Әлем чемпионы Ұлттық ұлан сарбаздарына таэквондодан тәлім беріп жүр

04.05.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Әлемдік ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген таэквондо шебері қатардағы Максим Тин бүгінде тек спорттағы жетістіктерімен ғана емес, әскери ортадағы ерекше бастамасымен де көзге түсіп жүр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6505 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтей жүріп, ол қаруластарына таэквондоны үйретуді қолға алған.

Бала кезінен қалыптасқан тәртіп, еңбекқорлық және жеңіске деген жігерін Максим енді өзімен бірге қызмет етіп жүрген қаруластарына дарытып келеді. Бос уақытында ол арнайы жаттығулар өткізіп, бөлімдегі жауынгерлерге таэквондоның негізгі әдіс-тәсілдерін үйретеді. Бұл тек спорттық машық емес — жауынгерлердің физикалық дайындығын арттырып қана қоймай, рухани шынығуына, тәртіп пен өзіне деген сенімділіктің қалыптасуына да ықпал етеді.

Максимнің айтуынша, таэквондо — тек жекпе-жек өнері емес, ол өмірлік философия. Сондықтан ол қаруластарына тек соққы жасауды емес, сабыр сақтауды, қарсыласқа құрметпен қарауды және кез келген жағдайда өзін бақылауды да үйретеді. Осындай жаттығулар сарбаздар арасында үлкен қызығушылық тудырып, бөлім ішінде салауатты өмір салтын насихаттаудың тиімді құралына айналған.

Халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген спортшы үшін бұл бастама — өзінің тәжірибесімен бөлісудің, елге қызмет етудің тағы бір жолы. Қаруластары да Максимді тек чемпион ретінде емес, нағыз көшбасшы, тәлімгер ретінде бағалайды.

Осылайша, Максим Тин әскери қызмет пен спортты үйлестіре отырып, өз айналасына мотивация сыйлап, нағыз жауынгерге тән қайсарлық пен рухты қалыптастыруға үлес қосып келеді.

Айта кетейік, ол 2016 жылы Алматыда өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанып, 2018 жылы Ұлан-Батырда бұл жетістігін қайталады. 2019 жылы Болгарияның Пловдив қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлде иеленсе, 2021 жылы Беларусь елінде өткен әлем чемпионатында алтын және қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, 2023 жылы Кореяда өткен Әлем кубогында топ жарып, 2025 жылы Шымкентте өткен Азия кубогында да жеңіс тұғырынан көрінді.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью