Әлемде дербес деректер қалай қорғалады?

27.01.2026

Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Әлемде цифрлық қауіп артты. Таяуда ғана 150 млн адамның логині мен құпиясөзі интернетке тарап кетті.

Ал бұл - алаяқтардың негізгі жемі. Мұның алдын алу үшін қайтпек керек? Әлем елдері дербес деректерді қалай қорғайды? 

Гонконгта дербес деректерді қорғау туралы заң осыдан 30 жыл бұрын күшіне енді. Содан бері құжатқа бірнеше рет түзету енгізілген. Бірақ басты қағидасы өзгерген емес. Ең алдымен адамның жеке өміріне қол сұқпау туралы құқығы қорғалуға тиіс. Яғни дербес деректер оның иесінің келісімі негізінде ашық жолмен жинақталуы керек. Заңды белден басқандарға 130 мың долларға дейін айыппұл салынады. Тіпті қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін. 5 жылға дейін түрме  жазасы қарастырылған. Сондай-ақ Гонконгта дербес деректері бөтеннің қолына өткен азаматтар сотқа шағымданып, қаржылай өтемақы талап етуге құқылы.

Еуроодақ елдерінде де жаза қатаң. Дербес деректер тарап кетсе, компанияның жылдық табысының 4 пайызы мөлшерінде  айыппұл салынады. Бұл сома 20 млн еуроға дейін жетуі мүмкін. Қарт құрлықта дербес деректерді қорғау туралы заң 8 жыл бұрын күшіне енді. Құжатта компанияларға қатаң талап қойылған. Егер қауіпсіздік бойынша тексерістен өтпесе, оның сервисі іске қосылмайды. Еуроодақ азаматтарының жеке мәліметтерін пайдаланатын әлемдегі кез-келген компания осы заңға бағынуға тиіс.

Сондай-ақ қарт құрлық елдері заң жүзінде кепілдік берілсе, дербес деректердің өзге елде сақталуына рұқсат береді.

Ал Үндістанда керісінше дерекқор осы елдің өзінде сақталуға тиіс. Сондай-ақ компаниялар дербес деректердің тарап кеткенін уақытылы хабарлауға міндетті. Өйтпеген жағдайда 24 млн доллар айыппұл арқалайды. Бұдан бөлек, балалардың жеке мәліметтерін қорғау тетіктері де қарастырылған. Елде цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін арнайы мекеме жұмыс істейді. Ол - Дербес деректерді қорғау жөніндегі кеңес деп аталады. Десе де кейінгі жылдары  алаяқтар айылын жияр емес. Сондықтан сарапшылар: «Ең алдымен азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет», - деп санайды.

Авторы: Зайнұр Байжігіт

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью