Zakon.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Қаскөйлер технологияны да, психологияны да шебер пайдаланып, адамдарды өз еркімен ақша аударуға мәжбүрлейді.
Соңғы жылдары цифрлық қызметтердің дамуы халықтың өмірін жеңілдеткенімен, алаяқтардың да "жұмысын" оңайлатты. Бүгінде олар адаммен бетпе-бет кездеспей-ақ, бір ғана қоңырау немесе хабарлама арқылы ірі көлемдегі қаржыны иемденіп отыр.
Шымкент қаласы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Мақсат Шегирбайдың айтуынша, жыл басынан бері қалада 634 алаяқтық дерегі тіркелген. Оның тең жартысы — интернет-алаяқтық. Яғни, шамамен 316 іс онлайн кеңістікте жасалған.
Қалада ең жиі кездесетін алаяқтық түрлерінің бірі – банк қызметкерлері немесе құқық қорғау органдарының атынан хабарласу. Мұндай 91 дерек тіркеліп, келтірілген шығын 303 миллион теңгеге жеткен.
Полиция майорының сөзінше, мұндай қоңырауларда ең алдымен психологиялық қысым қолданылады: — Алаяқтар адамды қорқытып, асықтырады. "Шотыңыз бұғатталады", "қазір әрекет етпесеңіз, ақшаңыздан айырыласыз" деген сөздер арқылы ойлануға уақыт бермейді, – дейді Мақсат Шегирбай.
Инвестиция арқылы "оңай табыс" табуға шақыратын ұсыныстар да аз емес. Бұл бағытта 44 дерек тіркеліп, 235 миллион теңге шығын келген. Соның 70 миллион теңгеден астамы жәбірленушілерге қайтарылған. Мамандар мұндай уәделерге сақтықпен қарау керектігін ескертеді.
Аз ақша салып, қысқа уақытта көп табыс табу мүмкін емес. Осындай ұсыныстардың басым бөлігі – алаяқтық схемалар. Ал интернет-дүкендер мен түрлі платформалар арқылы жасалатын алдын ала төлем алаяқтығы ең жиі кездесетін түрге айналған.
OLX, Krisha.kz, Kolesa.kz, TikTok секілді платформаларда 150 жағдай тіркеліп, азаматтарға 25 миллион теңге шығын келтірілген. Соңғы уақытта алаяқтар жаңа тәсілдерді де белсенді қолдана бастады. Соның бірі – WhatsApp арқылы жалған сілтеме жіберу.
Жәбірленуші сілтемеге өтіп, код енгізген сәтте оның аккаунты бұзылып, кейін таныстарының атынан ақша сұралады. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде жүргізуші куәлігін "емтихансыз жасап беру" туралы жалған жарнамалар көбейген. Сенім тудыру үшін алаяқтар жалған пікірлер мен құжат үлгілерін көрсетіп, алдын ала төлем алған соң байланысқа шықпай қояды.
Жасанды интеллект элементтері де алаяқтардың құралдарының біріне айналып келеді. Дауыс көшіріп, фото және видео монтаж арқылы "табыс табу жолдарын" түсіндіретін жарнамалар таралуда. Мамандардың айтуынша, азаматтардың жеке деректерінің таралуы алаяқтықтың көбеюіне тікелей әсер етеді. Алаяқтар адамның аты-жөні, ЖСН немесе телефон нөмірі сияқты мәліметтерді пайдаланып, сенімге оңай кіреді.
Сонымен қатар жеке деректер арқылы мақсатты алаяқтық кең таралған. Қылмыскерлер нақты адамның атымен хабарласып, оның туыстары немесе жұмысы туралы ақпаратты пайдаланып, сенімге кіреді. Кей жағдайда "жол апаты", "қамауда отыр" деген сылтаумен ақша талап етеді немесе аккаунттарды бұзып, таныстарынан қарыз сұрайды.
Жәбірленушілердің жас ерекшелігіне қарай да айырмашылық байқалады. Инвестициялық алаяқтық құрбандарының 98%-ы – 40 жастан асқан азаматтар. Ал интернет-дүкендер арқылы алданатындардың 75%-ы – 18–35 жас аралығындағы жастар.
Алаяқтықтың салдары тек қаржылық шығынмен шектелмейді. Көп жағдайда адамдар күйзеліске түсіп, өзіне деген сенімін жоғалтады, қорқыныш пен күдік пайда болады.
Кейбір жәбірленушілер алаяқтардың айтқанымен несие алып, тіпті мүлкін сатып жібереді. Бұл – мәселенің тек қаржылық емес, әлеуметтік тұрғыдан да өте ауыр екенін көрсетеді, – деді Мақсат Шегирбай.
Сонымен қатар барлық жәбірленуші бірдей полицияға жүгінбейді. Көпшілігі ұялады немесе "ақшаны қайтару мүмкін емес" деп есептейді. Алаяқтарды анықтау да оңай емес, әсіресе ол шет елде жасалынатын болса.
Олар көбіне VPN, жалған аккаунттар, тіркелмеген SIM-карталар арқылы әрекет етеді. Ал интернет арқылы ақша бір сәтте аударылатындықтан, уақыт факторы шешуші рөл атқарады. Дегенмен Қазақстанда алаяқтық үшін жаза қатаң. Қылмыстық кодекстің 190-бабына сәйкес айыппұлдан бастап, бас бостандығынан айыруға дейінгі шаралар қарастырылған.
Шымкент қаласында алдын алу шаралары да күшейтілген. Жыл басынан бері 50 мыңнан астам үйге арнайы брошюралар таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Соған қарамастан, басты қорғаныс – әр азаматтың жеке сақтығы. Ешқашан банк картасының деректерін, SMS-кодтарды ешкімге бермеңіз. Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және асығыс шешім қабылдамаңы, – деп ескертеді полиция майоры.