Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Жарыстың 3-ракеткасы А.Бублик ширек финалда дүниежүзілік рейтингіде 37-орында тұрған испаниялық Хауме Мунармен кездесті.
Тартысты матчта бірінші сетте қазақстандық теннисші басым болды — 6:4. Екіншісінде испаниялық спортшы тай-брейкте қарымта қайырды — 7:6 (7:4).
Үшінші, шешуші партияда матч тағдыры тай-брейкте шешілді. Бұл жолы Бублик есесін жібермеді — 7:6 (7:3).
Екі сағат 43 минутқа созылған бәсекеде А. Бублик 10 эйспен қатар 6 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды. Мунар 8 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды.
Осылайша, қазақстандық теннисші спорттық жолында алғаш рет Роттердам жарысының жартылай финалына жолдама алды. Ол финалға шығу үшін әлемнің 6-ракеткасы, канадалық Феликс Оже-Альяссиммен таласады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 84-ракеткасы Александр Шевченко По (Франция) челленджер турнирінің жартылай финалынан тыс қалды. Ол ширек финалда рейтингіде 282-сатыдағы германиялық Генри Сквайрға есе жіберді — 7:6 (7:5), 6:7 (6:8), 6:7 (4:7). Бұл матч 2 сағат 26 минутта аяқталды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның қатарынан екінші турнирде финалға шыққанын жазған едік.