Алда ауқымды істер күтіп тұр

24.01.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

«Қазақстандағы бірлік пен келісімнің бірегей үлгісі конс­ти­туциялық қағидаттарға негіздел­ген. Елімізде билік пен қоғам ара­сындағы қарым-қатынастың қалыптасқан дәстүрі бар. Менің мызғымас ұстанымым – осы құн­дылықтарды сақтап қана қоймай, нығайта түсу қажет», – деді Президент.

Қазақстан халқы Ассам­блея­сының құрылғанына былтыр 30 жыл болды. Осы аралықта Ассам­б­лея өзіне жүктелген міндеттерді толық атқарып шықты десек те болады. Елдегі тұрақтылық пен келісімнің нығаюына Ассамблея мүшелері бір кісідей атсалысты. Басында консультативтік-кеңес­ші орган ретінде құрылған ұйым 2007 жылы конституциялық мәр­тебе алды. Қоғамдық келісімнің өзінше мәні бар құрылымға ай­нал­ғаны да елдің көз алдында.

Қазақстандағы этнос өкілдері елде жүріп жатқан өзгерістердің бел ортасында жүрді. Георгий Прокоп, Юрий Пья, Иван Сауэр, Владимир Розметов, Борис Кня­зев, Алина Соловьева, Вадим Ба­син, Александр Хмелев, Генна­дий Зенченко секілді азаматтар қоғамда өте сыйлы.

Президент Ұлттық құрылтай­дың V отырысында «реформалар­дың жаңа кезеңінде қоғам да­муы­ның барлық мәселесіне қа­тысты тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа немесе биік мінбер қажет. Хал­қымыздың ынтымақ-бірлігін ны­ғайтуға ықпал ететін негізгі қо­ғамдық-саяси бірлестіктер мен құ­рылымдар осы платформаға ке­ліп тоғысуға тиіс. Бұл ретте Қа­зақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи мән-маңызы зор әрі айрықша жауапты миссиялары табысты аяқталды деп санауға болады. Енді жаңа инс­титут ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынамын. Ассамблея мен Ұлттық құрыл­тай­дың қазақ мемлекеттілігін және Қазақстан Республикасының тә­уелсіздігін дәйекті түрде нығайту сияқты міндеттерін осы жаңа ор­­ганға жүктей отырып, страте­гиялық сабақтастықты сақтап қалу өте маңызды деп санаймын. Сонымен бірге Халық Кеңесі бас­қа елдердегі консультативті құ­рылымдардың оң тәжірибелерін ескере отырып құрылатын жаңа мемлекеттік орган болмақ. Оның құрамына барлық этностың, түрлі санаттағы азаматтардың және аймақтардың өкілдері кіреді», – деген ұсыныс жасады.

«Жаңа органның қызметінде қазақ мемлекеттілігін және Қа­зақстан Республикасының тәуел­сіздігін нығайтқан Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай функцияларының стра­тегиялық сабақтастығын сақтау өте маңызды деп санаймын», – деді Президент. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Халық Кеңесі іс жүзінде басқа елдердің кон­суль­тативтік құрылымдарының тә­жірибесін ескеретін жаңа мемле­кеттік органға айналатынын айт­ты. Халық Кеңесіне барлық этнос пен халық топтары мен өңірлерден өкілдер мүше болады.

Қазақстанның Халық Кеңесі елдің ең жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болады. Кеңестің құрамына 126 адам кіре­ді деп ұсынылып отыр: оның 42-сі этномәдени бірлестіктерден, 42-сі ірі қоғамдық бірлестіктерден және 42-сі мәслихаттар мен ай­мақ­тық қоғамдық кеңестерден бо­лады. Халық Кеңесінің барлық мүшесін Президент тағайын­дай­ды, ал төрағаны оның мүшелері сайлай­ды. Халық Кеңесі төраға­сы­ның ротациялық негізде таға­йын­да­латын екі орынбасары, сондай-ақ хатшылық меңгерушісі болады.

«Халық Кеңесіне заң шығаруға бастамашылық ету құқығы бері­луі тиіс. Бұл қадам оның мәрте­бесін айтарлықтай арттыратыны сөзсіз. Жылына кемінде бір рет шақы­рылатын сессия Халық Ке­ңесінің жоғары органы рөлін ат­қарады. Қазақстан халқы Ассам­блея­сының этносаралық және кон­фессияаралық келісім мәсе­ле­леріне қатысты негізгі қызметі Кеңеске беріледі. Ішкі саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу жаңа органның негізгі міндетінің бірі болмақ. Бұл меке­ме мемлекеттік идеологияға қа­тысты мәселелерді, сондай-ақ Конституцияның және еліміздегі өзге де аса маңызды құжаттардың ережелерін түсіндіріп, насихаттау жұмысымен айналысады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының съезін, мемлекеттік маңызы бар басқа да гуманитар­лық форумдарды өткізу де Ке­ңестің құзыретіне кіреді. Халық Кеңесінің мәртебесі мен оны құру тәртібі Конституцияның арнайы бөлімімен және конституциялық заңмен реттеледі», – деп бәрін байыптап түсіндірді.

Қазіргі әлемде этномәде­ниет­тер­дің өзара әрекеттестігі мен өзара ықпалдастығы айрықша мәнге ие. Жаһандану жағдайында этностардың дамуы үнемі назар аударуды қажет етеді. Осы ретте әлемнің 47 мемлекетіне таралатын «Достық-Дружба» журналы, төрт телеарна, бес телебағдарлама, се­гіз радиобағдарлама, тоғыз рес­пуб­ликалық басылым, жүзден ас­там электронды ақпарат құралы достық пен бірліктің насихат­шылары болуы тиіс. Ассамблея жанынан құрылған этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі кеңестің жұмысын жандандыру да маңызды.

Бүгінде Қазақстанда этнос­аралық бірегейлікті сақтай оты­рып, барлық этностардың тең мә­дени дамуы мен өзін-өзі жүзеге асыруын қамтамасыз ететін қа­ғи­даттар негізінде этносаралық және мәдениетаралық өзара іс-қи­мылды жүзеге асыру өте ма­ңызды.

Осы орайда этносаралық тұ­рақтылықты сақтау мемлекеттік сая­саттың негізі екені анық. Ұлт­аралық келісімді сақтау, қазақ халқы мен елімізде тұратын этнос өкілдерін өзара құрметтеу үрдісі жалғаса беруі тиіс.

Елдегі ұлттық қатынастарды одан әрі үйлестіру, қоғамдық ке­лісім мен жалпыұлттық бірлік са­ласындағы мемлекеттік сая­сатты қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың тиімді жүйесін әзір­леу және іске асыруға аса мұқият қараған абзал.

Бұл міндетті шешу үшін қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін кеңінен орнықтыру қажет-ақ. Мемлекет басшысының «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіндегі деңгейі көтеріліп ке­леді. Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыты келді. Бұл үшін барлығымыз жұ­мыла әрекет етуіміз қажет», – де­ген сөзін негізге алып, жұмыла жұмыс істеуіміз керек.

Әр үйдің қандай екенін оның ауласынан, табалдырығынан-ақ бай­қауға болады. Мемлекет бас­шысы ұсынған «Таза Қазақстан» акциясы да тап солай. Балаларды жастайынан тазалыққа үйрету күні ертең олардың елге жанашыр, мейірімді, қамқор азамат болып өсуіне тікелей ықпал етеді. Өйт­кені Президент бірнеше мәрте атап өткендей, бәріміз де Әділетті, Қауіпсіз және Таза Қазақстанда өмір сүргіміз келеді.

Сондықтан Қазақстанның Халық Кеңесі елдің ең жоғары консультативтік органы мәртебе­сіне ие болатыны айқын. Алда Мем­лекет басшысының алға қойған міндеттерін мүлтіксіз орындау күтіп тұр.

Нұртөре ЖҮСІП,

сенатор

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью