Алаяқтардың арбауы құбылды

28.03.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Әсіресе, нейрондық желілер арқылы жасалатын алаяқтық түрлері оңай ақша табудың тиімді құралына айналды. Жылдам дамып жатқан жасанды интеллект жүйелері алаяқтардың «жұмысын» жеңілдетіп, сапасын да арттырып отыр. Яғни, оңай олжаға құныққандар генеративті модельдер арқылы адам психологиясын дәл есептеп, шынайылыққа барынша жақын сценарийлер құрып, жос­парлы әрекетке көшкен.

Қаржылық қатердің қаупі

2026 жылғы қаржылық алаяқтық қатерлері жөніндегі Интерполдың есебі бойынша қазір жасанды интеллект жа­саған алаяқтық дәстүрлі схемаларға қара­ғанда 4,5 есе көп пайда әкеледі. Бұ­рынғы алаяқтық схемалары көбіне қара­пайым фишинг хаттармен немесе жалған қоңы­раулармен шектелетін. Қазір адам­ды да­уыс­ты клондау, AI-фишинг, deepfake видео, инвестициялық табыс туралы жалған ақпараттар арқылы оңай алдауға болады. Онлайн алаяқтар қазақстан­дықтарға бұрын-соңды болмаған көлемде қаржылық зиян келтіріп отыр. Бас проку­ратураның Әлеуметтік қорғау және тергеу комитеті ұсынған деректерге сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында интернет алаяқтардың әре­ке­тінен келген шығын 11,2 миллиард тең­геге жеткен. Ең сорақысы, келтірілген шы­ғынның негізгі ауыртпалығы қарапа­йым халықтың мойнына түскен. Жалпы со­ма­ның 96,7 пайызы жеке тұлғаларға тиесілі. Кәсіпкерлер мен бизнес құры­лым­­дары мұндай қылмыстардан салыс­тыр­малы түрде аз зардап шеккен. Олар­дың үлесі 2,4 пайызды ғана құраса, мемлекетке келген шығын 1 пайыз шама­сында.  Сонымен қатар Factcheck.kz де­ре­гінше, 2025 жылғы маусымда Ұлттық банкке қарасты анти­фрод-орталық 10 ай ішінде 63 мыңнан астам алаяқтық дерегін тіркеп, жалпы көлемі 2,5 млрд теңге бо­латын транзакция­ларды уақытылы бұғаттаған.

Бас прокуратураның дерегінше, 2025 жылғы алаяқтық бабы бойынша 4,3 мың қылмыстық құқықбұзушылық тіркелсе, 2026 жылдың 2 айында 21 558 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Сондай-ақ биыл интернет алаяқтықтар саны 8,3%-ға төмендеген және қылмыстық жауапты­лыққа 913 құқық бұзушы тартылған. Ки­бер­алаяқ­тықтарды ашу көрсеткіші 29%-ға өсіп, келтірілген залалды өтеу деңгейі 57%-ды құраған. Мамандардың айтуын­­­ша, алаяқ­тардың басты ерекшелігі – адам­ның пси­хо­логиясына оңай әсер ете алады.

– Алаяқтар мықты бағдарламашы­лардан гөрі мықты психологтарға көбірек ұқсайды. Ең бірінші кезекте, әрине, бәрі­міз естіп жүрген телефон арқылы жаса­латын шабуылдар тұр. Бірақ олар қазір «картаңыз бұғатталды» деп жай ғана хабарласпайды, нағыз спектакль қояды. Өздерін құқық қорғау органдарының немесе Ұлттық банктің қызметкеріміз деп таныстырып, WhatsApp-қа жалған қызметтік куәліктерін жіберіп, адамды әбден қорқытып тастайды. Адам үрейлен­ген кезде дұрыс ойлау қабілетінен айы­рылады, оларға керегі де сол, – дейді ІТ маман Мейіржан Әуелханұлы.

Оның айтуынша, қандайда бір интер­нет хабарлама келсе, оны саралап, кү­мән­ді емес екеніне толықтай көз жет­кізу қа­жет. Сонда ғана алаяқтарға ұрынбайсыз.

– Біз сияқты мамандар хабарламаның «ішкі құрылысына», яғни қай серверден келгеніне, IP мекенжайына қарап анық­тай аламыз. Бірақ қарапайым қолданушы­ның қолында ондай құралдар жоқ қой, сондықтан ең бастысы – көзбен көріп, мимен саралау. Қарапайым қолданушы бірден байқай алатын ең бірінші белгі – ол сілтеме, яғни сайттың мекенжайы. Алаяқтар түпнұсқаға қатты ұқсайтын, бірақ бір-екі әрпі өзгеше сайттар жасай­ды. Мысалы, kaspi.kz емес, kaspi-bonus.kz немесе kaspibank.com деп өзгертіп қоюы мүмкін. Асығыс адам мұны байқа­май қалады. Екінші белгі – ол «асық­тыру». Егер келген хабарлама сізді «тезде­тіңіз», «қазір жойылып кетеді», «шұғыл» деп ентіктіріп жатса, бірден тоқтаңыз. Банктер немесе мемлекеттік органдар ешқашан сізді дүрліктірмейді, олар ресми түрде, байсалды жазады, – дейді маман.

Рас-өтірігін айыру қиын

Қазақстанда интернет алаяқтықтың көптеген схемасы бар. Халықтың қаржы­лық сауаттылығын арттырып, алаяқтық операцияларға қарсы тұру шараларын күшейткенмен, алаяқтардан айла артыл­май отыр. Мәселен, жақында Threads әлеуметтік желісінде «әскерде зорлан­дым» деген жігіттің жазбасы тарады. Алайда пост авторы бұл оқиғаны ойдан шығарып, сол арқылы халықтың көңілін босатып, ақша жинап алуды ғана көздеген. Ішкі істер министрлігі жігітті ұстап, оның алаяқ екенін дәлелдеді.

«Биыл 23 ақпанда Threads әлеуметтік желісінде белгісіз аккаунт арқылы бір желі қолданушысы әскерде жүргенінде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыра­ғанын және қудалаудан қорқатынын мәлімдеген. Ол бір жыл бұрын әскерден оралғанын, бірақ болған сұмдық оқи­ғаны әлі де ұмыта алмай жүргенін жаз­ған. Пост авторының сөзінше, командирі оны қорқытып, жыныстық сипаттағы әрекет­терге мәжбүрлеген. Жазбада желі қолда­нушыларының назарын аудара­тындай егжей-тегжейлі мәліметтер жа­зылған. Оқиғаның «қорқынышты» тұ­с­тарын баяндай отырып, ол өзіне қар­жылай көмек сұраған, қауіп барын алға тартып, шетелге кету үшін ақша сұрауға мәжбүр екенін жазған», – деп хабарлады полиция.

Астана қаласы Полиция басқарма­сының мәліметінше, жас жігіт өзінің пос­тына ақша аудару үшін банк реквизит­терін жазған екен. Оған ақша аударғысы келген қырағы азамат полицияға жүгініп, шоттың дұрыстығын тексеріп беруді сұраған. Міне, дәл осы кезде алаяқтың өтірігі әшкере болған.

«Жігіт әскердегі зорлық-зомбылық­тан кейін депрессияға түскенін және бұрын­ғыдай қызымен қарым-қатынасын жалғас­тыра алмайтынын жазған. Жедел қызмет­керлерге тек реквизиттер  емес, оқиғаның өзі де күмәнді көрінген. Тексе­ре келе шот 17 жастағы бозбаланың банк картасы екені анықталған. Оның айтуын­ша, хостелде танысқан бұрынғы танысы оған қарызын аудару үшін реквизиттерін сұраған. Сон­дай-ақ өз есепшоттары бұ­ғат­талғанын айтып, басқа аударымдарды қабылдауын өтінген. Бұл заңсыз әрекетке сенген жасөс­пірім жеке деректерін беруге келіскен. Екі күннің ішінде оның есеп­шо­тына 100-ден астам аударым түскен», – деп хабарлады полиция. Сондай-ақ күдіктінің әскери қыз­метке еш қатысы жоқ екені және әскер­де ешқашан бол­мағаны белгілі болды. Қазір күдіктінің үстінен жалған ақпаратты тарату және алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сотқа дейінгі тер­геп-тексеру басталып, сот оны тергеу біт­кенше қамау­да ұстау туралы қаулы шы­ғарған. Мұндай алаяқтық әрекет халықты алдап, қаражат жинау ғана емес, мемлекет­тің ең жоғары абыройы саналатын армия­­ның беделіне нұқсан келтіріп отырғаны сөзсіз.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью