып отыр. «Ерекше құқықтық мәртебе – бұл артықшылық емес, қажетті шара әрі маңызды құрал. Онсыз жоспарланған бастамалар толық жүзеге аспай, қағаз жүзінде қалып қоюы мүмкін»,– деді Мемлекет басшысы.
– Алайда қажетті заңнаманы әзірлеу бюрократиялық аппаратта баяу жүрді. 2026 жылғы ақпанда өткен кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы бірқатар мемлекеттік органдардың, соның ішінде Ұлттық банк пен қаржылық мониторинг агенттіктерінің бұған дейін болмаған қарсылықтар білдіргенін атап өтті. Соның салдарынан бұл процесс едәуір тежелді. Осыдан кейін Үкімет пен орталық мемлекеттік органдар жұмысты жеделдетті. Бұл ретте кейін шегінуге жол болмады. Себебі 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Конституция жедел дамитын қалалар үшін арнайы құқықтық режимдерді тікелей қарастырады. Яғни мұндай қалалардың болуы Конституцияның өзінде көзделген. Ал олардың алғашқысы Алатау-Сити болуы тиіс,– деді Ғазиз Әбішев.
Өткен аптада Парламент «Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы» Конституциялық заңды қабылдады. Құжатқа сәйкес, қалада озық халықаралық технополистер үлгісіндегі арнайы экономикалық құқықтық режим енгізіледі. Атап айтқанда, икемді салық жүйесі, заманауи сот және жеңілдетілген тіркеу тәртібі қарастырылған.
Қаланы Alatau City Authority басқарады, ал стратегиялық шешімдер Үкімет деңгейінде қабылданады.
– Осы орайда негізгі сұрақ туындайды: Қазақстанға Алматы маңында жаңа цифрлық қала не үшін қажет? Жауап айқын. Қала мегаполиске жақын орналасып қана қоймай, Қытай шекарасына таяу, әрі болашақ атом электр станциясының маңында болады. Алатаудың басты міндеті – роботтандыру мен жасанды интеллект сияқты озық технологияларды дамыту. Осы бағытта Қазақстан Азия, Америка және Еуропадағы жетекші технополистерге ұқсас цифрлық ғылыми орталық құруды көздейді. Мұнда жасанды интеллект саласының мамандары жаңа технологияларды әзірлейді ,– деді саясаттанушы.
Оның айтуынша, мұндай орталық Қытай арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия экономикасымен байланыс орнатып, жаһандық өсімнің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналуға мүмкіндік береді.
– Алатау осы үдерістің Орталық Азиядағы тірек нүктесіне айналып, өңірдегі технологиялық дамуға серпін береді, – деді Ғазиз Әбішев.
Сарапшының айтуынша, егер Үкімет Алатауда қуатты технологиялық орталық қалыптастырып, үздік мамандарды тартып, қолданбалы зерттеулер мен олардың нәтижелерін коммерцияландыру жүйесін жолға қоя алса, бұл елдің болашағына берік негіз болады. Мұндай қадам Қазақстанның жаһандық технологиялық бәсекеде өз орнын сақтап, тұрақты дамуына мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Алатауда жол, газ, интернет және тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.