Алдымызда толыққанды цифрлық мемлекет құру міндеті тұр Тоқаев

30.06.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«Төртінші. Алдымызда толыққанды цифрлық мемлекет құру міндеті тұр.

Сіздерді тыңнан түрен салып, цифрлық дәуірге жол ашқан депутаттар деуге болады. Біздің елімізде болсын, әлемде болсын – жалпы еш жерде жасанды интеллектіні заң тұрғысынан реттейтін дайын үлгі немесе тәсіл болған жоқ.

Соған қарамастан, сіздер еліміздің осы саладағы өсіп-өркендеуіне берік негіз болатын тиімді құқықтық жүйені құруға елеулі үлес қостыңыздар. Мен Мемлекет басшысы ретінде мұны жоғары бағалаймын.

Жаңа Конституция азаматтардың киберкеңістіктегі дербес деректерін қорғауға кепілдік береді. Бұл – Цифрлық Қазақстанды құрудың негізгі алғышарты.

Қазақстан мүлдем жаңа сипаттағы Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» Заң қабылдаған жаһандағы алғашқы елдердің бірі.

Бұл қадам толыққанды Цифрлық ел болу үшін заманауи инфрақұрылымдық негіз қалыптастыруға мүмкіндік берді. Біз қазірдің өзінде осы жұмыстың нақты нәтижесін көріп отырмыз.

Бүгінде еліміз «Үкіметтің жасанды интеллектіге дайындық индексіне» сәйкес Орталық Азияда алдыңғы қатарда тұр. Бірақ, бұл – үлкен жолдың басы ғана.

Алдағы ауқымды жұмыстың негізгі бағыт-бағдары «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясында айқындалды. Мен бұл құжатты маусым айының басында бекіттім.

Біз жасанды интеллектіні экономиканың барлық негізгі саласына енгізіп, мемлекеттік басқарудың сапасын түбегейлі жақсартуымыз керек. Осы бағытта алғашқы маңызды шаралар қолға алынды.

Мен қаңтар айында банк қызметі саласына қатысты жаңа заңдарға қол қойдым. Сол арқылы цифрлық қаржы активтерін айналымға енгізудің нақты шарттары айқындалды.

Сондай-ақ менің тапсырмаммен еліміздің құқықтық негізін жүйелеп, толыққанды жаңғыртуға мүмкіндік беретін Реттеу жөніндегі интеллект орталығы құрылды. Бұл қадам кәсіпкерлердің жұмысын едәуір жеңілдетпек.

«Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін «e-Government Business» экожүйесін дамыту арқылы бизнес үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік туады»,-дейді ол.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью