Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Атырауда полиция қызметкерлері 69 жастағы жергілікті тұрғынға қатысты жасалмақ болған ірі интернет-алаяқтықтың алдын алды. Қаскөйлер қарт әйелдің атына екі миллион теңге несие іліп қойғысы келген, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алдымен белгісіз адам өзін домофон жүйесіне техникалық қызмет көрсететін маман ретінде таныстырып, 1414 нөмірінен келген растау кодын сұратқан. Кейін өзін банк қызметкері ретінде таныстырған алаяқ зейнеткерге оның атына Kaspi Bank арқылы 2 млн теңге көлемінде несие рәсімделіп жатқанын айтып, сеніміне кіруге әрекет жасаған.
«"Қазақтелеком" акционерлік қоғамымен бірлесіп жүргізілген жедел іс-қимыл нәтижесінде күмәнді жағдай дер кезінде анықталып, бұл туралы полицияға хабарланған. Ақпарат түскен бойда Атырау облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері оқиға орнына жедел жетті», - дейді полиция мамандары.
Тексеру барысында тұрғынның WhatsApp мессенджері арқылы өзін банк қызметкері ретінде таныстырған белгісіз тұлғамен байланыста болғаны анықталды. Полицейлер жүргізген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде алаяқтардың әрекеті тоқтатылып, қария 2 млн теңге көлеміндегі қаржылық шығыннан аман қалды.
Маңызды ақпарат!Полиция департаменті қазақстандықтарға цифрлық қауіпсіздіктің негізгі ережелерін еске салады:
Бейтаныс адамға SMS-кодтарды (тіпті мемлекеттік органдардан келсе де), парольдер мен карта деректерін ешқашан хабарламаңыз.
Ешқандай коммуналдық қызмет немесе шеберлер 1414 қызметінен келген кодтарды сұрауға құқылы емес.
Егер сізге қоңырау шалып, атыңызға несие рәсімделгенін айтып қорқытса, дереу тұтқаны қойып, 102 нөміріне қоңырау шалыңыз.
Бүгін, 09:41