Әлем басшылары Израиль мен Ливан арасындағы бітімге қалай үн қатты

17.04.2026

Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерреш Израиль мен Ливан арасындағы атысты тоқтату мерзімін ұзарту туралы шешімді құптап, келісімге қол жеткізуде АҚШ маңызды рөл атқарғанын атап өтті.

— Бұл шешім қақтығысты ұзақ мерзімде реттеу жөніндегі келіссөздерге жол ашып, өңірде берік әрі жан-жақты бейбітшілік орнатуға ықпал етеді деп сенемін. Барлық тарапты бітім талаптарын толық сақтауға және халықаралық құқық нормаларын қатаң ұстануға шақырамын, — деп жазды Антониу Гутерреш.

Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен де келісімді құптап, оны «жеңіл тыныс алдырған жаңалық» деп бағалады. Оның айтуынша, қақтығыс салдарынан гуманитарлық жағдай күрт нашарлаған.

— Қазір бізге уақытша үзіліс қана емес, тұрақты бейбітшілікке бастайтын нақты жол қажет. Еуропа Ливанның егемендігі мен аумақтық тұтастығының толық сақталуын талап етуді жалғастырады. Сонымен қатар Ливан халқына ауқымды гуманитарлық көмек көрсетуді де жалғастырамыз, — деді Урсула фон дер Ляйен.

Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта бұл келісімді «өте жақсы жаңалық» деп бағалап, ендігі негізгі міндет — оның толық орындалуын қамтамасыз етіп, сақталуын қадағалау екенін айтты.

— Израиль мен Ливан нақты нәтижеге жеткізетін мазмұнды келіссөздерге көшуі аса маңызды. Бұл екі ел халқының мүддесіне сай келеді әрі тұрақты бейбітшілікке жол ашады. Еуропалық одақ Ливанды қолдауды жалғастырады. Елдегі тұрақтылықты қалпына келтірудің ұзақ мерзімді жолы — мемлекеттің қарулы топтарды қарусыздандыру бағытындағы өкілетін күшейту, — деді Антониу Кошта.

Канада Сыртқы істер министрі Анита Ананд Оттава атысты тоқтату туралы шешімді шиеленісті бәсеңдетуге жасалған маңызды қадам ретінде құптайтынын мәлімдеді.

— Бұл — жағдайды ушықтырмауға бағытталған маңызды шешім. Адам шығынының алдын алу үшін барлық тарап бітім талаптарын толық сақтап, оны нақты орындауы керек. Канада Ливанның егемендігін, аумақтық тұтастығын және мемлекеттік институттарын қолдайтынын тағы да растайды. Біз өздері қаламаған қақтығыстың зардабын тартып отырған бейбіт тұрғындармен біргеміз. Канада алдағы уақытта да азаматтық халықты және азаматтық инфрақұрылымды қорғауды, сондай-ақ өңірлік тұрақтылықты нығайтуды қолдай береді, — деді Анита Ананд.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Сыртқы істер министрлігі келісімге қол жеткізуге негіз болған дипломатиялық күш-жігерді жоғары бағалап, халықаралық үйлесімді іс-қимылды жалғастырудың маңызын атап өтті.

— Жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеу және оның өңірдегі гуманитарлық әрі қауіпсіздікке қатысты салдарын болдырмау үшін халықаралық деңгейдегі тиімді үйлестіру аса маңызды. Бұл қадам ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолындағы бетбұрыс кезеңі саналады. Сонымен қатар Біріккен Араб Әмірліктері Ливанның бірлігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына қолдау білдіру ұстанымын тағы да растады. Біз бауырлас Ливан халқына қауіпсіздікке, тұрақтылыққа, дамуға және өркендеуге ұмтылыс жолында қолдау көрсетуді жалғастырамыз, — делінген мәлімдемеде.

Португалияның Сыртқы істер министрлігі атысты тоқтатуды тұрақтылыққа бастайтын маңызды қадам деп бағалады.

— Бұл — Ливан халқының ауыр зардабын тоқтатуға және Таяу Шығыста тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған шешуші қадам. Барлық тарап келісімді сақтап, осы мүмкіндікті Ливанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын толық құрметтей отырып, берік бейбітшілікке ұластыруы аса маңызды, — деп мәлімдеді министрлік.

Өз кезегінде Иорданияның Сыртқы істер және эмигранттар істері министрлігі бұл хабарламаны құптап, Ливанның егемендігін қолдайтынын растады.

— Министрлік мәлімдемесінде Иорданияның Ливанның бүкіл аумағына мемлекеттік бақылау орнатуына және егемендігін нығайтуына толық қолдау білдіретіні айтылған. Сондай-ақ қару-жарақтың тек мемлекеттің қарамағында болуына, ұлттық институттардың жұмысын жандандыруға, жүргізіліп жатқан реформаларды жалғастыруға, ел ресурстарын сақтауға, сондай-ақ Ливанның қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуге қолдау көрсетілетіні атап өтілді, — делінген мәлімдемеде.

Оман мен Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрліктері де атысты тоқтату туралы хабарламаны құптап, оның талаптарын сақтау маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ келісімге қол жеткізуде дипломатиялық күш-жігердің рөлін жоғары бағалады.

Материалдың ағылшын тіліндегі түпнұсқасын осы сілтеме арқылы оқуға болады.

Еске салайық, 16 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Ливан арасында 10 күндік бітім жариялағанын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью